« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қай заманға, қай кезеңге де болсын көз салсақ, ар мен намыс жүгін қайыспай арқалаған, рухы бай, өз өмірін ел-жұртының жарқын болашағы үшін арнаған тұлғалы азаматтардың болатынын көреміз. Сондай айтулы азаматтардың бірі – кешегі Кеңес заманында барша ғұмырын Арал өңірінің мал шаруашылығын өркендетуге арнап, ел қазынасын тасытуда ерен еңбегімен ерекше көзге түсіп, абырой биігінен көріне білген Қуаныш Бердімағанбетов болды десек, артық айтқандық болмас еді.
Тамырын тереңге жіберген тектілікке қоса өмірден көргені мен түйгені мол, кісіге жасаған қайырымы, кейде жанына жақпайтын істі көрсе, біліп айтар сұңғылалығы да бар абзал азаматтың өткен өмір жолына көз салсақ, бұрылыс-бұралаңы жоқ, төрт құбыласы түгел болды деп те айта алмас едік. Ол жарық дүниеге келіп, жатқанда ел ішін жайлаған ашаршылық зардаптары мен неше түрлі қолдан жасалған қуғын-сүргін зұлматтарын сәби жөргегінен-ақ сезіп өсті. Одан кейінгі балалығының базарлы шағы да соғыстың отты жылдарына тұстас келіп көп қиындықтарды басынан кешіріп өсті.
Осылайша қимас күндерін соғыс құрбандығына айналдырған Қуаныш 12 жасында «Орджоникидзе» колхозының малшысы болған әкесі Бердімағанбетке көмекші шопан болып еңбекке ерте араласуына тура келді. Міне, сол кездің өзінде-ақ құрбыластары сияқты алдына сан түрлі арман-мақсат қойған Қуекең өмір сүрген заманының талабына сәйкес, атакәсіп – малшылықты біржолата дұрыс таңдағанын оның былайғы өмірі дәлелдегендей еді. Оның жалындаған жастық жалыны мен бойындағы бар күш-жігерін осы мақсат жолында қандай тосқауыл қамал болса да, бұзып жаруға арнайтындығы келешек өмірінде өзіне демеу беріп, алаңсыз алға ұмтылдырып отырды.
Өткен ғасырдың 50-жылдарының аяқ кезіндегі кеңестік биліктің мал шаруашылығын қарқынды өркендетуге бағыт алған саясатының нәтижесінде Аралдың қыр беткейінде де көптеген ұсақ колхоздар біріктіріліп, бірнеше қой совхоздары құрыла бастады. «Мал шаруашылығы – екпінді майдан» деп жалаулата ұрандатқан аттаныс жылдар бойы мүлгіп жатқан құмды өңірге де үлкен өзгерістер әкеліп, жаңа қарқынмен түлеуіне жол ашты. Ел азаматтары құстың қанаты, аттың тұяғы тозатын құм қойнауындағы жаңа шаруашылықты берекелі мекенге айналдыру үшін барын салды. Осындай күндердің бірінде «Қарақұм» совхозының негізін қалаған іскер ұйымдастырушы Байжан Бижановтың қырағы көзінің мал бағудың қыр-сырын жетік білетін, шаруаға мығым, ісіне ұсынақты Қуанышқа түсуі тегіннен тегін емес. Сол кезден шопанның құтты таяғын қолына алған Қуекең алғаш «Қарақұм», кейін одан бөлініп шыққан «Жіңішкеқұм» совхозының №3 фермасының аға шопаны болып үздіксіз жарты ғасырға жуық тер төгіп, зейнет демалысына шыққанша еңбек етті.
«Мал баққанға бітеді» дегендей, өзінің туабітті еңбекқорлығы мен жауапкершілігі арқасында, ол берісі аудан, әрісі облыс, республика көлеміндегі қатарластарынан оза шауып, абырой биігінен көрініп, ерекшеленді. Өзіне бекітілген қаракөл қой отарындағы мал санын шығынсыз аман сақтап, төл алу және оның өнімдерін мемлекетке өткізу жөнінде жоспарлы тапсырмаларды үнемі асыра орындап жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, көпке үлгі болып отырды. Бұл күндері уақыт көші ұзаған сайын Қуекеңнің көзін көріп, онымен бірге қызметтес болғандардың қатары да сиреп барады. Десе де адам баласына берілетін ең жоғары әрі жүрекке жылы баға абырой десек, туған елін түлетуге бар ғұмырын арнаған еңбек ардагерінің өнегелі ғұмыры жайлы көзін көрген қатарластарының естеліктері оның өмір жолын көзге елестетеді. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір» дегендей, шопандар қауымының тынымсыз, қажырлы еңбегінің нәтижесінде ауылдың экономикасы мен тыныс-тіршілігінде де келелі өзгерістер болды, – деп еске алады аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы, осы шаруашылықта көп жылдар басшылық қызмет атқарған еңбек ардагері Кішкене Айбосынов. – Осы еңбеккер қауымның алғы сапында Қуекең де туған елінің көркеюі үшін маңдай терін төгіп адал еңбек етіп, айналасындағы дос-жаран, қатарластары арасында сыйлы болды. Облыстың партия ұйымының пленум мүшесі ретінде талай-талай алқалы жиындарда сөз алып, мал шаруашылығының келелі мәселелері жөнінде көпшілікке ой салған кездері көп болды. Әртүрлі дәрежедегі басшылардың өздері де әрдайым Қуекеңмен ақылдасып кеңесін тыңдап отыратын».
«Шаруа көзін жетік білетін, мал бағудың қас шебері болған Қуекеңнің аудан, облыс көлемінде алдына ешкім шыққан жоқ, үнемі алда жүрді. Қазір уақыт өзгерді дегенмен қоғам игілігі үшін аянбай еңбек еткен Қуекең сияқты азаматтардың өмірі мен өнегелі істерінің бүгінгі ұрпаққа берер тағылымы үлкен», – деп еске алады осы шаруашылықтың ыстық-суығына бірге күйіп атсалысқан еңбек ардагері Баян Есқуатова.
Қуаныш Бердімағанбетов – қой шаруашылығын дамытудағы көп жылғы үздік жетістіктері Үкімет тарапынан да лайықты бағаланып, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Октябрь революциясы» ордендерімен, бірнеше медальдарымен марапатталды. Республика Жоғарғы Кеңес пен облыстық, аудандық дәрежедегі алған «Құрмет грамоталары» мен алғыстары бір төбе. Ал 1984 жылы еңбектегі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Қазақ КСР-нің «Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» деген құрметті атаққа ие болуы оның абыройлы өмірінің үлкен бір белесі. Тағдыр оны қаншама біртуар азаматтармен кездестірді. Марқұм осы бір мәртебелі атақты сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық Комитетінің 1-ші хатшысы болған, халқымыздың даңқты перзенті Д.А.Қонаевтың өз қолынан алғанын әркез шаттана еске алушы еді. Облыстық партия комитетін басқарған Еркін Әуелбеков сынды беделді азаматтың еңбектегі жетістіктері үшін «УАЗ» жеңіл автокөлігін сыйға тапсырғаны мен емен-жарқын әңгімелескені де естелігіне арқау болатын.
Қуекең тәуелсіздік жылдарында да ел құрметіне бөленуден кенде болған жоқ. Соның айғағындай 2007 жылы «Арал ауданының Құрметті азаматы» атанды, Елбасы Жарлығымен «Ұлы Жеңіске 60 жыл», «Қызылорда облысына 70 жыл» мерекелік медальдарын омырауына тақты. Аудан ардагерлерінің сапында жаңа Астананың көркін де тамашалап қайтты. «Ақылды қария – ағынды дария» дегендей, ол республикалық дәрежедегі зейнетке шыққасын да ауданның, ауылдың қоғамдық өміріне белсене ат салысып, ұлағатты ақыл-кеңестерін айтудан жалықпады.
Қадыр Мырза Әлі тауып айтқандай: «Атақты үкімет береді, абыройды халық береді». Үлкенге ізет, кішіге қамқор бола білген көпшіл қарапайым, ел халқына сыйлы азаматқа халқының бағасы ше? Ондай абыройды халық кез келген көк аттыға бере бермейді. Ол пенделік ғұмырында кісілік пен кішіліктің, айналасына шуақ шашқан азаматтығының арқасында осындай абыройға ие болған жан болды. Ілгері заманда өткен ақыл ойлы дана бабаларымыз: «Адам туылғанда өмірге төрт түрлі қасиетпен келеді: жақсылығы, жамандығы, ырысы, өміржасы. Мұның бәрі өзінікі, өзгеге өлшем болмайды» – деген екен.
Қуаныш өмірінің соңғы күніне дейін ағайынның қуанышына да, қайғысына да ортақтасып жығылғанға тіреу, шаршағанға демеу, қамыққанға қамқоршы бола білді. Бүкіл әулетке, ауыл-аймақ, досқа аға да, жаға да болды. Үйінің есігі әрдайым ашық болды. Ауыл адамдары да, сырттан келген сыйлы қонақтар да оның берекелі дастарханынан дәм татып, ризашылық баталарын беріп жататын. «Жақсы әйел – азаматтың бағы дегендей», ағамыздың отбасының көп жанды ауызбіршілікті, берекелі, базарлы болуы құдай қосқан қосағы Үржан жеңгеміздің ақжарқын, қабағы ашық, кеуілді мінезіне байланысты екендігі жайлы да сөз қозғамау мүмкін емес. Екеуінің маңдайына Жаратушы иеміз еңбегіне, адал болмыс-бітіміне, пейіліне қоса мол ризық-несібе, бақ-бедел берді. Екеуі жеті ұл-қызды дүниеге әкеліп өсірді. Олардан өрген немере-шөберелерінің қызықтарын көздері көрді, алақандарынан су ішті.
«Әкеден ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, олардан өрбіген ұрпақтары да қазіргі заманның талабымен қалыптасқан тұрмыс-тіршіліктің талғамына сәйкес отбасын құрып, өздеріне лайықты кәсіби жұмыстарын атқарып адал тер төгіп еңбек етуде. Оның «құтты таяғын» қабылдаған баласы Төрехан уақыт талабына сай «Қуаныш» шаруа қожалығын құрып, әкеден қалған тәлімін тәжірибеге айналдырып, қыр төсін төрт түлік малға толтырып, ата кәсібін лайықты жалғастырып отыр.
Ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген, парасаты биік, ашық пейіл кең мінезді ағамыздың жалған дүниеден өткеніне де бес жылдың жүзі болған екен. Тау алыстаған сайын биік көрінетіні сияқты ешкімнің дегеніне мойынсынбайтын уақыт әмірші атылған оқтай, шапқан арғымақтай зуылдаса да, оның жарқын бейнесі ел халқының жадынан өшпек емес.
Өткенсіз бүгінімізді, бүгінсіз ертеңімізді көз алдымызға елестете алмаймыз. Елді үнемі ізгілікке үндейтін Елбасымыздың «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы» идеясы бүгінгі қоғамдық санада еңбек адамдарын құрметтеу арқылы жастарға ел дамуын тек еселі еңбекпен ғана байланыстыру керектігін алға тартады. Осыған байланысты Тоқабай ауылы тұрғындарының ортақ шешімімен үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 8-і күні Қуаныш Бердімағанбетовтың 85 жылдығын еске алу шараларын өткізу көзделуде. Бұл ұсыныс аудан әкімшілігі тарапынан да қолдау тауып, аталған шаралар аясында жергілікті қоғамдастықтың қаулысымен бекітілген ауыл көшесіне ерен еңбек иесінің есімін беру, демалыс саябағын жасап, кеуде мүсінін орнату және ұрпақтары тарапынан рухына құран бағыштап ас беру, ұлттық спорттық ат бәйгесін өткізу сияқты тағылымды еске алу шаралары ұйымдастырылмақ.
Үргенішбай ҚУАТОВ,
Жіңішкеқұм ауылдық округі жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.
Арал ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |