ОБЛЫСТЫҚ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНДА ЕМДЕЛУДЕ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы облыстық «Сыр бойы» газетінің 2014 жыл 5 сәуір күнгі №47-48 (18741-18742) санында меншікті тілші Нұрмахан Елтайдың «Арыстай азамат төсегінде қор болып жатыр» атты мақаласына орай төмендегіні мәлімдейді.
Газет бетіндегі мақалаға орай, басқарма тарапынан  Жаңақорған аудандық ауруханасы және аудандық емханасына науқас Д.Нарымбетовке қатысты тексерулер жүргізілді.
2013 жылы 21 наурыз күні Д.Нарымбетов жол-көлік апатымен аса ауыр жағдайда Жаңақорған аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түседі. Үш күн жансақтау бөлімінде көп түрлі жарақатпен, яғни оң аяғының ортан жілігі, сол аяғының көп түрлі ауыр жаралануы, бұлшық еттердің, қан тамырларының  жонылып кетуі  және көп мөлшерде қан жоғалту дәрежесінде түскендіктен, емделуі ұзаққа созылған. Аудандық ауруханада оң аяғына ота жасалса, сол аяғының бұлшық еттерін қалпына келтіру оталары кезең-кезеңімен жасалып, еттердің өсуі және жамалуы жасалған. Ауруханалық деңгейде бес рет қан құйылып, іріңдеу және асқыну қаупіне қарсы емдер жүргізілген. Сол аяғы сүйектерінің шашылып кетуіне байланысты, жабық қиюластыру жасалған. Жаңақорған аудандық ауруханасында 2013 жылдың 6 маусымына дейін жатқызылып, ауруханадан шығарылады. Осы уақытқа дейін аудандық ауруханада тағы екі рет қалпына келтіру емдерін  алған. 
Ауруханадан тыс уақыттарда аудандық емхананың аймақтық дәрігерлері мен хирург, травматолог мамандарының бақылауында болып, үйден көру жоспарына жатқызылып, анализдік зерттеулер жасалған. Аудандық емхананың дәрігерлік қорытындысы бойынша 2013 жылдың 12 желтоқсанында І топ мүгедектігі тағайындалған.
2014 жылдың 20 наурызында аудандық емхана тарапынан құжаттар әзірленіп, облыстық медицина орталығына жолданады.  
Науқас Дайырбек Нарымбетов қазіргі кезеңде облыстық медицина орталығының травматология бөлімінде емделуде. Науқасқа үш сатылы ота жасалмақ, яғни арнайы құрылғыларды қолдана отырып, сүйекті бекіту оталары жүргізіледі.
Қорыта келгенде, науқас Д.Нарымбетовтың жағдайы  ауыр болғандықтан кезеңдік күтулер болған. Медициналық хаттамаларға сәйкес тиісті емдері жүргізіліп келген. Алдағы уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасының тарапынан жергілікті жердегі емдері қадағаланатын болады.
С.Серғазиев,
облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

ҚОҒАМ 22 сәуір 2014 г. 931 0