Ауылдағы аудармашы

Бақтияр Мырзашев Сырдария ауданының Сәкен Сейфуллин ауылында тұрады. Музыкант болып талай жыл мәдениет саласында еңбек етті. Алайда, соңғы жылдары әлем әдебиеті өкілдерінің шығармаларын аударумен айналысып жүр. Бақтияр аға бізге бұл әуестігінің қалай басталғанын айтып берді.

– Бір күні қалада оқитын қарындасым орысша кітап әкеп беріп, «осыны қазақ тіліне аудару керек» деді. Екі тілді қатар білемін. Қиын ештеңесі жоқ, көмектестім. Арада көп жыл өткенде аудармаға қызы­ғу­шылығым қайта оянды. Өзім­ді сынап көргім келіп белгілі жазу­шылардың әңгімелерін бір­тін­деп қазақшалай бастадым, – дейді ол.

Баяғының адамы, оқыған дү­ниелерінің ішінен өзіне ұна­ғандарын қағазға қолмен тү­сіріп жүрді. Қалың дәптердің сыр­тына тағы «үй ішіндегілер ғана оқуы тиіс» деп «мөр со­ғып» қойды. Бірақ сол үй ішін­дегілердің бірі – қызы Дана бол­мағанда көз майын тауысып жазған еңбегі тасада қала беретін еді.

– Француз жазушысы Прос­­пер Мерименің «Маттео Фаль­коне» атты новелласын ау­дарғанмын. Қызым маған айтпай соны Қызылордадан шы­ғатын республикалық «Халық» газетіне апарып өткізіпті. Редак­циядағылар оқып-танысқаннан кейін «мынауың дап-дайын дүние ғой» деп екі нөмірге жариялап жіберген. Мен үшін бұл күтпеген сый болды, – дейді Бақтияр аға.

Нағыз тосын сый оны алда күтіп тұрған еді. Дана әке­сі­нің азды-көпті еңбегін жи­нақ­­тап, баспаханаға ұсын­ды. Оны­сы биыл жазда «Әлем әде­биетінің таңдаулы шы­ғар­­малары» деген атпен кі­тап болып жарыққа шықты. Ауыл­­дағы №137 орта мектеп ұжы­мы еңбектің тұсаукесерін жа­сап, оқушыларды ағаның шы­ғармашылығымен таныс­тыр­ды. Балалар өнер көрсетіп, сұрақтарына жауап алды. Кеш ұйымдастырушылары жер­лес­терінің иығына шапан жауып, «Тіл жанашыры» номинациясын тапсырды.

Бұл кітапта Джек Лондон, Антон Чехов, Иван Бунин, Василий Шукшин, Ги де Мопассан, Разипурам Нарайан, Прос­пер Мериме сияқты шетелдік әдебиет өкілдерінің туындылары көркем тілмен кестеленген. Автордың аударма жасаудағы бар ойы – қазақ оқырманына қызмет ету. Шын мәнінде, оған көркем әдебиет бөтен емес.

– Жасы жетпіске таяп қалса да әкем әлі күнге дейін жата-жас­­танып кітап оқиды. Бұл – оның бала күннен бергі әдеті. Соң­ғы жылдары белгілі жазушы­ларды қазақша «сөйлетіп» жүргенін байқап қалып, еңбегін топтас­тырып, оқырманға ұсынғанды жөн көрдім, – дейді қызы Дана.


Назерке САНИЯЗОВА.

ҚОҒАМ 30 қазан 2018 г. 598 0