АБАЙЛАҢЫЗ, АЛДЫҢЫЗДА АДАМ КЕЛЕДІ

осылай айтпасқа амал жоқ
Еліміздің алғашқы астанасы болған Қызылорда қаласы соңғы кезде жыл санап емес, ай санап айшықтанып келеді десек, асыра айтқандығымыз болмас. Көшелерді абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына бетбұрыс жасалып, қала тұрғындарының көңіл-күйлері көтеріліп-ақ барады. Десе де... Бұлай демеске лажымыз жоқ. Айтайық. Қаланың "Арай” мөлтек ауданында Сердалы Бекшораұлы атындағы көше бар. Кезінде ақ шаңдақ пен қараңғы қапасқа оранып тұратын бұл көше бүгінде адам танымастай өзгеріске енген. Яғни, жолға асфальт төселіп, көше бойына электр жарығы тартылған. Көше басында облыстық мемлекеттік мекемелер ғимараты шаңырақ көтеріп, "мен мұндалап” тұр.
Айтпағымыз, осы көше бойымен жас бүлдіршіндер ғана емес, ересектердің өзі жаяу жүруі әсте мүмкін емес. Өйткені, көше өте тар. Жаяу жүргіншілер жолы салынбаған. Көше бойындағы тұрғын үйлердің де ілгері-кейінді салынуы, болмаса қоршау жасауы архитектуралық талапқа сай емес.
Жоғарыда айтқандай, С.Бекшораұлы көшесі басына ондаған облыстық мекемелердің қоныс аударуына байланысты жүйткіп жүрген жүздеген автокөліктерден күні-түні көз сүрінетін күй кештік. Оны айтасыз, құм мен тас, көң тасыған "КамАЗ” көліктері қаншама? Ерсілі-қарсылы жарыса жүйткіген олардың күндердің күнінде бірін-бірі мүйіздемесіне кім кепілдік береді? Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолы болмағандықтан көше жиегінде келе жатқан жандардың өміріне үлкен қауіп төндіріп отыр. Көше тұрғындары осы бір толғақты сауалды облыстық ішкі істер басқармасына да жолдаған болатын. Олардан "Дұрыс. Көше тар болғандықтан жаяу жүргіншілер жолын салуға келмейді. Содан да автокөліктер қозғалысын бір жақты етерміз” деген жауап алған болатын. "Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды” демекші, араға ай емес, жыл салған сауалдың жауабы "жабулы қазан жабулы” күйінде қалумен тұр. Ендігі айтарымыз, құрметті автокөлік жүргізушілері абайлаңыздар, алдыңызда адамдар келеді. Сенбесеңіздер, өздеріңіз де жаяу жүріп көріңіздер.
Көше тұрғындары атынан:
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ,
С.БОДЫҚОВ,
Ф.ҚЫДЫРОВ,
Т.СҮЛЕЙМЕНОВ.
Қызылорда қаласы.

ҚОҒАМ 26 сәуір 2014 г. 1 194 0