« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» – деп XXI ғасырда білімнің алатын орнына тоқталып өткен болатын.
Әлемде өз дамуы барысында білім саласында тиімді реформалар жүргізіп, солардың нақты жемісін көріп отырған мемлекеттер аз емес. Сингапур, Малайзия, Финляндия, Норвегия, Германия, Ұлыбритания елдері заман талабына, халықтың сұранысына, тарихи қалыптасқан ұлттық дәстүрге сәйкестендіріп, әр оқушының қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған оқыту бағдарламалары арқылы білім беруде, яғни, адам капиталын дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда.
Кезінде ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Елді түзеу ісін – бала оқыту ісін түзеуден бастау қажет» деген болатын. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде білім беру саласына, оның ішінде ұстаздардың біліктілігін арттыруға айырықша көңіл бөлінуде.
Қазіргі уақытта Кембридж университеті мен Педагогикалық шеберлік орталығы бірлесіп дайындаған деңгейлік бағдарламалар бойынша, қазақстандық мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамыту бағытында жаңа әдіс-тәсілдер оқыту үдерісіне ендірілуде. «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» озық тәжірибелерін жалпы білім беретін мектептердің оқыту тәжірибесіне енгізу бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.
Мектептегі басты тұлға – мұғалім екендігі белгілі. Ы.Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деп бекер айтпаған.
Технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалімнің рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтынын халықаралық зерттеулер көрсетуде. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамыған кемел ұстаздар ғана тәрбиелей алады. Қазіргі таңда қоғамымыздың ең көкейтесті мұраттарының бірі білімді педагог кадрларды әзірлеу және қалыптастыру, оның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелері бойынша елімізде және аймағымызда ауқымды шаралар атқарылуда.
Мемлекет дамуының жаңа белесінде тұғырнамалық тұрғыдан нақтыланған, еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясының табиғи түрдегі құрамдас бөлігі болып табылатын «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы білім саласына қатысты 76-79-қадамдарды жүзеге асыру мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы» және оның филиалдарында атқарылатын барлық жұмыстар ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша орындалуда.
Ұлт Жоспарындағы 76-қадамда «ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функционалдық сауаттылықты дамыту үшін мектептерді оқыту стандарттарын жаңарту. Жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру» делінсе, 79-қадамда «Білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу. Басты мақсаты – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру» міндеті қойылған.
2016 жылдан бастап «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» Қызылорда филиалында білім мазмұны жаңартылған бағдарламалар бойынша біліктілік арттыру курстары өткізілуде.
Осы жылдары білім мазмұны жаңартылған бағдарламалар бойынша институтта 8952 мұғалім біліктіліктерін арттырып, олардың 8935-і (99,8%) қорытынды емтихан нәтижесінде сертификаттарға ие болды. Бұл республика бойынша үздік көрсеткіштердің бірі болып табылады.
Осы жылдары курстан өткен 635 ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің 5,7% -і жоғары, 22,2% -і бірінші санатты ұстаздар. Жалпы, облыстағы 1471 ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің 43,2%-і Қызылорда облысы бойынша институтта біліктіліктерін арттырды.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында орта мектептің жоғары сыныптарында физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту міндеті көрсетілген. Жалпы, облыста физика пәні бойынша 598, химия пәні бойынша 430, биология пәні бойынша 721 және информатика пәні бойынша 688 ұстаз еңбек етеді.
«Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығында» және Қызылорда филиалында ағылшын тілі бойынша біліктіліктерін арттырған физика, химия, биология және информатика пәндерінің ұстаздары да біліктілік тәжірибелерін толықтырды. Оның ішінде Қызылорда филиалы бойынша біліктілік арттыру курсынан өткен 54 мұғалімнің 18,5%-і жоғары санатты, 38,9%-і бірінші санатты және барлығы да курс соңындағы тест, емтихандарды ойдағыдай тапсырды.
Білім мазмұны жаңартылған бағдарламалар бойынша оқушылар қоғамда өмір сүруге; алған білімдерін өмірде қолдана алуға, яғни функционалдық сауаттылыққа; әртүрлі мәдениет өкілдерімен жұмыс жасай алуға, идеялар мен көзқарастарды бөлісуге; өз бетінше әрекет етіп, шешім қабылдауға; азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға; сыни тұрғыдан ойлай алуға; ғылыми-зерттеушілік және жобалау жұмыстарын кешенді бағдарламалар негізінде жүргізе алуға үйренеді және дағдыланады.
Жалпы, «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамында және оның барлық филиалдарында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтеріне, инклюзивті білім беруді дамыту бағытында арнайы коррекциялық интернаттық ұйымдар тәрбиешілеріне, педагог-психологтерге, «Жалпы адамзаттық құндылықтар» бағдарламасы бойынша «Өзін-өзі тану» педагогтеріне, әлеуметтік педагогтерге, работотехниканы дамытуға және «Өлкетану» пәні бойынша жаңа білім беру бағдарламалары жасалынып, еліміздің ұстаздары біліктілік арттыру курстарында жаңа мазмұн негізінде жаңа технологияларды табысты игеруде.
Сонымен қатар, оқытудың жаңа формасы Blended learning режимінде педагогтерге арналған курстар ұйымдастырылуда. Бұл курстың оқу материалдары, оқу бағдарламалары және дәрістерге байланысты бүкіл контенттер «Өрлеудің» студиясында дайындалып, оқыту сайтына орналастырылған. Ұстаздар мектептерде еңбек ете жүріп, біліктіліктерін қашықтықтан жетілдіруде.
Институт базасында арнайы «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылып, облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар қызметкерлеріне және біліктілік арттыру курстары тыңдаушыларына «Мәңгілік ел» идеясын терең түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, биылғы жылы Қармақшы ауданының Ақжар ауылында Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен 9-10 сынып оқушылары арасында Қазақстан тарихы пәнінен білім саласының ардагері Сәден Нұртаев атындағы цифрлық форматтағы алғашқы облыстық олимпиада өткізілді. Мектепішілік, аудандық кезеңдерден облыстық кезеңге арнайы жолдама алған жас тарихшылар олимпиадада білімдерін жаңа цифрлық технологияны пайдалану арқылы сынады.
Ұлытау төрінде берген сұхбатында Елбасы «Менің арманым, ойым – Қазақстанның мәңгілік болуы. Сондықтан мен Мәңгілік Ел деген идеяны ұсынамын», – деді. Ал, Мәңгілік ел дегеніміз – қоғам мүшелерінің денсаулығы мықты, дамыған және білімді ел.
Ұстаздың қоғамдағы орны жайлы кезінде қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын мұғалімдікі» – деген еді. Шынында да, елдің экономикалық және ғылыми-техникалық дамуы, бәсекеге қабілеттілігі, ұлт болашағы, адам капиталының деңгейі мен мемлекеттің қауіпсіздігі сол елдің білім беру жүйесінің дамуы мен білім сапасына тікелей байланысты, ұстаздың білімі мен білігіне байланысты.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында» және оның барлық филиалдарында ұстаздардың біліктілігін арттыру бағытындағы жемісті жұмыстар алдағы кезеңдерде де Ұлт Жоспарымен үндесіп жүргізіле бермек.
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша
ПҚ БАИ директоры, профессор.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |