ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өткізілді.
Ведомствоаралық жұмыс тобының күн тәртібінде 6 мәселе қаралды. Отырыста облыс аумағындағы тұрақты емес жолаушылар тасымалына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, Арал, Қазалы ауданы әкімдіктерінің, Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының 2018 жылдың І жартыжылдығындағы мемлекеттік қызметтер саласында атқарылған жұмыстары, проблемалық мәселелері, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру бойынша есебі тыңдалды.
Бұдан бөлек, қалалық білім беру және әлеуметтік салаларда мемлекеттік қызметтердің бизнес-процесіне реинжиниринг, оңтайландыру жұмыстарын жүргізуі бойынша атқарылған жұмыстар туралы аталған сала басшыларының хабарламалары, сондай-ақ ағымдағы жылдың 8 айында «жасырын сатып алушы» тәсілімен қоғамдық бақылауды іске асыру жұмыстарының нәтижелері туралы Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ғ.Ілкібаевтың баяндамасы тыңдалды.
Отырыс соңында жұмыс тобының шешімімен барлық мүдделі органдарға «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары» қызметін жандандыруды, электронды түрде көрсетілетін қызметтердің үлесін көбейтуді, сондай-ақ бағынысты қызметкерлердің электрондық цифрлық қолтаңбаны алу және қолжетімді қызметтерді тек электрондық түрде алуын қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді.