Құндылықтар дәріптелген күн

Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «National taste» форматында ұлттық сусындар акциясы өтті. Жастарға шұбат, қымыз, айран сусындары жайлы танымдық ақпарат беріліп, ұлттық құндылықтар дәріптелді.

Шара күндіз «Қызылорда тазалығы», «Қызылорда автобус паркі» қызметкерлеріне, жол жөндеуші компания жұмысшыларына ұлттық сусындар таратудан бастау алды. Көшедегі жаяу жүргіншілер де көңіл аударып, ұлттық сусыннан дәм татты. Үлкендер жағы ақ батасын беріп, ризашылықтарын білдірді.

Шара кешкісін «Өнер» арбатында жалғасты. Акция аясында тек ұлттық сусындар таратылып қана қоймай, жиналғандарға оның мәні мен мазмұнын айқындайтын толыққанды ақпарат берілді. Интеллектуалдық ойын ойнатылып, ұлттық тағамдарымыз бен салт-дәстүрлерімізге қатысты сұрақтар қойылып, маңызды деректер айтылды.

Ақ кимешек киген Бесарық ауылының «Әжелер ансамблі» әуелете ән шырқады. Қаладағы С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің әжелері де замандастарына қосылып, әсем әннен шашу шашты.

 

«СБ» ақпарат.

ҚОҒАМ 23 тамыз 2018 г. 707 0