Қызылорда облысында қуатты өндіріс орнының бірі – «СКЗ-U» ЖШС. Жаңақорған ауданы Кейден ауылының маңына орналасқан. Зауыт 2007 жылы Қазақстан, Канада және Жапония мемлекеттері компанияларының құрылтайшылығымен құрылса, 2011 жылдан бері жоспарлы өнім шығарып келеді. Үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған озық технологиялы өндіріс үлкен әлеуетке ие. Зауыт «Қазатомпром» АҚ-ға қарасты уран өндіретін кәсіпорындарды күкірт қышқылымен қамтамасыз етеді. Оның қуаттылығы жылына 500 мың тонна. Өндіріс орны жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтумен қатар, салық төлемдерін бюджетке салуда да ауқымды үлесі бар.
Кәсіпорын 270 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 170-і жергілікті тұрғындар. Зауыт күкірт қышқылын өндіру технологиясы бойынша қалдықсыз жұмыс жасауды мақсат етеді. Яғни, шикізатты өнімге айналдыру көлемі 99,9%-і құрайды.
«СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылымен қоса электр энергиясын да өндіреді. 2013 жылы зауытта өнім өндіріле бастағаннан электр энергиясына деген сұраныс артып, нәтижесінде зауыт сағатына 420 кВт-тық өзінің күн электр станциясын іске қосады. Бүгінде аталған электр энергиясы серіктестіктің жұмысшылар тұратын қалашығын толықтай жарықпен қамтамасыз етіп отыр.
Серіктестік ел экономикасына үлес қосумен бірге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де жүзеге асырудан қалыс қалмайды. Қажетті жағдайда қайырымдылық, демеушілік шараларына қатысуда белсенділік танытады. Мәселен, серіктестік бұл бағыттағы шараларға жылына 20-30 млн теңге қаржы жұмсап отырады екен. Сондай-ақ, зауыт орналасқан Кейден ауылында скважина қазып, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуде. Ауылдың аяқ су мәселесін шешуде де нақтылай жұмыс бар. Мұнымен қоса, жыл сайын «Мектепке жол» акциясында тұрмысы төмен отбасы балаларын тиісті мектеп құралдарымен мереке күндері арнайы сыйлықтармен, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерін қаржылай сыйақымен қамтамасыз етуді ұмытпайды. Жұмысшыларының өміріне жауапкершілікпен қарайтын серіктестік басшылығы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына мән береді. Әлеуметтік пакетке толықтай медициналық сақтандыру енген. Мұнымен қоса, зауытта күн сайын қызметкерлердің денсаулығын қадағалайтын тұрақты медициналық пункт жұмыс жасайды.
Кәсіпорын басшылығы аудан ардагерлері мен жақын маңдағы елді мекен тұрғындарының өкілдерімен жүздесіп отыруды дәстүрге айналдырған. Жуырда аталған серіктестік басшылары мен аудан ардагерлері және де Өзгент, Кейден, М.Нәлібаев атындағы ауылдық округінің әкімдері мен ақсақалдар кеңесінің төрағалары кездесіп, пікір алысты.
«СКЗ-U» ЖШС-ның әлеуметпен байланыс секторының меңгерушісі Сәулебек Дүйсебеков және кездесуге арнайы шақырылған техника ғылымдарының докторы, академик Бірлес Алияров хабарлама жасады. Экологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, ғылым докторы Аманкүл Ақбасова да залалсыз өнім өндіру барысында ой бөлісті.
Ардагерлер Алшынбай Тұртанов, Зинабдин Шермағанбетов, Өзгент ауылының тұрғыны Анарбек Дүйсенов, Кейден ауылдық округінің әкімі Бақтияр Тоқтыбаев және басқалар өз пікірлерін білдірді. Олардың басты алаңдаушылығы – зауыт жұмысының табиғатқа залалсыздығы туралы өрбіді. Жергілікті жастарды заманауи мамандықтарға оқытып, өндіріске тарту туралы да айтылды. Соңынан өндіріс орнының алаңдары мен цехтарын аралаған ардагерлер көкейдегі көп сауалға жауап алғандай болды.
– Тәжірибе алмасу мақсатында шетелдердегі осындай зауыттардың жұмыстарымен танысуды қалыптастырғанбыз. Сонда байқағанымыз, біздің отандық өндіріспен шұғылданатын зауытымыз жаңа технологияны игеруде ешқайсысынан қалыс қалмайтындығын аңғардық. Ең бастысы – ел азаматтары өндірістегі тың мамандықтарды игеруде жақсы талап көрсетуде, – дейді зауыттың бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Мәдіхан Бекжанов.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.