Қызылорда – қауіпсіз облыс қатарында

Облыстық ішкі істер департаментінің 2018 жылдың 8 айында атқарған жұмыстары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала басшысы  Қайрат Мұхитов баян етті.

Департамент бастығы атап өткендей, қылмыс­тық құ­қық бұзушылық өткен жыл­дың сәйкес кезеңмен салыстырғанда 18% төмендеген. Соны­мен қатар, қоғамдық орындарда, кө­­шелерде жасалған қылмыс са­­ны азайып отыр.

Бүгінгі таңда 10 мың тұр­ғынға шаққанда қыл­­мыс­ты­лық­тың деңгейі 93-ті құрайды. Бұл көрсет­кіш Қызылорда облы­сын респуб­лика көлеміндегі кри­меногендік ахуалы тұрақты, қау­іпсіз облыс­тардың қатарына қо­сып отыр.

Ағымдағы жылы респуб­ли­ка көлемінде “Көкнәр-2018” кең ауқымдағы жедел-профи­лак­ти­калық іс-шарасы өткізі­луде. Осы ретте департаменттің базасында “Дельта Сырдария” есірткі бизнесіне қарсы күрес желісі құ­рылып, жұмыс тиімділігін арт­тыру мақсатында бірнеше же­дел іздестіру топ­тары құрыл­ды. Олар тікұшақ­тармен, автокөлік­термен жасақ­талған. Сонымен бірге, есірткі алқаптарын анық­­тау мақсатында барлық ау­дан­дарда дрондар алынса, департаментте алыс қа­шық­­тарды бақылау үшін ұш­қыш­сыз басқарылатын көп­функ­ционалды аппарат пайдаланылуда. Алдағы уақыт­та “Қазақстан ғарыш сапары” Ұлттық компаниясының мүм­кін­­діктерін пайдаланып, облыс аумағындағы есірткі алқап­та­рын ғарыштан түсіру жұ­мыс­­тары жүргізілетін болады. Есепті мерзімде есірткі өсірудің 74 дерегі анықталып, жалпы салмағы 10 мың тоннадан асатын 73 мың түп сора өсімдігі жойылды. Нәтижесінде 54 қыл­­­мыскер құрықталып, тұты­ну­­­шы­ларына баратын үлкен кө­­­лем­дегі есірткінің жолы ке­сілді.

Жол-патрульдік полиция қыз­меті тамыз айынан бастап қо­ғамдық жерлерде, оның ішінде көпқабатты үйлер­дің аулалары мен халық көп шо­ғырланған аймақтарға жаяу патрульдеу ба­ғытына шыға­ры­лып, бұл оң тә­жірибе өз нә­тижелерін беруде.

Сандық технологияларды да­мыту аясында «Электрондық қыл­мыстық іс жүйесі» жобасы енгізіліп, қазіргі уақытта қыл­мыстық істер электрондық фор­матта тергеп-тексеру жұмыс­тары жүргізілуде. Атал­ған жүйе тергеу жұмыстарының жылдам­дығын арттыруға, қылмыстық процеске қатысушыларға қыл­мыстық істердің тергеу барысын электронды түрде бақылап отыруға мүмкіндік береді. Осылайша істің бұрмалануына жол бермей, қыл­мыстық істерді тергеу барысында сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюға өз ықпалын тигізеді. Қазіргі таңда, электронды форматта жалпы саны 179 қылмыстық іс тергеліп, оның 136-сы сотқа жолданды.

Брифингте облыстық ІІД Жергілікті полиция қызме­тінің  қылмыстың алдын алу, қо­ғамдық тәртіп пен жол қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бағы­тындағы атқарған жұмысы ту­ралы осы құрылымның  бас­­тығы Бауыржан Ибраев ай­тып өтті. Оның атап өтке­­нін­дей, есепті мерзімде атқа­­рылған профилактикалық ша­­­ра­­­лар нәтижесінде жалпы қыл­­мыстылық деңгейі – 17, ұрлық – 9,9, мал ұр­лығы – 22,4, қоғамдық орындарда жа­салған бұзақылық 6 процент­ке азайған. Қылмыс пен құ­қық бұзушылықтың және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 72 жедел-про­филак­тикалық іс-шара ұйым­­­­дас­тырылды.

Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының қызмет көрсету аймағына облыс орта­лығы мен Ақсай және Тасбөгет полиция бөлімдері, сонымен бірге 8 елді мекен кіреді. Есепті кезеңде қала бойынша қылмыстың тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 19,8% кеміп отыр. Барлық тіркелген 3171 қылмыстың басым бөлігі қоғамдық орындарда жасалған болса, одан кейін алаяқтық қыл­мысы тұр. Бұл туралы ҚІІБ бас­тығы Дәулет Беркімбаев айтып өтті.

Брифинг барысында журналистерге жол-патрульдік полиция қызметкерлері пайдалана бастаған электронды планшеттер таныстырылды. “Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі” (ЕРАП) жобасы бойынша қолданысқа енгізілген планшеттерге әрбір жүргізуші туралы толық деректер енгізілген. Полиция қызметкері енді құқық бұзушыға толтырылатын хаттаманы қағазға түсіріп жатпайды. Сонымен қатар, оны толтыру уақыты да бірнеше есе қысқарады. Ең бастысы, жүргізуші мен полиция қыз­меткерлері арасында сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтың орын алуына мүмкіндік қалмайды. Құқық бұзушының аты-жөні енгізілісімен-ақ ол туралы деректер бірден орталық базаға түсіп тұрады. Сол секілді, айыппұлды бірден төлеп кетуіне де болады.

Брифинг соңында журналис­тер тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға жауап бе­рілді.

ҚОҒАМ 27 қыркүйек 2018 г. 773 0