Ағайынды Сарбаевтар

 Бүгінде Торғай ойпатының қойнауындағы қазынаның игеріле бастағанына 30 жылдан асты. Соңғы жылдары Сыр өңіріндегі жаңа саланың ізашары болған жандар мен олардың еңбегі туралы шама-шарқымыз келгенше жазып келеміз. Сыр мұнайының бұлақ бастауында тұрған азаматтардың біразын танып-білгендіктен, енді бірталайымен қызметтес әрі қанаттас болғандықтан біздің қаламымыздан шыққан дүниелер келешектің қажетіне жарап қалар деп ойлаймыз. Өйткені бұрын-соңды мұнай кәсібімен айналыспаған өлкеде жанкештілікпен жұмыс істеген адамдардың еңбегі тақыр жерді абат баққа айналдырған бағбанның бейнетімен бірдей еді. Олар салған сара жол Сыр мұнайын бүгінгі биігіне жеткізді. Қызылорда мұнайының қалыптасқан сара жолын соқпақтан бастап сүрлеуге айналдырған адамдардың кейбірі өмірден өтіп кетті. Олар туралы білген-түйгеніммен бөлісуді, білмегенімді сұрап алып, есімдерін хатқа түсіріп қалдыруды сол азаматтардың алдындағы парызым сияқты сезінемін.

Сыр еліндегі мұнай өндірісінің өркендеуіне қапысыз қызмет қылған ағайынды Мұхамед және Ахун Сарбаевтар Түрікмен жерінде дүниеге келді. Олардың ата-бабалары кеңестік режим Маңғыстау қазақтарын  атақонысынан ауа көшуге мәжбүр еткенде Түрікменстан жерін паналаған. Тарихшылардың айтуынша, алдымен бұл жерге 1927 жылдан бастап күнкөріс қамымен біраз ағайындар келген. Кейін 1931 жылғы Адай көтерілісінен кейін тіпті көбейеді.

Адай көтерілісі бір ғана рудың емес, Маңғыстау өңіріндегі барлық халықтың әділетсіздікке қарсы ұлттық наразылығынан басталған еді. Онсыз да түрлі салықтардан титықтаған жұртқа 1928-1929 жылдың қыс айларында жүн салығы, онымен қатар тері, сүйек, шүберек жинап тапсыру міндеті қойылды. Қақаған аязда қой қырыққан, көрпелерін сөгіп, алашаларын, арқанын түтіп жүн өткізгеннің өзінде жоспар орындай алмағандардың басы айдауға түсті. Осындай қыспақтан қашып, Түрікмен жеріне барған қазақтардың дені сол кезде кен табылып, жұмыс орны ашылған Красноводскке тұрақтайды.

Қазір Түркменбашы деп аталатын бұл шаһар Кеңес Одағы кезінде Түрікменстанның мұнай өңдеу өндірісі дамыған қаласы болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ауыр кезеңі – 1943 жылы Красноводск мұнай өңдеу зауыты алғашқы өнімін бере бастады. Кейін бұл қала Түрікменстанның ең ірі индустриялық орталығына айналды. Бүгінгі Түркменбашы тек қана мұнайлы өлке емес, өз еліндегі курортты қалаға айналды. Каспий жағалауындағы Аваз ұлттық туристік базасы бұл қаладан бар болғаны 12 шақырым жерде тұр.

Мұхамед Сарбаев сегізжылдықты бітірген соң 1962 жылы Небит-Даг қаласындағы мұнай техникумының бұрғылау бөліміне түсті. «Небит-Даг» деген сөз «мұнай тауы» деген мағынаны береді. Өткен ғасырдың 20-жылдары бұл қала «Нефте-Даг» деп те аталған. Готурдепе, Барсакелмес, Небит-Даг кеніштері екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қиын жылдарда игерілген. Қазір бұл қалада сол кезеңде адам төзбес ауыр жағдайда жұмыс істеген геологтар мен мұнайшыларға арналған «Ізашарлар» атты архитектуралық-мемориалдық ансамбль орнатылған екен.

Небит-Дагта күллі Кеңес Одағының мұнайшы мамандары шоғырланды. Жергілікті тұрғындары – түрікмендер, қазақтар және Кавказдан келген ұлттар бөлек-бөлек ауыл болып қоныстанған екен. Қазақ ауылдың адамдары бір қабатты үйлердің алдына сәкі орнатып, жаздың аптабында сонда ұйықтайтын.  Түрікмен ауылдағылар аулаларына мал ұстайтын.  Түрікменстан тәуелсіздік алған соң Небит-Даг қаласы Балқан уалаятының орталығына айналып, атауы Балқанабад болып өзгерді.

М.Сарбаев оқыған Небит-Даг мұнай техникумы осы салаға маман дайындайтын оқу орындарының ішіндегі ең озықтардың қатарын­да тұратын. Техникумды үздік бітірген Мұхамед 1967 жылы Мәскеудегі Губкин атындағы Мұнай институтына түсті. Еңбек жолын бұрғылаушы­ның көмекшілігінен бастады. Басқаны қайдам, мен қолына енді ғана диплом алған түлекті өз ісінің нағыз шеберіне айналдырудың осы бір кеңестік тәсілін құптаймын. Жоғары теориялық білім алған жас маманды қайнаған өндіріске апарып, ең төменгі сатыдан бастап еңбек майданында шыңдағаннан жаман болған адамды көргенім жоқ. Қолмен ұстап, көзбен көргеннен ысылған маман кейін сол саланың қай шаруасына жегілсе де, өз ісін өрге сүйрейді. Кеңес Одағы кезінде білім алған бәріміздің де еңбек жолымыз осылай басталды.

Біздің кейіпкеріміз де көмекшіден бұрғылау­шыға, одан бұрғылау шеберіне, біртіндеп инже­нер-технологқа айналды. Аудандық инженерлік технологиялық қызмет бастығының орынбаса­ры, бастығы болды.  Мұнай кәсібінің ұңғыл-шұңғылын меңгерген маманға орталық инженерлік технологиялық қызметтің басшылы­ғы тапсырылып, осы қызметті 3 жылдай атқар­ды. Небит-Даг бұрғылау басқармасының бас инже­нерлігі жауапкершілікке қоса ұдайы үйреніп, білімін жетілдіріп отыруды жүктейтін еді.

Ол қай қызметте болмасын өзін ең жоғары биіктен көрсетті. КСРО Мұнай өндірісі министрлігінің Құрмет грамоталары мен медальдарын иеленді. Терең бұрғылау ісінің кәнігі маманы әрі оңтайландырушысы ретінде Кеңес Одағының барлық мұнайлы өңірлерін аралады. «КСРО мұнай және химия өндірісінің үздігі»  төсбелгісімен марапатталды. 1990 жылы Мұнай өндірісі министрлігі социалистік жарыстарда бірнеше мәрте жеңіске жеткен М.Сарбаевқа «УАЗ» автокөлігін сыйлады.

Қызылорда облысын мұнай өндірісі өркендеген өлкеге айналдыруға аз уақыт кеткен жоқ. Құмкөл мұнайын игеруге келгендерді инфрақұрылымнан бастап маман тапшылығына дейінгі түйткілді проблемалар күтіп тұрды. «Кадр бәрін шешеді» деген сөз өткен ғасырдың басында айтылғанмен, ғасыр соңына дейін өзектілігін жойған емес. Әсіресе бұрын-соңды мұнай іздеу, бұрғылау ісімен айналыспаған Сыр өңірінде бұл кәсіпті игергендер күндіз шам алып іздегенмен табылмайтын еді. Мен 1988 жылы қызмет ауыстырып осында келгенде Жетібай бұрғылау басқармасының Құмкөл терең бұрғылау экспедициясы құрылған екен. Мамандар жан-жақтан, Өзен, Жетібай бұрғылау басқармаларынан жиналды. Осындай қысылтаяң шақта Мұхамедке 1991 жылы «Оңтүстікмұнайгаз» бірлестігіне қарасты «Құмкөл терең бұрғылау экспедициясы» мекемесінің басшылығы тапсырылды. Ол жаңа жерде жаңа саланың аяғынан тік тұруына, қазыналы Құмкөлдің байлығын бұрғылап, халық игілігіне беруде көшбасшылардың қатарында тұрды.  Мұнай өнеркәсібінің ең қиын, қаржы мен күш-жігерді талап ететін буыны осы – ұңғыма бұрғылау. Ал жердің бетіне шыққан мұнайды жайғастыру ретімен атқарыла береді.

Мұхамед Сарбаевпен 1992-1995 жылдар аралығында оның орынбасары болып бірге жұмыс жасадық. Мен «Оңтүстікмұнайгазға» қызмет ауыстырдым, ол кісі экспедицияны қайта жарақтандыру, жаңа техника алу, ұңғыманы бұрғылап, шегендеуді, жас мамандарды баулуды, мұнайды игеруді ұйымдастырды. Кейін «Сандриллинг» компаниясында еңбек етіп, Амангелді газ кенішіндегі  ұңғыманы бұрғылауға қатысты. Бұрғылау жұмыстары күткендегіден әлдеқайда нәтижелі болды.

Ағайынды Сарбаевтардың кішісі Ахун мамандық алғаннан кейін «Өзен бұрғылау басқармасында» бұрғылау шебері, ауысым бастығы қызметтерін атқарды. Бұл басқарма құрамындағы бригада кезінде Мұнай өнеркәсібі министрлігінің бұрғылау бригадалары арасында өткізген Бүкілодақтық социалистік жарыстардың нәтижесі бойынша бірнеше рет бірінші орынға ие болып, «КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің ең үздік бұрғылау бригадасы» атағын алған. Бұрғышыларының өз міндеттерін табысты орындауы Өзен мұнайшыларына өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Кен орнынан алынатын мұнай көлемі жылына 16 миллион тоннаға дейін жеткізілді.

«Өзен мұнай басқармасы» 1975 жылы айына тұрақты түрде 35-36 скважина бұрғылап тұрған, Одақ көлеміндегі 325-350 мың метр тереңдікте бұрғылау жұмыстарын атқарған мекеме. Сыр бойында «қара алтын» игеру басталғанда осындағы еңбек майданында шыңдалған мамандармен бірге Ахун Сарбаев та «Құмкөл терең бұрғылау экспедициясына» келді. Ауысым бастығы, аудандық технологиялық инженерлік қызметтің тізгінін ұстады. Негізгі жұмысы өндіріс басында. Өндіріс дегеніңіз бір бұрауы сай келмесе бүкіл жұмысы тоқтап қалатын тұтас механизм. Бірі жетсе, бірі жетпейтін, әсіресе жұмыстың көзін білетін маман аз уақытта қыз-қыз қайнаған тірліктің бел ортасында жүрді.

Көп ұзамай экспедиция ұлғайып, өндіріс, технологиялық бөлімдері  ашылды. Ахун   1989 жылы Құмкөл экспедициясы аудандық инже­нерлік технологиялық қызметті басқарды. Кеніш басында Махмуд Рахметовпен ауысып жұмыс істеп, ұңғымалардың жұмыс жоспарын жасады. Технологиялық, инженерлік жұмыстарды басқарды. Жұмыс болған соң, жоспардан тыс жағдайлардың орын алып тұратыны белгілі. Мұндайда апаттың себебін жұмыс жасаушы бригаданың салғырттығынан, бұрғылау процесін білмеуінен, бұрғылаудың технологиялық тәртібінің бұзылуынан іздейді. Ахун Сарбаев ұңғымалардың дер уақытында, апатсыз және сапалы бұрғылануына көп еңбек сіңірді.

1990 жылдың 9 мамыры Құмкөл кен орнының тарихында ерекше күн. Сол күні кеніш өндірістік игеруге қосылды. Салтанатты жиын өтіп, ашылу рәсіміне КСРО Мұнай өнеркәсібі министрі Филимонов бастаған және Мәскеуден, Маңғыстаудан мұнайшы мамандар мен Қызылорда облысының басшылары қатысты.  Кеніш басында думанды мереке болды. Өйткені кенішті игеруге Ахун сияқты білікті, білімді қазақ жігіттері қатысқан еді. «Құмкөл-Қарақайың» мұнай құбыры іске қосылғаннан кейін Ахун экспедицияның бас инженері болды. Алғашында 100-150 адаммен жұмысты бастаған экспедиция 700 адам еңбек ететін үлкен ұжымға айналды.

Құмкөл мұнайын игерудің аса қиын ша­ғында жүктелген міндеттерін адал атқарып, бір мақсатқа жұмылған маңғыстаулық мамандар бірте-бірте кері оралды, басқа қызметтерге ауысты.  Олар жасаған іргелі істер туралы жақсы пікір қалыптасты. Баулып үйреткен мұнайшылары өндіріске мұрагер болып қалды.

Ағайынды Сарбаевтарды бүгінгі буын мұ­найшылар танымаса да, аға ұрпақ біледі. Өмірден тым ерте кеткен Ахунның, 2011 жылы дүниеден өткен Мұхамедтің қазақ мұнай өндірісі саласына сіңірген еңбегі ерен. Сол ерен еңбектің бір тармағы Сыр  бойындағы жемісті жылдар еді.

 

Ғалым БАЙМАНОВ,

инженер-мұнайшы.  

ҚОҒАМ 30 тамыз 2018 г. 617 0