ҚР Ішкі істер министрлігінің басшысы Қалмұханбет Қасымов әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты істің сотқа қашан жолданатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы айтсақ, иә, біз екі қылмыскерге ұрлық, тонау және адам өлтіру деген айып тағып отырмыз. Ал әйел (ред. Үшінші күдікті) қылмыс туралы хабарламағаны үшін айыталды. Жақын уақытта, менің ойымша, қыркүйек айының соңында немесе одан ертерек іс сотқа жіберіледі», – дейді Қасымов.
Естеріңізге сала кетсек, 19 шілде күні Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітов көшелерінің қиылысында көлік айнасын ұрламақ болған екі азамат Денис Тенге шабуыл жасады. Кикілжің нәтижесінде күдіктілер спортшының аяғына пышақ сұғып алған. Нәтижесінде Денис Тен көп қан жоғалтып, аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды.
Бұған дейін министрдің орынбасары қолға түскен азаматтардың шынайы қылмыскерлер екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ, ІІМ өкілі Денис Теннің өліміне күдіктілердің бірі Арман Құдайбергеновтің бұған дейін жасаған қылмысы үшін не себепті тұтқындалмағанынтүсіндірді. Мұнан кейін аталған іске қатысты үшінші күдікті ұсталды.