АТ ТҰЯҒЫН ТАЙ БАСАР

Мақаламызды осылай бастауымыздың мәнісі бар. Әңгімеміздің кейіпкерлері – спортшылар әулетінің мүшелері. Ағайынды Берік, Мұқағали Сансызбаевтардың есімдері аудан тіпті облыс жұртшылығына жақсы мәлім. Ал, олардың әкесі Серік ағамыз футбол десе, ішкен асын жерге қоятын, майталман спортшы еді. Амал жоқ, өткен шақпен сөйлеуге мәжбүрміз. Сәкең өмірден ерте кетті. Алайда, оның сүйікті кәсібін көзінің қарашығындай қос құлыны жалғастырып келеді. Әрі табыссыз емес.

Кезінде Серіктің атағы шебер аяқдопшы, білікті бапкер ретінде көпке танылды. Ақжарқын мінезді, кез келген адаммен тез араласып кететін сом тұлғалы жігіт ағасын жасыл алаңда жолықтырсаңыз, танымас едіңіз. Теңбіл допты шыр көбелек ойнатқанда айран-асыр қалдыратын. Ауыр салмағына қарамастан, құлындай бұлдыраңдап қарсыластарын оп-оңай алдап кететін. Шірене тепкенде қақпаның торын қақыратып жіберердей көрінетін. Айбатты-ақ. Ойын тәсілін де шебер құратын. Қазалыда, Атырауда футбол командасын жаттықтырды. Об­лыс көлемінде аяқдопшы қыз­дар­дың командасын тұңғыш ұйымдастырған да Серік Сансызбаев десек, ешкім таласа қоймас.

Сәкең өмірден озғанда оны білетіндер қатты қиналды. Бірақ... Жақсының аты өлмейтіндігіне үміт артты. Халық – құдайдың бір аты. Түйсіктері алдамапты. Берік пен Мұқағали әке жолын қуды. Өткен жыл­дың қоңыр күзі еді. Аудандық дене шы­нықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлыбек Есбосынов хабарласты. Ай­туынша, футболдан қыздар арасындағы республика чемпионатында облыс аты­нан сынға түскен қазалылық қарын­дастарымыз қола жүлдені иеленіпті.

– Жаттықтырушысы Серік Сан­сыз­баевтың ұлы – Берік ініміз. Вокзалға кү­тіп алуға бара жатырмыз. Бірге жүр­геніңіз жөн болар еді, – деген Нұр­лыбектің дауысынан толқу сезілді. Бар­дық. Құшақтары гүлдестесіне толы спорт­шылардың да, жаттықтырушының да, жұртшылықтың да қуанышында шек жоқ. «Жігер» командасының бапкері Беріктің маңдайынан өптік. Санамызға Сәкеңнің бейнесі оралды. Бүгін тағы қоңырау шалдым. Берік Байқоңыр қаласында жарыста жүр екен. Олжасыз емес көрінеді. «Байқоңыр» кубогын жеңіп алыпты. Мұқағали да іссапарға кетіпті. Ақ жол тіледік.

Нақты кезеңде Берік Сансызбаев №17 спорт мектебінде жаттықтырушы қызметін атқарады. Бас-аяғы 60-қа тарта ұланға спорттың патшасы саналатын футбол жайлы дә­ріс береді. Оның тағылымын сіңіргендердің арасында Шымкенттің «Қыранында», «Қайсардың» жастар тобында өнер көрсетіп жүрген саңлақтар бар. Інісі Мұқағали болса, №249 мектеп-лицейде жаттықтырушы болып еңбек етеді. Екеуі де спорт шебері. Бәлкім, «әкеден ұл туса игі» деген ұғым осыдан қалған шығар.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

ҚОҒАМ 12 мамыр 2014 г. 1 040 0