Алғашқы шара Абайға арналды

Екі жүз жылдық тарихтың дүбірлі тойы өтуде. Қызылорда қаласындағы мерейтойлық шараның алғашқысы Алаштың бас ақыны Абайға арналған. Әдеби жыр марафоны Абай аллеясында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атауымен өткізілді. 

Бүгінге дейін қазақта Абайдан асқан ақылшы жоқ. Себебі, Абай –ұлттың ойлау деңгейін келесі кезеңге көтерген тұлға. ХХ ғасырдың 20-жылдарында «Жаңа әдебиет» журналында «Мен қалай жаза бастадым» деген айдар болған. Сонда Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер алғашқыда қалай жазғандарын еске алады. Бәрінде бір ұқсастық бар. Абайды оқыған, содан кейін ғана жаңа деңгейге көтерілген. Үлкен өркениет қалыптаспаған Жидебайда отырып-ақ, адамзаттың ой кеңістігін еркін аралап, ұлт ретінде жойылмаудың формуласын айтып кеткен тұлға елді ел болуға шақырды.

Жыр марафонына «Таным», «Абай­тану» қо­ғам­­дық бірлестігінің төрайымы, педагогика ғы­лым­­дарының кандидаты Абат Жолдасова, бала­лар ақыны Рахат Наурызбаева, жазушылар Мұ­ха­меджан Нұрханов, Несібелі Рахмет,  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қадиша Қорғанова қатысып, Абайды толық меңгерсек қана  рухани  тұрғыда жаңғыратынымызды басып айтты. Сондай-ақ, белсенді жас оқырмандар ақын өлеңдерін жатқа оқып, үш тілде өмір жолын баяндады. Жыр додасы ел есінде Абайдың қара сөздері мен әндерін де қайта жаңғыртты.

Қазақ хәкім атауын тек екі адам­ға арнап айтқан, соның бірі – Абай. Қызылордадағы үшінші жүз жылдықтың бастауында хәкім Абай­дың ұлықталуы маңызды қадам болды.

ҚОҒАМ 27 қыркүйек 2018 г. 819 0