Еліміз тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көпұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында ауыз толтырып айтар жетістіктер жетерлік. Экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, жас мемлекетіміздің өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды. Бұл ізгі қадамның ізі сот жүйесінен де орын алды. Өйткені, сот жүйесінің қалыптасу тарихы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңімен тікелей байланысты. Еліміз қандай ауыртпалықты басынан кешірсе, сот саласы да сол қиындықтар мен реформалардан шеткері қалған емес.
Қай заманда болмасын, сот әділдігі өзіндік ерекшелігі бар мемлекеттік қызмет ретінде тек қана заңға бағыну және соттардың тәуелсіздігі негізінде жүзеге асырылып отырды. Елбасының халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында да сот саласына артылар міндет аз болмады. Соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында облыстың сот жүйесінде сот төрағалары мен судьяларының қатысуымен "Ашық есік” күнін ұйымдастыру жүйелі жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде осы "Ашық есік” күні әрбір азамат сот саласына деген көкейде жүрген сауалдарын бүкпесіз қоя алатын мүкіндікке қолы жетті. Мұндай игі іс біздің Байқоңыр қалалық сотында да тұрақты өткізіліп тұрады.
Сот кеңсесінің соны жетістіктерінің бірі – жаңа технологияларды қолдану арқылы апелляциялық және қадағалау сатыларында барлық талап арыздар, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер, сондай-ақ материалдар мен қадағалау шағымдары судьялар арасында сот төрағасының қатысуынсыз арнайы әзірленген бағдарлама көмегімен автоматты түрде бөлінеді. Бұл судьяларға жүктеменің тең бөлінуін қамтамасыз етуге, сонымен бірге бөлу рәсіміне басқа тараптан сыбайлас жемқорлықтың болмауына мүмкіндік береді. Жүйе істерді бөлгенде судьялардың жүктемелері, судья қарайтын істің тілі, судьяның мамандануы, жұмыста болуы, істің күрделілігі сияқты бірқатар өлшемдерін есепке алады. Судьялардың арасында істерді бөлудің технологиялық процесін сақтау әрдайым жоғары тұрған соттардың бақылауында болады.
Қарлығаш Нұрпейісова,
Байқоңыр қалалық сотының судьясы.