Күннің салқындап, ауа райының құбылуы түрлі жұқпалы аурулардың өршуін қоздырады. Әсіресе, тұмау мен жедел респираторлы-вирусты инфекциясы үшін қолайлы кезең. Сондықтан аурумен күрес шараларын қолға алу маңызды болмақ.
Облыс көлемінде 1 қазаннан бастап жылдағы дәстүр бойынша тұмау мен жедел респираторлы-вирусты инфекциясына қарсы егу жұмыстары жүргізілуде.
Егу жұмысының барысын білу мақсатында қаладағы ең ірі емдеу, алдын алу мекемесінің бірі – №3 емхана мамандарымен хабарласқан едік.
Белгілі болғанындай, мұнда биылғы жоспарға сай 6500 доза вакцина бөлініп, 1-5 қазан аралығында 2115 адамға екпе жүргізілген. Мамандар егу науқанының бірінші желтоқсанға дейін жалғасатынын айтты. Сондай-ақ, тұмау жыл сайын түрін өзгертіп отыратындықтан, оған қарсы егілетін препараттардың күші бір жылға дейін әсер етеді екен. Сонымен қатар, шығарылған күннен бастап бір жылға дейін жарамды. Жалпы дәрігерлер, тұмауға қарсы егілген адам егер ауыра қалса инфекция жеңіл өтетінін, асқынулардың азаятынын айтады. Бүгінде тұрғындарға Ресейдің «Гриппол» вакцинасы егілуде.
Жалпы, биылғы маусымға облыс бойынша 66,5 млн теңге бөлініп, 88300 доза вакцина сатып алынды. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 3,4 есеге артық. Яғни, 2017-2018 жылғы эпидмаусымда 19,4 млн теңгеге 21666 доза вакцина алынған болатын.
Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу мақсатында емханада бірқатар шаралар қолға қолынған. Мәселен, мұнда дене қызуы көтерілген, аталған ауру түрлеріне тән белгілері бар науқастарды арнайы «фильтр» кабинетінде бөлек қабылдау жүргізіп, әр сағатқа бөлінген кесте бойынша дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп, ем тағайындайды. Медицина қызметкерлерінің жеке бас гигиенасын сақтау үшін сұйық сабынмен, шынтақ дозаторымен, салфеткамен, бір реттік бетперде және қолғаптармен жеткілікті қаматамасыз етілген. Емхана тарапынан ЖРВИ және тұмаумен науқастанғандарды ерте анықтау, уақытылы есепке алу мақсатында кіреберіс есік алдында орналасқан анықтамалық бөлім медбикесі әрбір қаралушыдан аталған ауруларға тән белгілердің бар-жоғын сұрап, егер қандай да бір шағымы болса, бірден бірреттік бетперде беріп, фильтр кабинетіне жолдайды және сол жерде барлық емдеу-сауықтыру шаралары жүргізіледі.
Мамандар аталған аурулардың белең алатын уақытын қазаннан басталып сәуір айының аяғына дейін жалғасатынын айтады. Мұны медицина тілімен айтқанда эпидемиологиялық маусым дейді. Ал қаңтар айынан басталып ақпанның аяғына дейінгі аралықта аурушаңдық өршиді деп болжануда. Ендеше алдын алған абзал.
Айнұр Батталова,
"Сыр бойы".