ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚЫЗМЕТТІҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚЫЗМЕТТІҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫЖуырда – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аталып өтілді. Атаулы күнге орай ҚР кәсіподақ федерациясының ұйымдастыруымен еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне сәйкес республикалық деңгейде барлық мекемелер арасында конкурс өткізілді. Алты номинация бойынша сынға түскен ұжымдардың ішінде аймағымыз бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда техникалық колледжі мен медициналық колледжі және қалалық аурухана «Еңбек қорғау бойынша ең үздік мекеме» атанды. Осыған орай, үздік атанған мекеменің бірі қалалық аурухананың еңбек қауіпсіздік инженері Алмат Бекішевпен тілшіміз сұхбаттасқан болатын.
– Алмат Алтынбекұлы, ҚР кәсіподақ федерациясының ұйымдастыуымен өткен республикалық конкурста қалалық аурухана үздік көрсеткішке ие болды. Осы жайында толығырақ айтып берсеңіз.
– Иә, конкурс жарияланысымен біз мекеменің тиісті құжаттарын дайындап өткіздік. Қауіпсіздік шараларына байланысты, мекеменің аттестациядан өткен құжаттары бар, сондай-ақ, слайд-шоу жасап Астанаға жібердік. Слайдқа түсірілген суреттерді қызметкерлерге ескертпедік. Яғни, қалай жұмыс жасалып жатса, солай көрсеттік. Нәтижесінде үздік атанып отырмыз. Бұл мекемедегі еңбеккерлер еңбегінің қорғалуы мен еңбек қауіпсіздігін сақтауға аса назар аударудың жемісі деп ойлаймын. Сонымен қатар, тек кәсіподақ ұйымының ғана емес, халықтың бізге деген сенімі деп білеміз. Осындай шара ұйымдастырып, біздің еңбегімізді бағалағаны үшін кәсіподақ федерациясына алғысымыз зор.
– Жоғарыда айтып өттіңіз, конкурс барысында мекеменің аттестациядан өткен құжатын тапсырдық деп.  Сіздер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша аттестациядан арнайы өтіп тұрасыздар ма?
– Ол міндетті түрде. Өздеріңіз білетіндей, аттестациядан өту жұмысы бес жылда бір өткізіледі. Біздің мекеме былтыр ғана өткен болатын. Облыстық еңбек саласын бақылау басқармасынан мамандар келіп, өздерінің құрал-жабдықтарымен тексеруден өткізді. Бізде рентген, физкабинет, зарарсыздандыру кабинеттері бар. Осындағы зиянды факторларға байланысты арнайы лабораториялық тексеруден өтіп тұрамыз.
– Қазіргі күні еңбек қауіпсіздігін сақтау мен келеңсіз оқиғалардың алдын алуға байланысты қандай жұмыстар жүргізудесіздер?
– Ауруханада қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Себебі, науқастармен бірге қызметкерлердің денсаулығы  мекеменің алдында тұрған басты жауапкершіліктің бірі. Барлықтарыңыз білесіздер, қыз¬меткерлердің көбі түрлі медициналық құрал-жабдықтармен жұмыс жасайды. Оның ішінде адам өміріне зияндылары да кездеседі. Олардың денсаулықтарына зиян келмес үшін бізде барлық жағдай жасалынған. Мәселен, рентген кабинетінің қызметкерлері жұмыс барысында радиация сәулелерін өткізбейтін арнайы қорғасыннан жасалған фартук және бас киім киеді. Ал, физкабинеттің қызметкерлері көзілдірік, қолғаппен қамтамасыз етілген. Ота жасау кезінде дәрігерлер мен мейірбикелерге бір рет қана киетін халат, резеңке қолғап, бас киім, маска және аяққа киетін бахилалар табысталады. Оған қоса, осы зиянды бөлімшелердің қызметкерлеріне арнайы сүт өнімдері беріледі. Алдын алу шарасы негізінде жылу қазандықтарында жұмыс жасайтын операторларды жыл сайын оқу курстарынан өткізіп отырамыз. Өйткені, білікті маман ғана өз ісіне тиянақты, оқыс оқиғаның болуына жол бермейді деп есептеймін.
– Сіздің мекемеде қауіпсіздік шараларының сақталмауынан орын алған оқыс оқиға тіркелді ме? 
– Әзірге ондай оқиға болмады. Мұны мекемеде еңбек қауіпсіздігінің жақсы сақталғаны деп білемін. Жалпы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды сөз еткенде  тек қана орын алған оқыс оқиғаларды ғана айтып қоймауымыз қажет. Себебі, қызметкерлердің  еңбек демалысы мен еңбекақыларының толық төленуі де еңбектің қорғалуына жатады. Осы тұрғыда айта кетейін, біздің ауруханада қызметкерлердің еңбек демалыстарын жақсы өткізіп, денсаулығын арттыру мақсатында жылда  түрлі санаторияларда демалып, ем қабылдауына жағдай жасалған.  Бұл да болса, жұмысшыларға жасалған көмектің бірі.
– Еңбекті тиімді ұйымдастырудың жолдары қандай?
– Ең бірінші, кез келген мекеме еңбек өнімділігінің жоғарылығын, сапасын қамтамасыз ету керек. Әрбір маманның біліктілігін арттыруға жағдай жасап, жұмысшылардың денсаулығын қорғау, кәсіби аурулардың алдын алу қажет деп ойлаймын.  
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: М.Отаралы. 

ҚОҒАМ 05 мамыр 2014 г. 1 704 0