Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен екі жылдан бері техникалық және кәсіптік білім беру саласында дуальдық оқыту жүйесі жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта Қызылорда индустриалды-техникалық колледжі мен "Best-Servise LTD фирмасы” ЖШС әлеуметтік серіктестігі арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылып, 2012-2015 жылдар аралығында атқарылатын жұмыс жоспары жасалған болатын-ды.
Оқытудың бұл түрінің ерекшелігі оқу процесінің өндіріске барынша жақын болуында жатыр. Яғни, кәсіптік колледж студенттеріне екі жақты білім негізінде өз мамандығын жетік меңгеріп шығуға толық мүмкіндік жасалған. Дуальдық деген сөздің мағынасы екі жақты деген ұғым береді. Білікті де білімді маман болу үшін студенттер бірінші курстан бастап-ақ өндіріс саласында іс-тәжірибеден өтеді.
Индустриалды-техникалық колледжінде дуальдық оқыту жүйесіне көшудің алғы шарттары жасалды. Аймақтың жаңа еңбек нарығын зерттей келе сұраныстағы мамандықтардың бірінен саналатын аспазшылыққа маман даярлау ісі жүзеге асырылды. "Тамақтандыруды ұйымдастыру” мамандығы бойынша 14-12 оқу тобында дуальдық білім беру жүйесі енгізілді. Осы топтың 25 тыңдаушысы өткен жылдың соңғы екі айы мен осы жылдың алғашқы екі айында аймақтағы ірі мұнай кәсіпорындарының асханалары мен "Регистан”, "Пекин” мейрамханаларында, "Жібек жолы” сауда орталығында өндірістік машықтанудан өтті. Тәжірибеден өту барысында әр оқушыға жеке тәлімгер бекітіліп, оқушы-тәлімгер-өндірістік оқыту шебері өзара тығыз байланыста бірлесе жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде оқушылар өздерінің колледжде алған теориялық білімін тәжірибе жүзінде қолдана біліп, төрт айлық машықтану жұмыстарын жоғары деңгейде орындады.
Жақында техникалық колледжге "Best-Servise LTD фирмасы” мекемесі директорының кеңесшісі келіп, өндірістік машықтанудан өту барысында кәсіби біліктілік көрсете білген бір топ студенттер мен олардың өндірістік оқыту шеберлеріне Алғыс хат пен ақшалай сыйақы тапсырды.
Гүлнұр РЕЙМБЕРГЕН.