Сырдария ауданындағы тіректі ауылдың бірі Бесарық елді мекенінде жаңа көпір пайдалануға берілді. «Жаңадария» каналына салынған көпірдің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Сауапты іске үлес қосқан жандарға алғысын білдірген облыс әкімінің орынбасары ауылдың даму қарқыны жоғары екенін атады.
– Сырдария ауданында соңғы бес жылда жасампаз жұмыстар атқарылды. Аймақ басшысының қолдауымен аудан орталығы мен барлық елді мекендерде жаңадан әлеуметтік нысандар бой көтерді. Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өткен сырдариялықтар үшін маңызды стратегиялық нысан берілді. Көпірдің пайдалануға берілуі елдің несібесін арттырады, қуаныштарыңыз құтты болсын, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Өз кезегінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Аманшаев елордалықтардың сәлемін жеткізіп, аудан жұртшылығына табыс тіледі.
Жаңа көпірдің лентасы қиылғаннан кейін ауылшаруашылық өнімдері тиелген жүк көліктері арнайы жүріп өтті.
Бұдан соң мәртебелі меймандар Бесарық ауылының тыныс-тіршілігімен танысты. Ауыл әкімі Н.Жүсіпова және «Абай-Дәулет» ЖШС директоры М.Сәрсенбаев орталық алаңды абаттандыру, жөндеуден өтіп жатқан әлеуметтік нысандарды көрсетті.
Тіректі ауылдағы көз тоярлық тірлікке қонақтар тілектестігін білдірді.
Ауылдық мәдениет үйінде «Әжелер» ансамблінің өнерін тамашалап, қолөнер бұйымдарының көрмесін көрді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».