ЖАСТАЙ БЕРГЕН ТӘРБИЕ – ЖАС ШЫБЫҚТЫ ИГЕНДЕЙ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көргелі екінші жылды еңсеріп келеміз. Бұл бағдарламалық мақаланың бір тармағы «Тәрбие және білім» деп аталғаны осы бағытта атқарылатын жұмыстардың ауқымын айқындап тұрғандай. Аталған тақырып, ең алдымен, әл Фарабиден бүгінге жеткен «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзін еске түсірді. Екіншіден, фашистік концлагерьде зардап шеккен қарт ұстаздың жас әріптестеріне жазған хатын ойға оралтты. Хатта «Мен адам баласы көрмеуі тиіс сұмдықтарға куә болдым. Ғалым-инженерлердің газ камераларын құрғанын, жоғары кәсіби білікті дәрігерлердің бейкүнә сәбилерді улап, тәжірибе жасағанын көрдім. Сондықтан, әріптестерім, сіздерден балаларға қандай жағдайда да адам болып қалуға көмектесулеріңізді өтінемін. Олардың арасынан айуан оқымыстылар мен жаттықтырылған баскесерлер шықпауы тиіс» деп жазылыпты. Білім тәрбиемен қатар қанат қаққанда ғана толық адам қалыптасатынын көпжылдық тәжірибемнен түйдім.
«Рухани жаңғыру» – аты айтып тұрғандай, ұдайы жетілдіріліп отыруды қажет ететін, қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған бағ­дарлама. Кешегі жаңалықты бүгін тарихқа айналдыратын ақпараттық дәуірде өмір сүріп жатқандықтан, мұны қазіргі күннің шындығы деп қабылдаймыз. Соған сәйкес жуырда «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының архитектурасы, сананы жаңғырту шарттары, индикаторлары және көрсеткіштері өзгертілді. Бұл – жобалық технология болғандықтан, оның нақты мақсаты, алынатын нәтижесі бар. Бір реттік шара емес, қо­ғам­­дық сананы жетілдірудің күр­­делі мәселелерін кезең-ке­зең­­мен шешуді ұсынады. Ша­ра­­ларға қатысушы мақсатты топ­тар айқындалған. Білім беру ұй­­ым­дарындағы тәрбие жоспа­рының негізгі өзегі  «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасымен ұш­тасып жатуы керек. «Тәрбие жә­не білім» тармағы арқылы ат­қа­рылатын жұмыстардың бас­қаларға қарағанда көбірек болуы халықтың үштен бірінің мек­теп, жоғары және арнаулы оқу орын­дарының партасында отыр­ған­дығынан болса керек.  Тағы бір айта кетерлігі, аталған кіші бағ­дарлама бойынша жұмыс істеу оң­тайланды. Тек мұғалімнің интел­лекті, баланы сендіре алатын қа­сиеті болуы керек.    
«Тәрбие және білім» кіші бағ­дарламасы «Туған жер» арнайы жобасы аясында атқарылатын «Өлкетану», «Отаным – тағ­ды­рым», «Саналы азамат» кіші жобаларын, «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында «100 жаңа оқу­лық» кіші жобасын, «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» арнайы жобасы аясында латын әліп­биін енгізу кіші жобасын қамтиды.
Осы базалық бағытты іске асы­рудың тағы да 20 респуб­ликалық кіші жобасы бар. Олар арқылы аймақтық жобаларға жол ашылады. Бұл аймақта қолға алынатын істердің ауқымы кеңейе беретінін айғақтаса керек. Бағдарлама бойынша атқарылатын шара­лардың мән-мағынасы мен мазмұны, ең алдымен, «Бәсекеге қабілеттілік» принципіне негізделуі тиіс. Өйт­кені алдына 30 озық елдің қата­рына қосылу мақсатын қой­ған елде жас ұрпақ үздікке ұмтылу, жақ­сылыққа жету, жаңа­лықты ти­імді қабылдай білу, қата­рынан қа­лыспау тұрғысынан тәрбие­ле­неді. Бұл ретте «Алтын қазына», «Да­рынды ұрпақ – ел болашағы», «Да­рындылар елі», «Ұлы баста­ма­ларға алғашқы қадам» сияқты ба­ғыттар белгіленген.
Оқушылардың түрлі деңгей­дегі шы­ғармашылық және зият­керлік кон­курстарға қатысуы, одан үздік нәтиже көрсетуі жыл­дан-жылға жоспарлы түрде ар­туы тиіс. Қазір нақты жос­пар бар. Мәселен, 2020 жылға дей­ін жеңімпаз оқушыларды 20 процентке жеткізу мақ­саты айқын­далған.    
Одан әрі прагматизм прин­ципін орнықтыру үшін «Бизнес», «Ұлы дала жастары», «Ма­ман­­дықтар әлемі» деп атала­тын бағыттар бойынша жұмыс істеу ұсынылып отыр. Балаға биз­нестің әліппесін үйрету мектеп партасынан қолға алыну керектігі қазір жаңалық емес. Ал мамандық таңдауға дұрыс бағыт беру бәрінен де биік тұруы тиіс. Зерттеулерге қарағанда, алдағы онжылдықта адам қолымен атқа­рылатын бірталай жұмысты жасанды интеллект, яғни роботтар жасайтын болады. Сол кезде ең­бек нарығының сұранысына сай мамандық таңдаған, болашақтың ма­мандығына бейімделген адам­дар ғана жұмыс табады. Бұл – төртінші индустриялық револю­цияның жаңа талабы.  
Демек мектептен бастап жо­ғары оқу орындарында  түрлі әлеуметтік-экономикалық, бизнес жоспарларды жасау конкурстарына,  стартаптарға қатысу, өзін-өзі, ойлау қабілетін жетілдіру, жобалау машығын қалыптастыру қажеттілігі артады. Осылайша праг­ма­тикалық қабілеті жетілген балалардың қолын­да бірнеше оқу орнының грантын жеңіп ал­ғаны туралы сертификат­тары бо­лады. Бұл қасиеттер өзінің мүм­кіндіктері мен уақытын тиім­ді пайдалана білетін және бола­шағына сеніммен қарайтын әрбір жет­кіншектің бойынан табылса, ұтылмаймыз.    
Сол сияқты «Білімнің салтанат құруы» принципін іске асыру үшін «Ұстаз – өзгерістер елшісі», «100 жаңа оқулық», «Кітап – білім бұлағы»  сияқты тармақтар айқындалған. Мұндайда кәсіби бағдарлау, түрлі үйірмелер, сала­лық, халықаралық гранттарға ие болуға ұмытылыс маңызды. Бұл ұмтылыстың қосымша білім бе­рудің жаңа нысандарын ашу ар­қылы жүйе қалыптастыруға жете­лейтіні сөзсіз. Қазіргі цифрлық тех­нологиялардың даму беталысы, қар­қыны ата-ананы да, мұға­лімді де, баланы да ойландыруы тиіс.
«Ұлттық кодты сақтау» мәсе­лесінде «Сөз – тілдің көркі», «Ла­тын қарпі», «Менің Отаным – Қа­зақстан», «Тарих мұрасы», «Алтын адам» сияқты бағыттардың берері мол. Бізде оқушылар арасында түрлі байқаулар өтіп жата­ды. Олардың әрқайсысының өз шарты бар. Жетіспейтіні – ба­ла­лардың рухани жағынан дайын­дығы. Белгілі бір ақынның 100 шы­ғармасын жаттап, судыратып айтып беруімен іс бітпейді. Бай­қауға дайындық барысында оған қатысушылардан ойға түйгенін, алған тағылымын сұрай бермейді. Болашақта осындай байқаулардың нәтижесі жалаң көрсеткіштермен емес, рухани жетістігімен баға­ланса деген ойым бар.
Атқарылуы тиіс шаралардың онлайн тестілеу, жаппай диктант жазу, кітаптар жариялау сияқты формалары  арқылы белгілі бір нәтиже көзделіп отыр. Ал өлкетану, туристік және экологиялық іс-шаралар арқылы таным көкжиегін кеңейтуге мән берілмек. Жақында Ақмола облысынан туристік сапарға келген балаларға қасиетті жерлер туралы туристерге арналған тарату материалы болмағаны ойландырды. Бұл болашақта жасалатын жұмысымыздың бағытын одан әрі анықтай түсті.
Мектеп бағдарламасына енген «Өлкетану» пәніне үлкен үміт артылып отыр. Бұл арқылы жас ұрпақтың туған жердің кешегісі мен бүгіні, болашағы туралы таным-түсінігі тереңдей түспек. Осы бағыттағы тағы бір белес – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында «Теңіз тағдырын толғаған туынды» тақырыбында өткен Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз романы бойынша дебат-сайысы еді. «Соңғы парыз» романын талдау арқылы прагматизм, бәсекелік қабілет пен сананың ашықтығын дамыту, ұлттық бірегейлікті таныта отырып, әлемдік мәдениет көшіндегі қазақ халқының рухани мәдениетін тану мақсаты орындалғанын байқадық.
Жас жеткіншектің дамуына отбасынан бастап қоршаған ортасына дейінгі барлық жағдай әсер етеді. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тағы бір принципі – «Эволюциялық дамудың»  «Отбасы», «Балалар мен жас­өспірімдер қозғалысын дамыту», «Табиғат бесігі» сияқты жобаларды жүзеге асыру болып табылады. Мәселен, Жаңақорған ауданында ат спорты түрлерін да­мытуға арналған бастаманы айт­қым келеді. Бапкер жас ұр­пақты ата-бабадан қалған ат спорты түр­леріне ешкімнің нұсқауын­сыз-ақ баулып келеді екен. Атты бап­тау, жарысқа дайындау, шабан­доз­ға арналған мето­дикаға дейін әзірленген. Атқа шап­қан баланы қанаттандыру, бойы­на намыс отын жағу, ең аяғы ат үстінде де­несін тік ұстауға дейін баулу – бапкердің жұмысы. Еңбегі қайтқан бапкердің 13 ша­бандозы – республикалық коман­даның мү­шесі, 1 бапкер – халық­ара­лық тө­реші.  Міне, осындай бүкіл болмысымен өз ісіне берілген жандардың арқасында ұлттық ойындарды жас ұрпақ та ұмытпайды. Аймақ басшысы тарапынан қолдау тапқан жобаның аясында олар 8 ат алды, 4  мұғалімнің еңбекақысын төлеу мәселесі шешілді. Менің ойымша, қазақтың түп-тамырында бар, қанында бүлкілдеп жатқан осындай ерекшеліктерді қайта жаң­ғыртатын мүмкіндік туды.
«Сананың  ашықтығы» прин­ци­пінің «Өрле, Қазақстан» атты тармаққа бағытталуы «өзімдікі ға­на таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болуды меңзейді. Әлемдегі дамыған, өр­кениетті елдердің ең озық же­тістіктерін қабылдай білу адам­ның зердесіне байланысты. Біз­дің еліміз әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі болғандықтан, озық ел­дер­дегі толеранттылық қағи­дасы санамызға орнығуы керек. Жас ұрпақтың бағы шығар, қазір олар­дың өзге елдің салт-дәстүрі мен мәдениетін біліп-тануына мүм­кіндік жеткілікті. Сондықтан өзге мәдениетті түсінуге, жаңа заман ағымына бейімделуге, түбегейлі өзгерістерге бой үйретуге, озық мәдени жетістіктерді үйренуге сана әрдайым әзір болуы керек.
Бізде баланың бойындағы ака­­­де­миялық ұтқырлықты дамы­туда көп жұмыс қолға алынуы тиіс. Мәселен, бір мектептің оқу­шысы екінші мектепке барып оқы­ғанда ортаға бейімделуі үшін біраз уақыт кетеді. Сондықтан балаларымызды әлемнің қай түкпірінде жүрсе де бейімделгіш, психологиялық жағынан тұрақ­ты, өзгерістерге дайын етіп тәр­биелеу маңызды. Сонда біз­дің түлектеріміз «Серпін», «Бола­шақ», басқа да халықаралық грант­тық  бағдарламаларға батыл қа­тысып, олардың талаптарына тез үйренеді. Барған елінің тілін үй­­ренуден бастап, ауа райына, адам­дарына, өмір салтына бейім­де­­луінде аса қиындықтар туын­да­май­ды.    
Бағдарламаны жүзеге асыру­дағы тағы бір жаңалыққа тоқтал­сам, ол – тұлғаның «менін» қа­лып­тастыру. Бүгінгі педагогика тұлғатануға бағытталуы керек­тігі көптен айтылып келеді. Тұл­ғаның бойына отбасылық, ұйым­дастырушылық, азаматтық, жал­пы­адамзаттық мәдениетті қа­лай егеміз? Бұл ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұсынған тиімді методологияның маңызы зор. Өйткені осы бағдарламаның мақсатты бағыты – мұғалімнің де, білім алушының да мәдениетін жетілдірумен астасып жатыр.
Адамның «мені» отбасынан бастап қалыптасады. Бұл қа­лып­тасудың дұрыс жолмен жүр­генін қандай нәтижелермен, көрсет­кіш­термен бағамдауға болады? Әрине, отбасылық институт нығайып, үйлену мен ажырасу арасындағы баланс сақталмақ. «Қазір елімізде неке қию саны азайып, ажырасу фактілері көбейіп, үйленудің орта жасы ұзарып келеді» дейді статистикалық мәліметтер.  Бір деректерде әрбір 3 некенің біреуі айырылысумен аяқталатыны айты­лады. Жетім және тастанды балалардың санын азайту да осы отбасылық мәдениетке келіп тіре­леді. Мұндай келеңсіздіктер біздің ғасырлар бойы қалыптас­қан дәстүрлі отбасылық құндылық­тар­дың қайнарына қайта бас қоюы­мыз керектігін айқындап берді.  
Ұйымдастырушылық мәде­ниеті қа­лыптасқан тұлғаның ой еңбегі өнімді келеді. Хакім Абай айтқандай, бойында «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген жан құмары бар баланың «бетінен қақпай, белін буса», оның алар асуы биік болмақ. Азаматтық мә­дениетті қалыптастыруда балаға ең алдымен өзін жақсы көруді, әрбір ісін жоспарлауды үйретудің маңызы зор. Осылайша ішкі ер­кін­дігі қалыптасқан, әлеуметтік таным-түсінігі жетілген бала мем­лекетін құрметтеуге, Отанын сүюге, бейбіт өмірді қолдауға, жауап­кершілікті сезіне білуге ұмты­лады.
Жоғарыда айтып кеткеніміз­дей, ашық қоғам құрған біздің елі­міз жалпы­адамзаттық мәде­ниет прин­цип­терінен айналып өте алмайды. Ақпаратта, қа­рым-қа­ты­наста, білімде, мәдениетте ше­кара жоқ заманда өмір сүріп жат­қандықтан, балалардың бойына жақсы мен жаманды, асыл мен жасықты айыра алатын елек қа­лыптастыру өте маңызды. Әлем­нің озық елдерінің өмір дағ­дысының тиімді тұстарын үйре­нудің, құқықтық мәдениетке, сау­ат­тылыққа ұмтылып, оны өз өмі­рінің салтына айналдырудың еш сөкеттігі жоқ.
Енді атқарылуы тиіс шара­лар­дың форматы туралы айтсам, қазір тәрбие процесіндегі бітпейтін «дөң­гелек үстелдер» мен ұзақ жи­на­лыстардан жұртшылық шаршады. Өйткені кері байланыс жоқ. Сондықтан пікір, ұсыныстар ай­тыл­майды. Ендігі жерде фильм­дер, роликтер, цифрлық жобалар, ин­терактивті карталар арқылы жетілдіру ұсынылып отыр.
Осы жұмыстардың орындалуы ту­ралы ай сайын ақпарат берілуде. Ондағы деректер формальды болмауы тиіс. Өйткені, ізінше әлеуметтік зерттеу жұмыстары да жүргізіліп келеді. Біздің қолы­мызда облыс әкімі бекіткен іс-шаралар жоспары, «Жол картасы» бар, желілік кесте жасалады. Тағы бір айтарым, осы бағыттағы бастамаларды тек «Рухани жаң­ғы­ру» орталығының жұмысы де­ген түсініктен арылсақ екен. Ұр­па­ғымызды жастайынан Елба­сы ұсынған принциптермен тәрбие­леуге атсалыссақ, жастай берген тәрбие жас шыбықты игендей оңайырақ болар еді.

Әлима ӘБДІХАЛЫҚОВА,
облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы.          
ҚОҒАМ 02 қазан 2018 г. 1 171 0