"Баспана" Ипотекалық ұйымы бойынша бастапқы жарнаны арзандататын өнімдер әзірледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Баспана" Ипотекалық ұйымы Сыртқы коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
"Баспана" Ипотекалық ұйымы жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне қаржылық жүктемені азайту мақсатында "Жас арман" және "Қамқор баспана" өнімдерін әзірледі. Өнімдер Баспана және жергілікті атқарушы органдар арасындағы ынтымақтастыққа негізделіп, аталмыш санаттағы азаматтарға "7-20-25" ипотекасының алғашқы жарнасын екі есеге азайтуды қарастырады", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың облигациялар шығаратыны және халықтың аталған санаты үшін бастапқы жарнаның жартысын субсидиялауға міндеттенетіні айтылады. Өз кезегінде Баспана әкімдіктер облигацияларын сатып алып, "7-20-25" бағдарламасына қатысатын банктермен халықтың осы санатын несиелендіруді қамтамасыз етеді. "Біз "7-20-25" бағдарламасына жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлерінің қатысуына орасан зор мән береміз. Олар тарапынан алғашқы жарнаны жинаудың қиындығы жөнінде көптеген пікірлер келіп түсті. Сол себепті, қолдау мүмкіндіктерін барынша қарастырдық. Мұндай әлеуметтік шешімдерді іске асыру үшін әкімдіктер тарапынан қолдау күтеміз", - деді "Баспана" Ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.
Айта кетейік, "Жас арман" және "Қамқор баспана" өнімдері бірінші болып Шымкент қаласында пилоттық режимде жұмыс істей бастады. Тараптар тиісті Меморандумға 2018 жылдың 3 қыркүйегінде қол қойған болатын. Меморандумға сәйкес Шымкент әкімдігі қайтарымды негізде бастапқы жарнаны субсидиялау үшін ағымдағы жылы 500 миллион теңге және 2019 жылы 1,5 миллиард теңге бөледі. Әкімдіктің қолдауы 2 мыңға жуық жас отбасы мен бюджеттік сала қызметкерлерін қамтиды деп күтіледі.
Еске салайық, тамыз айының басында бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік қызметкерлердің "7-20-25" бағдарламасына қатысу үшін алғашқы жарнаны жинау қиындықтарына тап болып, шағымданғаны жөнінде жазған болатын.
Материалды көшіріп басқанда Kaz.tengrinews.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.