« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Су қоймалары, көлдер мен өзендер жағалауларында мыңдаған адамдар өздерінің бос уақытын өткізеді. Шыжыған ыстықта қалай ғана суға шомылмасқа, сергімеске? Қызығушылық салдарынан кейбір адамдар жүзе алмаса да, су айдынын дұрыс білмесе де, қандай қауіп-қатерлер күтіп тұрғанын ойламастан суға лап қояды. Мәліметке сүйенсек, су айдындарындағы қайғылы жағдайлардың басым көпшілігі жаз кезеңінде болады. Сондай оқиғаның бірінің соңы да қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін еді, егер де сол жердегі азаматтардың құтқару жұмысына жан аямай атсалысуы болмаса...
... Алғашқыда Қуанышты судан алып шығуға бар күшін салып, халықты көмекке шақырған достары - Шыңғыс Сейдахметов пен Айбол Романқұлов болатын. Бірге «Бәйгеқұм» демалыс орнындағы «Қанқожа» көлінде демалу кезінде досының суға батып бара жатуы олардың жанын шүберекке түйді. Бар күш-жігерімен тырмысқанмен, еш нәтиже болмады, қайта оларды да қоса тартып бара жатты. Олар да досын судан алып шығуға барын салып, алысқанын қоймады, жұртшылықты көмекке шақырып, қол бұлғап, айқайға басты...
«5 тамыз күні отбасымызбен демалу үшін Бәйгеқұмдағы демалыс орнына бардық. Келгенімізге 10-15 минут уақыт болған кезде 5 метрдей тұста бір жігіт көмекке шақырып, жан екпінімен айқайлап тұр екен. Бір мезетте оның қолынан біреудің қолы сырғып, суға түсіп кеткенін көрдім. Жанымда жұбайымның немере інісі тұр еді, оған «ана жақта адам суға кетті»,-деп айқайладым. Ол бірден суға сүңгіп, үрлемелі баллонды ұстаған күйі суға батып бара жатқан жігітті сыртқа шығаруға тырысты. Артынша жұбайым тағы бір немере інісімен бірге үшеулеп, судан жігітті сыртқа шығарды. Жігіттің тері жамылғылары көкшіл түсті, тыныс алуы жоқ болатын. Жүрек соғысы да байқалмады. Ауыз қуысы мен мұрнын, яғни тыныс алу жолдарын су, қан, сілекей, қоқырсықтан тазарттық та, біз жұбайым – Нұрбол екеуіміз шұғыл реанимациялық шараларды бастадық, жасанды өкпе-жүрек реанимациясын жасадық. Сөйтіп, өкпемен тыныс алуы, жүрек соғуы қалпына келді. Сонымен бірге осы кезеңде жедел жәрдемге хабар бердік. Алайда, жақын маңда жедел-жәрдем болмағандықтан, алыстағы жедел-жәрдем қызметі жеткенше, бұл кезде санаулы секундтардың өзі аса қымбат болатын, Шиелі күре-жолдық медициналық құтқару бекетіне жеткізу қажет деп шештік. Өз көлігімізбен сол Шиелі күре-жолдық медициналық құтқару бекетіне жеткізіп, сорғыш арқылы ауыз қуысы мен мұрнындағы, яғни тыныс алу жолдарындағы су, қан, сілекей, қоқырсықтан тағы да тазарттық. Одан соң реанимобильмен Шиелі ауданындағы ауруханаға жеткізуге барымызды салдық. Реанимобильде кислород пен пульсоксиметрді қосып, аудандық ауруханаға жеткенше науқастың жағдайын бақылауға алдық. Жол бойы тыныс алу жолдарын тазарттық. Алдын ала Шиелі аудандық ауруханасының реанимация бөліміне біздің ауыр науқасты алып келе жатқанымыз туралы хабардар еттік. Аурухананың Реанимация бөлімінде жігіт дем алуын жақсарту үшін тыныс алу аппаратына қосылды. Бірнеше күн Қуаныштың жағдайын сұрап хабарласып тұрдық. Аудандық аурухананың реанимациясының дәрігерлері жағдайдың қалыпқа түспей тұрғандығын, ауыр жағдайда екендігін айтты. Алладан қазақтың жас жігіті өзіне келсе екен деп тілек тіледік, «Оны аппараттан ажыратты, өзі тыныс ала алатын болды»,- деген хабарды естігенде зор қуанышта болдық!»,- деді ағынан жарылып, сол кездегі оқиғаны есіне алған Айжан Базарбаева.
Сол кезде кезекшілікте болған, Шиелі күре-жолдық медициналық құтқару бекетінің аға фельдшері Асхабов Шынтастың айтуынша: ««Бәйгеқұм» демалыс орнындағы «Қанқожа» көлінде демалу кезінде суда зардап шеккен 1996 жылы туылған Бүркітбай Қуанышты жолдастары және Облыстық медициналық аурухана дәрігерлерімен бірлесіп бекетке алып келген кезде, ол ес түссіз, қиын тыныс алып жатқан болатын. Науқастың жоғары тыныс алу жолдарын (электроотсоспен) тазалап отырып, науқасқа ылғалданған оттегі (монитор пациента) қосып, дәрі-дәрмектер енгізіп, жағдайын бақылап отырып, Реанимобиль автокөлігімен Шиелі аудандық ауруханасының реанимация бөлімшесіне дер кезінде жеткіздік.»
Иә, азаматтың өмірін аман алып қалуға себепкер болған жанұя мүшелері – Базарбаев Нұрбол - Облыстық медициналық орталықтың Кардиология орталығының Эндоваскулярлық бөлімшесінің І санаттағы интервенционды кардиолог дәрігері, ал, оның жұбайы - Базарбаева Айжан - Қызылорда Облыстық балалар ауруханасында Ультра дыбыстық зерттеу дәрігері болып қызмет істейді. Отбасында 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған бақытты жанұя. Ал, судан жігітті алып шығуға атсалысқан жігіттер, осы жанұяның немере інілері – Санкт-Петербург қаласындағы Киров атындағы әскери-медициналық Академияның ІІ курс студенті - Қуанар Арман мен оның ағасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері - Базарбаев Асхат болатын.
Осы ретте Қуаныштың әкесі Сұлтанбек ағай: «Баламды құтқаруға көмекке шақырған достарына, судан жағаға баламды алып шыққан және барынша алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткен ерлі-зайыпты Нұрбол мен Айжанға, олардың інілері Асхат пен Арманға, ауруханаға дер кезінде жеткізген Шиелі күре-жолдық медициналық құтқару бекетінің ұжымына, ем шараларын жасаған, аяқтан тік тұрып, баламның өміріне жедел араша түскен Шиелі аудандық ауруханасының реанимация бөлімінің қызметкерлеріне әкелік алғысым шексіз»,-дейді.
Иә, қашанда «Ақ халатты абзал жандар» деген атқа лайықты мамандардың күнделікті өмірде арамызда көптігі қуантады. Азаматты ажалдан арашалап қалған осы бір ғазиз жандардың әрекеті әркімнің қолынан келе бермейтін іс екені кәміл. «Ендігі жерде Қуаныштың қуанышты күндері көп болсын, төтенше жағдай болмасын»,-дейміз.
Айгүл Нұрманова.« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |