Қазалы келбеті көріктене береді

Өздеріңіз жақсы білесіздер, құрылыс саласы экономикасы дамыған елде ғана қарқын алады. Бұл нарықтың бұлжымас заңдылықтарының бірі.
Бүгінде еліміздің қай түкпіріне барсаңыз да жаңадан салынып жатқан нысандарды көреміз.
Міне, бұл үрдістен қазыналы Қазалы ауданы да тыс қалып отырған жоқ. Өңірімізде құрылыс саласы жыл өткен сайын жанданып, салынатын құрылыстар қатары көбейіп келеді. Жаңадан бой көтеріп жатқан нысандар да жетерлік.
Биылғы жылдың басынан бері аудандық аурухана, 300 орындық мектеп, Жанқожа батыр ауылында заманауи үлгідегі спорт кешені пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, биыл аудан орталығынан 600 орындық мәдениет үйі, аудандық мекемелер үйі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Өркендеу ауылынан дәрігерлік амбуллатория, Қазалы қаласындағы «Шағала» лагерінің құрылысы қолға алынатын болады.
Аудандық аурухана жанынан 250 орынға арналған аудандық емхана, 2 қабатты 12 тұрғын үй, Ұлттық қауіпсіздік комитеті аудандық бөлімі кеңсе ғимараты, аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі құрылысын жүргізу мақсатында жоба дайындалуда.
Сондай-ақ, инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп жатқан кенттегі 180 гектар аймақтан "Рәміздер алаңы" мен "Демалыс паркiн" салу эскиздік жобасы әзірленді.
Қазіргі таңда Әйтеке би кентінде «Көлік, сауда-логистикалық орталық» жобасы жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде 250 адам қабылдап-өткізу қызметін көрсететін автовокзал ғимараты, сауда павилионының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Екінші кезеңде автовокзалдың сауда-логистикалық орталығы құрылысын жүргізу жоспарлануда. Бұл жұмыстардың барлығы қазалылықтардың осы заманғы әлеуметтік сұранысын қанағаттандыруға бағышталған үлкен міндеттен туындайды. Біз үшін азаматтарымыздың сұранысы мен қажеттілігі басты бақылаудан түскен емес.
Жекелеген тұрғындар да жаңадан жер учаскілерін алу арқылы тұрғын үйлер тұрғызуға күш салуда.
Осы орайда, бес жаңа қоныстану аймағы игерілу үстінде. Қазалы қаласынан 261 гектар, Әйтеке би кентінен 446 гектар жер учаскелеріне электрмен жабдықтау, ауыз сумен қамту, газ жүргізу жұмыстары жүруде. Биыл бұл жұмыстарға барлығы 3,2 млрд. теңге бөлінді.
Осы жұмыстардың нәтижесінде алдағы уақытта 2000-нан астам жер учаскесі ашылып, жеке секторлардың тұрғын үй салуға мүмкіндіктері болады.
Осының бәрі ауданымызда құрылыстың қарқынды жүргізіліп жатқандығын, құрылысшылардың аянбай еңбек ете білетіндігін көрсетеді. Әрине, қандай құрылыс болсын орасан зор еңбекті қажет етеді, ол құрылысшылардың жасампаз еңбектеріңіздің жемісі.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
ҚОҒАМ 18 тамыз 2018 г. 747 0