I Халықаралық Жазушылар форумы өтеді

Бүгін Қазақстанда өткелі жатқан аса маңызды әдеби шара қарсаңында белгілі публицист, Халықаралық қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин баспасөз конференциясын өткізді. Ол жиында қыркүйек айының 10 мен 12-жұлдыздары аралығында Алматыдағы Рахат Палас қонақүйінде I Халықаралық Жазушылар форумы өтетінін хабарлады.

 Форумға Ұлыбритания, Польша, Палестина, Марокко, Израиль, Франция, Түркия, Германия, Литва, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да 16 елден танымал жазушылар, ақын, драматург, философ және аудармашылар келеді. Шараға қатысушылар "Құбылмалы әлемдегі қазіргі заманғы әдебиеттің рөлі", "Жаһандану және ұлттық әдебиет", "XXI ғасыр талаптары және әдебиет" сынды өзекті мәселелерді талқылайды.  Мұндай әдеби форум Қазақстан даласында көптен бері болмаған. Ғабдуллин 1973 жылы Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен афро-азиялық Жазушылар конференция өткенін атап өтті. Сол оқиғадан кейін осындай деңгейдегі форумдар ұйымдастырылмады. Мұндай идея авторға осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын келген. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы модернизациялау" бағдарламасы себеп болған. Осы идеямен ол Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзаға өтініш білдіріп, қаржылық қолдау көрсетуін сұрады.

  Ең алдымен, біздің жазушыларымыз шетелден жаңа достар тапса, әріптестерінің өмір салтымен танысса және жаңа әдеби аудармашылармен жолықса деген тілек бар. Шетелдік жазушылар да жаңа ел, жаңа әдебиетпен таныс болады.  Форумның үшінші күні, яғни, 12 қыркүйек сағат 19:00-де Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында Олжас Сүлейменов, Алексей Цветков (Израиль), Сергей Гандлевский (Ресей) және Бахыт Кенжеев (АҚШ) секілді талантты ақындар қатысуымен поэзия кеші өтеді.

ҚОҒАМ 05 қыркүйек 2018 г. 1 046 0