Бір ғасырлық білім ұясы

Биыл іргесі қаланғанына 200 жыл толған Қызылорда қаласындағы  мектептердің қарашаңырағы – бұрынғы 1 Май, қазіргі Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының ашылғанына жүз жыл толды. Тарихи мерекелер тоғысқан жылда бір ғасырлық тарихқа аз-кем шегініс жасағанды жөн көрдік.

№1 мектеп-гимназияның іргетасы 1918 жылы 5 қазанда қаланды. Сол кездегі ойлы, парасатты, зиялы қауым өкілдері – Сара Есова, М.Ғазизов, А.Ибрагимов, Н.Бекболатов, Ш.Валиуллин,  Ә.Қызылқожаев, тағы басқа ойы ізгі кісілердің бастамасымен ұлдар мұсылман мектебі болып ашылып, оған қазақ, өзбек, татар балалары алынды. Мектептің алғашқы директоры болып Шах-Ахмет Валиуллин тағайындалды. 1920 жылдан бастап Герцен атындағы мұсылман мектебі татар және қырғыз (қазақ) мектебі болып бөлініп, мектепте 128 ер бала оқыды. 1922 жылы мектеп Абай атын иеленеді. Бастауыш қазақ мектебі болып, оқу мерзімі төрт жылға ұзартылды. 1927-1928 оқу жылдары мектепте ер балалармен қатар қыздар да қабылданды. 1934 жылы Абай атындағы бастауыш  мектеп 7 жылдық мектеп болып өзгерді. 1936 жылы 1 қыркүйекте  Жергілікті Атқару комитетінің ұйғарымымен 7 жылдық мектеп 1 Май аталды. 1946 жылы алыстағы қазақ балаларына мектеп жанынан арнайы интернат-пансион ашылды. 1989-1990 оқу жылынан бастап аралас мектеп атауынан арылып, қазақ орта мектебі болды. 1991 жылдан бастап 1 Май атындағы қазақ орта мектебіне қала әкімшілігінің шешімі бойынша мектеп - лицей  атағы берілді.

2003 жылы Үкімет қаулысымен 1 Мамыр атындағы №1 мектеп-лицейі Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия болып қайта аталды. Мектепке жазушы-драматург, сатирик, осы мектептің түлегі Қалтай Мұхамеджанов есімі берілген соң, жазушы өмірі мен шығармашылығын зерттеу қолға алынып, қалтайтанушылар тұрақты жұмыс жасап келеді. Ашылғаннан бастап бар ықыластарымен, күш-жігерлерімен еңбек еткен ұстаздар қауымы мен мектеп директорлары оқу-тәрбие жұмысының ілгерілеуіне адал қызмет жасады.     

Білім ошағының 100 жылдық тарихында өзгеше орны бар, нағыз ұстаз, іскер басшы, Отан қорғаушы жауынгер ретінде ел есінде қалған  ерекше жан Ахмет Пірназаров 1939 жылы мектеп директоры болып тағайындалды. 1938-1940 жылдар №1 1 Май мектебінің жұлдызы жанған кездері еді. Мектеп білім ордасы болумен қатар, өнердің де ордасы болып танылды. Облыс бойынша алдыңғы қатарға шықты. Онда оқып, тәрбиелену шәкірттердің мақтанышына айналды. Бірде Шиеліден Жорабек атты ақсақал келіп, 1 Май мектебі «үлгілі мектеп» деп естігенін айтып, екі бірдей баласын осында орналастырады. Оның бірі – қазақтың маңдайалды азаматы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі академик Шахмардан Есенов болатын.

№1 мектеп директорлығынан жоғарылап қызмет жасаған басшылардың қатарында Әділбек Айзунов 1943-1944 жылдары директор қызметін атқарды. Бұған дейін 25 директор басшылық жасаған деп келген деректерді зерттеу барысында және екі басшымен толықтырылды. Бірінші дерек, тарих пәнінің мұғалімі Қ.Саттыбаевтың 1942 жылы, екінші дерек Ә.Иманбаевтың 1943 жылы мектеп директоры болып тағайындалғанын растайды. Мектеп-гимназияны басқарған 7 адам – Д.Байханов, А.Пірназаров, Қ.Саттыбаев, Ә.Айзунов, Ә.Иманбаев, Б.Сейтмұратов, Ә.Тобылбаев екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Олар – қаламын қаруға, класын окопқа айырбастап, ел басына күн туған ауыр кезеңде жаудың бетін қайтарған  жаужүрек  сарбаздар қатарындағы  жауынгер-ұстаздар.

100 жылға жуық тарихында талай ұрпақ мектеп есігін ашты, білім алып, тәрбие көріп, болашаққа қадам басты. Берісі аудан, облыс, әрісі республиканың экономикасы мен мәдениетіне үлкен үлес қосты. Ел ағасы  атанған  мектеп  түлектерінің еңбек, өмір  жолы – бүгінгі ұрпаққа өнеге.

Осы уақытқа дейінгі тарихы «Жұлдызды мектеп», «Тарихы да, тағылымы да мол мектеп» кітаптарына арқау болған оқу ордасы білікті басшылары мен білімді ұстаздары, дарынды оқушыларымен де ерекшеленеді. Білім беру ісінің үздіктері – Ә.Сереков, А.Рашева, К.Бектасова, Ә.Ділманова, А.Омашева, Д.Торғаева,  Т.Қалауова, С.Демесінова, К.Сәдуақасова, К.Төлеуова, С.Садықова, Н.Алдабергенова, Қ.Көшербаева, Ш.Піренова, О.Тыныбекова, Ж.Жамқорова, М.Исаева, Ә.Байжолов, Б.Мұстақұлова, Р.Ителгиева, М.Жүсіпова, «Ы.Алтынсарин»» медалінің иегері Ф.Дәуітбаева, тағы басқа өз ісінің шеберлері, рухани жан-дүниесімен бала жанының бағбандары атанған мұғалімдерді көптеп атауға болады.

Ұжым мұғалімдері өз жұмыстарының ерекшелігі мен мағынасын түсіне білетін, шәкірттерін тәрбиелей отырып оқытатын, ұстаздықты өмірлерінің мәні деп ұғатын жандар. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор.

Сондай ұстаздардың бірі – В.Сарманқұлова өзі мен оқушыларының ҰБТ көрсеткіштерімен, түрлі сайыстардан, облыстық, республикалық  пәндік  олимпиадалардан, Қазақстан бойынша интернет олимпиададан жақсы көрсеткіштерімен облыс әкімінің арнаулы 150 000 теңгелік жүлдесіне ие болып, ұстаз еңбегінің ізгі ілтипатқа ие болу мүмкіндігін көрсетті. Білімді де байыпты ұстаз Р.Мүсілімова 2014 жылы Қызылорда қаласы әкімдігінің «Үздік мұғалім - 2014» номинациясымен марапатталып, 150000 теңге сыйақыға ие болды. 2017-2018 оқу жылы ІТ және робототехника бағыты бойынша мектеп оқушылары арасында өткізілген «LEGO» робот сайысында оқушылары Б.Раушанбек, Т.Хамза І орын, «Robo Fest - 2018» облыстық фестивалінде бас жүлдеге ие болып, шәкірт талантын көрсете білген ұстаз мерейін, ұжым абыройын тағы бір сатыға көтерді.

2016-2017 оқу жылында А.Бактуразова «Жаңашыл мектепке жаңашыл ұстаз» байқауына қатысып, республикалық кезеңінен «Білімді ұстаз» номинациясы иегері атанып, «Балдаурен» сауықтыру орталығына жолдама алды. 2017-2018 оқу жылында табысты жетістіктердің бірі – орыс тілі пәні мұғалімі С.Әлденова республикалық «Үздік педагог-2017» кәсіби байқауының иегері атанды және осы оқу жылында  қала әкімі Н.Нәлібаевтың «Жыл ұстазы» номинациясымен марапатталды.

Дарынды оқушыларымен дараланатын білім ошағынан жүздеген «Алтын медаль» иегері шықты. Биылдың өзінде шәкірттеріміз 3 «Алтын белгі» мен 5 «Үздік аттестат» алып, мектептегі оқу-білім сапасының жоғары деңгейде екенін тағы бір айқындап берді.

Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия ұжымы бұдан да өзге біраз ауқымды істердің ұйытқысы болып отыр. Мұражайдың жаңадан  жасақталуы, төрт тарапты кітаптар шығарылуы, елдің есінде, халықтың жүрегінде жүрген жауынгер-ұстаз басшылар – А.Пірназаров, Ә.Айзунов және Ә.Тобылбаевтарға ескерткіш тақта орнатылуы алдыңғы толқын ағалардың еңбегіне кейінгі толқын інілердің ерекше ізеті, айрықша ықыласы, мектеп-анаға деген перзенттерінің адал ниеті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын басшылыққа ала отырып, мектептің 100 жылдық тарихына байланысты «Тағылымды тарих мектебі» тақырыбында жоба жасалып, жұмыстар атқарылды. Жоба мақсаты – туған өлкенің тарихын, құнды деректерін тану, мектеп тарихына, мектепке, білім ордасына патриоттық сезімін қалыптастырып, 100 жылдық білім ошағы жайлы өсіп келе жатқан ұрпаққа жеткізу. Осы мақсатта – ғылыми, саяси ақпараттандыру, мәдени, сараптау бағыттары бойынша жұмыс жүргізілді. Көрсетілген бағыттар бойынша түрлі бөлімдерге бөлініп жұмыстар атқарылды.

Атқарылып жатқан жұмыстар легі ұжымның, оқушылардың мектеп пен туған жер тарихын танып, өткен өмірі мен бүгінгі тіршілігін біліп өсуіне ықпал жасайды және оларды азаматтық пен ұлтжандылыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді, жеке тұлғалық дамуына негіз қалайды деп сенеміз.

Д.ӘБДІРЕЙМОВ, 

Қ.Мұхамеджанов атындағы

 №1 мектеп-гимназия директоры.

ҚОҒАМ 22 қыркүйек 2018 г. 1 148 0