Абай мұрасы – адамзаттың рухани қазынасы

Тамыз айының 10-шы жұлдызы қазақтың біртуар ақыны, халық дана деп қадірлеген, дара деп құрмет тұтқан Абай Құнанбайұлының өмірге келген күні.

Қазақ екі адамды хәкім деп атайды. Соның бірі – әңгіме арқауына айналып отырған Абай атамыз. Ол кісі 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы  Шыңғыс тауының баурайында дүниеге келді. Абай – үлкен тақырып. Оның философиялық әлемі, өлеңдегі табиғаты, лирикасы, әндері, тағысын-тағы таусылмайтын қыры мен сыры көп. Сол себепті, ақынның өмір жолы мен шығармашылығына қысқаша тоқталғанды жөн санадық.
Хәкім Абай Ғабитхан молдадан сауат ашып, 10 жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесіне оқуға барған. Ол жерде араб, парсы тілдерін үйренді. Сонымен қатар, Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули секілді басқа да шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады. Мұнан кейін Семейдегі «Приходьская школаға» түсіп, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, Ф.М.Достоевский шығармаларын оқып, Гёте,  Байрон мұраларына ден қойды.
Абай Құнанбайұлының өмір жолымен таныс адам оның 13 жасында әкімшілік билікке араласқанын жақсы біледі. Ел ішінде жүріп, отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өсті. Сол себепті, қайтсе де елмен бірге болуды жөн санады. Ол 1875 жылы Қоңыркөкшеде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болды. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген Абай уақыт өте келе алаңсыз шығармашылықпен айналысуға бел буады. Ол «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұры» сынды өлеңдер жазып, табиғаттың төрт мезгіліне бірдей қалам тартқан алғашқы қазақ ақыны. Оның «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» секілді өлеңдерінен сол кездегі әлеуметтік жағдайды, келешекті көруге болады. Абай Шығыс елдерінің әдебиетін терең меңгереді.  Соның нәтижесінде Шығыстың екі хикаясының желісімен «Масғұт» және «Ескендір» деген поэмалар жазды. Орыс классиктерін оқып, оларды қазақ тілінде сөйлетеді. Абай Крыловтың бір топ мысалдарын, Пушкиннің «Евгений Онегинінің» үзінділерін және Лермонтов, Буниннің шығар­маларын аударған. Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» сияқты әндерін халық жақсы біледі.
Хәкім Абай өмірінің соңғы жылдарында «...кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі...» деп қара сөз жазуды қолға алды. Оның қара сөздері алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарияланды. Сонымен қатар, орыс, қытай, француз сынды көптеген әлем елдері тілдеріне аударылды.
Қазақ әдебиетінде бүтін бір дәуірдің басында тұратын ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебайға қойылды.
Оның есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекс­пир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Себебі, оның әдеби мұрасы бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналды.  

А.АҚЫЛБЕК.
ҚОҒАМ 11 тамыз 2018 г. 1 221 0