Тау тұлғалы азамат

 Тарихи қысқа уақытта тәуелсіз жас мемлекетіміздің негізін қалау, оны нығайту, одан әрі дамыту бағытында қыруар жұмыстар атқарылды. Соның арқасында асқақ мәртебелі, дүниежүзілік саяси аренада басқаларға жол көрсететін, әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленген жаңа да жасампаз Қазақстан мемлекетін құрдық. Осынау үдеріске ширек ғасырдан бері өзіндік үлес қосып келе жатқан ұлт перзенттерінің қатарында танымал ғалым-ұстаз, білім беру және ғылым саласының көрнекті ұйымдастырушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов бар.

Бақытжан Тұрсынұлы 1979 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика және қол­дан­балы математика факультетін біті­реді. Сол кезден бастап өзі бітірген Қазақстан білімі мен ғылымының қарашаңы­ра­ғында қоғам­дық қызметтер атқарып, ассис­тент­тен профессорға дейін, кафед­ра меңгерушісінен ректорға дейінгі лауазым­дарға көтеріледі.

Осы жерде, өзім де  Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі болғандықтан, Бақытжан Тұрсынұлымен алғашқы кезде­суім туралы санамда жатталып қалған сәттермен бөліскенім артық болмас деп ойлаймын.

1980 жылғы қараша айы. Білім із­деп ауылдан Алматыға аттандым. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­­вер­­ситетінің құрлық гидрология­сы мамандығы бойынша дайындық бө­лі­­міне құжаттарымды тапсырып жүр­­­генмін. Құжаттарға байланысты туын­­­даған мәселелер бойынша әрі-бері са­былып жүргенімде түс мезгілі де болыпты. Бас оқу ғимаратында (Панфилов және Киров көшелерінің қиылысы) орналасқан дайындық бөлімінің деканатына келсем, жабық. Коридорда аяқ суытып, тыныстайтын жер де жоқ. Бір сағаттай уақытты текке өткізбес үшін сол маңайдағы кабинеттердің есіктеріне ілінген тақтайшалардың мазмұнымен танысып тұрғанмын. Кенет деканатқа көрші «ҚазМУ комсомол комитетінің хатшысы» деген кабинеттен жүзі жылы, тұлғалы жас жігіт шығып, таза қазақ тілінде қандай жұмыспен келгенімді сұрады. Мән-жайды білген соң кабинетіне шақырып, орындық ұсынып, менің қай мамандықты таңдағанымды білді. Жақсы оқу арқылы білікті маман атанып, елге қызмет жасау қажеттігін  түсіндірді. Білімді жас­тардың ел болашағындағы маңызы туралы ой толғады.  Кім-кімді болса да баурап алатын жүйелі әңгіменің қызығымен түс­кі үзілістің аяқталғанын байқамай қалыппын.

Әлі есімде, кабинетінің терезесінен Ала­таудың қар басқан шыңдары жақ­сы көрінеді екен. Осынау мен үшін тағылым­ды, бағыт-бағдарға толы әңгіме-сұхбатты терезенің алдында ақбас шыңдарға көз алмай қарап тұрып, жүргізген-ді. Бейне бір асқақ арманы биік шыңдармен таласып, көкке самғағандай... «Адам болатын азамат алысқа қарайды» дейді халық даналығы. Жастардың жалынды жетекшісінің өзі­нің алдына асқаралы Алатаудай мақсат қойғанын іштей түйсінгендей болдым. Әр­бір қадамы жастарға үлгі боларлықтай ол азамат осы университеттің болашақ рек­торы Бақытжан Жұмағұлов еді. Талай айтулы азаматтарға тәлімді тәрбие берген тау тұлғалы қайраткердің сол кезеңде айтқан ақыл-кеңестері жүрегіме мәңгілікке жазылып қалды. Содан болар оның өресі биік тұлғасы мен өнегесі мол парасаты көз алдымда менмұндалап тұрғандай.

Тура 26 жылдан кейін өмірімде аталған кездесумен сабақтас екінші бір оқиға орын алды. 2016 жылғы 25 қарашада ҚР Ұлт­тық инженерлік академиясының пре­зи­денті Б.Т.Жұмағұлов өз қолымен мені «Қа­зақстанның құрметті инженері» төс­белгісімен марапаттады. Білім баспал­дағына алғаш рет қадам басар тұсымда жол сілтеген қайраткердің қолы­нан награда алу, әрине, ерекше қуаныш, үлкен мәртебе.

Бір бойына мемлекетшілдік, елжан­дылық, адамгершілік сынды тұғырлы қасиеттерді жинақтаған кемел тұлғаның елге жасаған қызметін баяндау арнайы зерттеулерді үздіксіз жүргізуді қажет етеді, сондықтан мен оның еңбек жолының негізгі кезеңдеріне ғана тоқталмақпын. 

Профессор, техника ғылымдарының докторы Бақытжан Тұрсынұлы - ғылыми еңбектері елімізге және шетелдерге кеңінен танымал көрнекті ғалым. Оның математикалық модельдеу және ақ­па­раттық жүйелердің өзекті мәсе­ле­лерін қамтыған ғылыми ізденіс шеңбері  студенттік кезеңнің өзінде-ақ анық­талыпты. Өзі түлеп ұшқан университет қабырғасында әуелі іргелі математикамен айналысып, кейіннен қолданбалы математика саласында  әріптестері мен шәкірттерінен тұратын  беделді ғылыми  мектеп қалыптастырды. 

Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бақытжан Тұрсынұлы мұнай-газ өндіру саласына арналған математикалық модельдеудің  күрделі мәселелері бойынша  көптеген негіз қалаушы болып табылатын нәтижелі еңбектер иесі. Ол  мұнай-кен орындарын игерудің техно­логиялық процестерін талдаудың авто­мат­тан­дырылған жүйесін алғаш жасап, жаңа ақпараттық және сан­дық тех­­нологияларды жасау мен дамытудың, оларды мұнай-газ өндіру  өнер­кәсібіне енді­рудің негізін қалаған талантты ғалым. Жетібай, Қаражанбас, Құмкөл, Жанкелді мұнай кен орындарына 1991-2000 жылдары ендірілген зерттеулерінің нәтижелері өзінің жоға­ры тиімділігін іс жүзінде көрсетуде. Бақыт­жан Тұрсын­ұлы жоғары өнімділікті сандық және супер­компьютерлік техниканы  отандық білім мен ғылым саласына, өнеркәсібіне пайдаланудың бастамашысы болып табылады. Жоғарыда біз атаған ғылыми-практикалық бағыттарды оның шәкірт­тері табысты жалғастыруда. Олардың 20-дан астамы ғылым кандидаттары, ғылым докторлары.

Бақытжан Тұрсынұлы еліміз егемен­дік алған 1991 жылы көр­некті ғалымдар мен ірі өндіріс басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен бірге Қа­зақстан Республикасы Ұлттық инже­нер­лік академиясының негізін қа­лады. Осы жерде оның бас ғалым-хатшы, вице-президент, президент ретінде Ұлттық инженерлік академияның аяғынан тік тұруы, қалып­тасуы, дамуы және өркен жаюына  орасан зор еңбек сіңіргенін атап айту өте орынды.

Академияның негізгі қызмет бағы­т­­тарына тоқталар болсақ – ел экономика­сын индустриалды-инновациялық дамыту мақсатында жоғары инженерлік білімді жетілдіруге қатысу; маңызды қолданбалы ғылыми-зерттеулер мен тәжі­ри­белік-конструкторлық жұмыс­тарды ұй­ымдастыру, үйлестіру және жүргізу; ғы­лыми-техникалық әзірленімдерді өнді­­ріске енгізу; халықаралық және респуб­ликалық деңгейлердегі ғылыми және ғылыми-техникалық іс-шаралар­ды өткізу болып табылады. Бұл бағыттарды іске асыруда өңірлік университеттер жанында ашылған академия филиалдарының орны ерекше. Солардың бірі – 1992 жылы Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агро­өнеркәсіп өндірісі инженерлері институты (қазіргі Қорқыт Ата атындағы ҚМУ) жанынан ашылған Қызылорда филиалы – Сыр өңіріндегі ғылыми-инновациялық қызметті дамытуға және инженерлік кадр­лар әлеуетін жетілдіруге лайықты үлесін қосуда.

Бақытжан Тұрсынұлы Қазақстан Рес­публикасы Президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі, Бі­лім және ғылым бірінші вице-министрі қыз­меттерінде  мемлекеттік деңгейдегі сан салалы реформаларды жүзеге асыру­шылардың бірі ретінде қоғамға танылды.

Жоғары білім саласының көрнекті, ұйымдастырушысы  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін басқарған жылдары мамандар даярлаудың сапалық өзгерісін, олардың бәсекеге қабілеттілігін қамта­масыз етуге, білім беру үдерісі мен ма­териалдық-техникалық базасын евро­палық стандарттарға жақындатуға және Болон процесіне интеграциялануға бағыт­талған  түбегейлі жаңа мазмұндағы даму Стратегиясы жасалып, жүзеге асырылып, жоғары оқу орнының бүгінгі биік жетістіктерінің негізін жасады.

ҚР Білім және ғылым министрі қыз­метінде Мемлекет басшысының жүйе­­лі бас­тамалары аясында тұтастай білім-ғылым саласын түбегейлі модерни­зация­лауға жетекшілік жасап, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын әзірледі, «Білім туралы» ҚР Заңын жан-жақты жетілдірді, «Ғылым туралы»  жаңа ҚР Заңын әзірлеп, ғылымды басқару мен қаржыландырудың жаңа моделін өмірге ендірді. Осынау заңнамалық, нормативтік құжаттардың отандық білім мен ғылым саласының дамуына айрықша серпіліс әкелгенін біз уақыт биігінен көріп отырмыз. Нақты бір ғана мысал: Сыр өңіріндегі іргелі оқу орны – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Ғы­лым туралы» Заңның игілігін 2012 жылдан бастап көруде. ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы негізінде: 2012-2014 жж. – 10 жоба, 2015-2017 жж. – 4 жоба орындалса, қазіргі күні 2018-2020 жылдарға 9 жоба жүзеге асырылуда. Мұндай көрсеткіштер –  университет тарихында бұрын-соңды болмаған нәтиже. Ал, республика көлемін алсақ, ғылыми шығармашылықты, ғалымды нақты қол­дау бағытында жасалған  өлшеусіз еңбек ғылымның келешек дамуына, ел игілігіне қызмет ете береді.

Бақытжан Тұрсынұлы тәуелсіз еліміз­дегі саяси-партиялық жүйенің қалып­тасуына ерекше үлес қосты. Ол 2005-2008 жылдары «Нұр Отан» партиясы Төрағасы міндетін атқарушы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің бюро мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП парламенттік фрак­циясының жетекшісі болды. 2005 жылы Қазақстан Респуб­ликасы Пре­зи­дентін сайлау кезінде үміткер Н.Ә.На­зарбаевтың республикалық қоғамдық штабына табысты жетекшілік жасады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев­тың барлық бастамалары­ның табанды қолдаушысы ретінде белгілі қайраткер 2007-2008 жылдары Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мә­жілісінің  IV шақырылым де­путаты, ҚР Парламенті Мә­жілісі Төр­ағасының орынбасары болып сайланды. 2017 жылы Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенатының депутаты, 2018 жылғы мамыр айынан Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының іс­ке асырылуын бақылау жө­ніндегі республикалық қо­ғамдық ке­ңестің төрағасы қызметінде саяси-қо­ғамдық қызметін жалғастыруда.

Осы жылдың 3 тамызында рес­пуб­ликалық қоғамдық кеңестің төраға­сы Б.Ж.Жұмағұлов бастаған делегация облысымызға жұмыс сапарымен келді. Іссапарды қорытындылаған Ба­қыт­жан Тұрсынұлы  Қызылорда облы­сының әлеу­меттік-экономикалық даму қар­қынының жоғары деңгейіне риза­шы­лығын білдіріп, аймақта қолға алынып жатқан жаңа бастамалардан жинақталған тәжірибені өзге облыстарға да тарату қажеттігін баса айтты. Сөз жоқ, бұл соңғы жылдары облыста атқарылып жатқан жұмыстарға берілген жоғары баға.

Академик Б.Жұмағұловтың есімі  ха­лықаралық ғылыми қауымдастыққа кеңінен танымал. Ол штаб-пәтері Мәскеу қаласында орналасқан Халықаралық ин­­­же­нерлік академияның вице-прези­денті, Ислам елдері инженерлік академия­лары федерациясының құрметті пре­зи­денті, Қазақстан математиктер қоға­мы­ның, Түркітілдес елдердің Бүкіләлемдік математиктер қоғамының құрметті пре­зиденті. Оның халықаралық ұйым­дар­дың басшылығы мен қызметіне қатысуы еліміздің ғылыми-инженерлік ұйы­мының әлемдік қауымдастыққа тиімді кірі­гуіне және ықпалын арттыруға, мем­ле­кеттердің осы маңызды саладағы өзара байланыстарын нығайтуға қызмет етуде.

Қазақстанның қазіргі тарихының жар­қын бір белесі – «Астана-EXPO-2017» Ха­лықаралық мамандандырылған көрмесі. Көрме аясында өткізілген «Болашақ­тың энергиясы инновациялық сцена­рий­лер және оларды жүзеге асыру әдіс­тері» тақы­рыбындағы Дүниежүзілік инже­нер­лер мен ғалымдар конгресінің мазмұнын айқындап, бағыттарын қалып­тастыру идея бастамашысы Бақыт­жан Тұрсын­ұлының ерекше ұйымдас­тыру­шылық қабілеті мен талантына тәнті болдық.

Әлемдік деңгейдегі маңызды проблемалар көтеріліп, оларды шешу жолдары ұсынылған Конгрестің Орталық Азия мемлекеттерінің арасында тұңғыш рет Қазақстанда  ұйымдастырылуы - еліміздің ғылыми-инженерлік қауымдастығының еселенген қуаты мен беделінің  жарқын көрінісі. Бұл әлемдік ғылыми ой мен инженерлік элита өкілдерінің, барша қатысушылардың ортақ пікірі.  

Мәртебелі форумда 51 мемлекеттен келген мыңнан аса делегат, оның ішінде 4 Нобель сыйлығының лауреаты, халықаралық және ұлттық академиялар президенттері, ірі энергетикалық және инновациялық компаниялар, халық­ара­лық ұйымдар, шетелдік және ұлттық ғы­лы­ми орталықтардың басшылары, жоға­ры оқу орындарының ректорлары бас қосқаны белгілі. Үлкен табыспен өткен форум барысында  таныстырылған шетел­дік және отандық ғалымдар мен инженер­лердің  өнертабыстарының басым көп­ші­лігі қазіргі күні  нақты жобаларға айналып, өндіріске ендірілуде.

Қазақстан Ұлттық инженерлік акаде­миясының бастамасымен Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында Жі­бек жолы бойында орналасқан 30-дан астам мемлекеттің делегаттары – Нобель сый­лығының лау­реаттары, көр­некті ғалым­дар, белгілі инженерлер мен сарап­шылар қатысқан «Global Silk Road-2018» халықаралық форумы өткізілді.  Форум барысында Ұлттық инже­нерлік академия президенті Б.Жұ­ма­ғұлов Ұлы Жібек жолы елдері ғалым­дары ынтымақтастығын дамыту бойынша бірнеше нақты бастамалар көтерді. Әсіресе, делегаттар тарапынан қызу қолдау тапқан «Жібек жолы» ха­лықаралық ғылым академиясының жұ­мысын одан әрі дамыту үшін халықара­лық инженерлік орталық құру жөніндегі ұсынысының стратегиялық маңызы зор болып отыр. Расында, достас елдердің ғылыми-зерттеу, инженерлік ізденістері мен қызметін бір арнаға тоғыстыру аса өзекті. Бұл  мәселені оңтайлы шешудің Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға нақты қыз­мет ететіні ақиқат.

Саналы ғұмырын елге қызмету ету мұратына арнап, биік белестерден көрініп  келе жатқан Бақытжан Тұрсынұлы өзінің 65 жасын ерекше күш-жігер, қажыр-қайрат, шығармашылық шабытпен қарсы алуда. Еркін Қазақстанның ертеңі үшін тер төккен қайраткердің әлі де еліне берері мол екендігіне сенеміз.

Қали ОМАРОВ,

профессор, география ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның құрметті инженері.

ҚОҒАМ 16 тамыз 2018 г. 818 0