« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» атты қалалық білім беру қызметкерлерінің педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Оған облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері қатысты.
Кеңеске жиналғандар алдымен қаланың білім саласындағы жетістіктері мен даму перспективасы туралы көрмемен танысты. Дәстүрлі жиында жаңа оқу жылындағы өзгерістер талқыланып, алдағы жоспарлар түзілді. Алдымен облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов ұстаздар қауымын білім саласындағы жоғарғы жетістіктермен құттықтап, тамыз кеңесінің жұмысына сәттілік тіледі. Облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова алдағы міндеттер мен биылғы оқу жылының ерекшелігіне тоқталды.
– Өткен оқу жылында білім саласындағы түрлі стратегиялық бағыттардың аясында көптеген жұмыстар жүзеге асырылып, бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Мұның барлығы осы ұстаздар қауымының еңбегінің нәтижесі. Қазіргі таңда интеллектуалды капитал, еңбек адамы, инновациялық ойлау еліміздің басты құндылықтарына айналуда. Осы орайда білім берудің әрбір деңгейі бойынша жаңа оқу жылында жаңа ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Олардың қатарында мектепке дейінгі балаларды 100 процент балабақшамен қамту, бірыңғай бағдарлама енгізу және тәрбиешілерді дайындау бар. Биылғы оқу жылының ерекшелігі – министрлік тарапынан жаңа типтік оқу жоспары мен оқу бағдарламасының бекітілуі. Сондай-ақ, биыл алғаш рет «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7 сыныптарда «Өлкетану» курсы енгізіледі. Бұл оқу жылының екінші жартысында оқытыла бастайды. Оған қоса биыл «Информатика» пәні 3-ші сыныптан басталса, келесі жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында информатика сабағы 1-2-ші сыныптарда енгізіледі, – деді Майра Тұрғанбайқызы.
Мұнан кейін қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының робототехника үйірмесінің жетекшісі Раушанбек Сариев «робототехника және алғашқы техникалық модельдеуді қосымша білім жүйесінде үйлестіру жолдары» тақырыбында мәлімдеме жасады. Ал, қалалық білім бөлімінің басшысы Ақарыс Нұрсейітов 2017-2018 оқу жылында атқарылған жұмыстар және жаңа оқу жылындағы алға қойылған міндеттер туралы баян етті.
Оның айтуынша, бүгінгі күні қала бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны – 237. 3-6 жас аралығындағы 20698 бала мектепке дейінгі мекемелермен қамтылып, көрсеткіш 100 процентті құраған. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын цифрландыруға көшіру мақсатында осы жылдан бастап «Электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесіне Қызылорда қаласының 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары енгізілген.
Мұғалімнің әлеуметтік мәртебесі мен беделін арттыру – білім беру жүйесінің басты бағыттарының бірі. Ал педагогтердің білігі мен білімін арттыру қай кезде де күн тәртібінде. Бұл бағытта жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы бойынша өткен жылы 1432 мұғалім біліктілік арттыру курстарынан өткізілсе, жаратылыстану пәндерін үштілде оқытуды іске асыру шеңберінде 254 мұғалім курстардан өткізіліпті. Биыл жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы бойынша осы кезге дейін 627 мұғалім біліктілік арттыру курстарынан өткен. Жыл аяғына дейін 918 мұғалім, барлығы 1545 педагог біліктілік курстарынан өтетін болады.
Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе – балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктерін ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Бұл тұрғыда 2017-2018 оқу жылында 54 мектепте 2717 мүмкіндігі шектеулі балалар білім алған.
– Ерекше мұқтаждықтары бар балаларды тәрбиелеу және оқыту үрдісін сипаттау, яғни инклюзивті тәрбиелеу жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін «Мұрагер», №№ 4, 7, 211, 222 мектептер жанынан 5 логопедтік пункт және «Сыр жұлдызы» балабақшасы жанынан мүгедек балалар үшін арнайы инклюзивті топтар ашылса, даму мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы білім беру бағдарламаларына сәйкес білім алуларын қамтамасыз ету мақсатында №264 мектеп-лицейінде инклюзивті сыныптар жұмыс жасап келеді. Сонымен бірге, №5 балабақшада көзі нашар көретін балаларға арналған 3 топ, №50 балабақшада тіл мүкістігі бар балаларға арналған 1 топ, «Сыр жұлдызы» балабақшасында құлағы нашар еститін балаларға арналған топтар жұмыс жасайды. Сондай-ақ «Шағбан» жеке меншік мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектепке дейінгі мекемеде 175 бала тәрбиеленуде, – деді А.Нұрсейітов.
Бұдан бөлек, бөлім басшысы өткен оқу жылындағы оқушылардың жеткен жетістіктері мен балалар арасында орын алатын құқық бұзушылық пен суицидтің алдын алу мәселелері бойынша да атқарылған жұмыстарды сараптап, алдағы міндеттерді де тілге тиек етті.
Өткен жылы қалада 1,2,5,7 сыныптарға сабақ беретін 4003 мұғалімнің жалақысы көбейсе, алдағы жаңа оқу жылынан бастап 3,6,8 сыныптарға дәріс беретін 1545 ұстаздың еңбекақысы өспек. Яғни, олардың жалақысы 30 процентке артатын болады.
Тамыз кеңесін қорытындылаған қала әкімі Н.Нәлібаев саладағы маңызды мәселелерді айтып өтті.
– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан білім саласына үлкен қамқорлық көрсетуде. Біздің өңірде де көптеген оң істер атқарылуда. Жыл сайын жаңа білім ошақтары мен балабақшалар пайдалануға беріліп, материалдық-техникалық базалар жаңартылуда. Қалада білім саласын қамтамасыз етуге өткен жылы 18 млрд теңгеден аса қаржы қаралса, биыл 21 млрд теңгеден асты. Білім беру нысандарының саны да еселеп артып келеді. Биылғы жылы Тасбөгет кентінде жаңа балабақшаның құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріледі. Бұдан басқа Жаппасбай батыр көшесінен 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Қала тұрғындарының сұранысына сәйкес “Саяхат” шағын ауданынан 300 орындық мектеп, “СПМК”, “Арай” шағын аудандарында да дәл осындай 600 балаға арналған мектеп бой көтеретін болады. Қазір жобалық-сметалық құжат әзірленді, –деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сондай-ақ, қала әкімі саладағы кемшіліктерге де тоқталып, білім беру ұйымдарының басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Мәселен, балабақшалардағы тәрбиеленушілердің тізімінде мүлдем балабақшаға келмеген балалардың болуы, электронды жүйеге көшуге байланысты мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлері мен ата-аналар арасында ақпараттық байланыстың (бейнехабар) болмауы олардың балабақшаға деген кері көзқарастарын тудырған. Осыған сәйкес “Электронды балабақша” жүйесінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын жетілдіру жұмыстарын аяқтап, балабақша қызметкерлері мен мемлекеттік қызмет алушыларды ақпараттандыру мақсатында арнайы кешенді жоспар әзірлеу жүктелді. Қазір барлық білім беру ұйымдарында цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, қағазбастылықтан арыла алмай отырған білім ошақтары бар. Сол үшін интернет жүйесінің жылдамдығын арттырып, электронды журналға 100 процентке көшуді қамтамасыз ету қажет. Үшінші, қала көлемінде балаларды қосымша біліммен қамту өз деңгейінде емес. Осы ретте балалардың қосымша білім алуына қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы жақсы нәтижеге жету және электронды техникалық үйірмелер ашуды тиісті жолға қою. Төртінші, мектеп оқушыларының қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында жұмыс жасау міндеті тұр. Қалада ерекше қолдауды қажет ететін 3 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Осы балаларға инклюзивті білім алуға қолжетімділікті арттыру бағытында білім беру ошақтарында инклюзивті топтар мен сыныптар желісін кезең-кезеңмен көбейту де өте маңызды мәселе. Сондай-ақ, кадрлық резервті қалыптастыру, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін арттыру бүгінгі білім беру саласындағы келелі міндеттер болып табылады. Сондықтан осы мәселелерді барынша тиімді әрі сапалы ұйымдастыруға күш салуымыз қажет деп толықтырды қала әкімі.
Шара соңында үздік ұстаздар мен балабақша қызметкерлері Алғыс хатпен марапатталып, арнайы сыйлыққа ие болды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |