Денсаулық саласы қарқынды дамып келеді

Биылғы жыл денсаулық сақтау саласында жаңа белес кезеңі болып отыр. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. 

2016-2019 жылдарға арналған «Ден­саулық»   мемлекеттік    бағдарламасы  аясында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.  Бағдарламаның негізгі индикаторлық көр­сеткіші өмір сүру ұзақтығы. Облыс бойынша бұл көрсеткіш биылғы жыл­дың қорытындысымен 72,2 жасқа  жетуі тиіс болса, республикалық индикатор 72,6 жас.  Соңғы 3 жылда өмір сүрудің күті­летін  ұзақтығы 71,06-ға  дейін тұрақты жоғарылауы байқалған. 2018 жылдың алты ай қорытындысы бойынша өлім көрсеткіші 8,1 процентке төмендеген. Жылдың алты айында 9031 нәресте дүние келген.

Республика көлемінде алғашқылардың бірі болып, облыс халықаралық ұйым­дармен бірлесіп жұмыс жасай бастады. Мәселен, 5 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналарға күтім жасау бойынша «Бала кездегі аурулардың интеграциялық бақы­лау» жаңа жобасы енгізілді. Осы жоба аясында барлық БМСК ұйымдарында дені сау бала кабинеттері ашылды. Онда 5 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексеру жүргізіледі. Сонымен бірге, перзентханалар мен босануға көмекші мекемелердің медициналық құрал-жабдықтармен қам­тылу деңгейі жоға­рылаған. Үшінші дең­гейлі облыстық перинаталдық орта­лықтың жабдықталуы 91,1% құрап, алдыңғы үштікке еніп отыр.

Жиында басқарма басшысы Ақмарал Шәріпбайқызы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еуропалық стандарттарға сәйкес келетін «Дені сау аймақ» жобасы жайлы айтты. Мұндай жобаны бірінші болып біздің облыс қолға алған. Осы мақсатта облыс әкімінің қолдауымен 2018-2021 жылдарға арналған «Салауатты өмір салтын қалыптастыру және қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу жөніндегі іс-шаралар» жоспары бекітілген.

Облыста   туберкулездің  негізгі эпиде­мио­­логиялық көрсеткіші тұрақтанған. Өңір­­­де туберкулездік инфекциясының ошақ­­тарының   паспортизациясы мен кар­тогра­фиясы жасалған. Бұл дертті ерте анықтау мақсатында тұрғындар флюорографиялық тексеруден өткізілді. Нәтижесінде туберкулезбен аурушаңдық 2,9 процентке, деструкция үлесі 1,5 есеге төмендеген.

Сонымен бірге денсаулық сақтау сала­сының маңызды салааралық бағыттарының бірі – жол- көлік оқиғасы кезінде уақытылы медициналық көмек көрсету. Осы мақсатта аймақтардың картографиясы жасалып, рес­публикалық тас жолдарға жақын орна­ласқан медициналық   ұйымдардың базасын­да 13 тірек бекеті ашылды. Бұл жол-көлік оқиғасы орын алған жерге жедел жәрдем бригадасының жету көрсеткішін 2 есеге қысқартады.

Брифингте басқарма бас­шысы медицина мамандарының білік­тіліктерін арттыру бойынша жұмыс жасалып жатқанын айтып өтті. Бұл бағытта Кореяға 7 маман, Татарстанға 24 дәрігер біліктілігін арттыруға жіберілген.

Облыста Елбасының «Цифрлық Қазақс­тан» бағдарламасы аясында ден­сау­лық сақтау саласында ақпараттық жүйе­лерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы  медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Медициналық көмектің сапасына тіке­лей қатысы бар мәселенің бірі меди­циналық мекемелердің материалдық техникалық жағдайына байланысты. Облыс қазынасынан бұл салаға бөлінетін қаржы  айтарлықтай өсіп отыр. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 6,5 млрд теңгеге қажетті медициналық құрал-жабдықтар алынған.

Соңғы 2 жылда 25 медициналық нысан ел игілігіне берілген. Соңғы 15 жыл көлемінде күн тәртібінен түспеген, апаттық жағдайдағы Арал, Шиелі аудандық орта­лық ауруханаларының құрылысы жүр­гізілуде. Қанайналым жүйесі аурулары себебінен болатын өлім-жітімді төмендету және Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының және Байқоңыр қаласының тұрғындарына мамандандырылған ме­ди­циналық көмектің қолжетімділігін арт­­тыру мақсатында биыл Қазалы аудандық орталық ауруханасы базасында кардиологиялық орталық ашу көзделіп отыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде облыстық медициналық ор­талығына ангиографиялық зертхана және компьютерлік томограф орнату қолға алынбақ.

Биылғы жылдың басында Байқоңыр қаласындағы облыстық медициналық орталықтың филиалында емхана ашылды. Қазір 18 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Енді Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы Үкіметаралық келісім ратификациясынан кейін 15 мыңға жуық қазақстандық тіркелмек. Сонда Байқоңыр қаласының барлық тұрғынының медициналық көмекке қолжетімділігі артады.

Қысқасы,  денсаулық саласына қа­тыс­ты барлық деректерді келтірген басқарма басшысының баяндамасынан оң өзгерістерді байқадық. Ана мен бала денсаулығы үшін барлық жағдай жасалған. Түрлі аурулардың алдын алуға бағытталған шаралар жүйелі жүргізілуде. Заман талабына сай емханалар аудандарда да белсенді жұмыс атқаруда. Соңғы шыққан, мүмкіндігі кең медициналық құрал-жабдықтар да алынып,  ауруханалардың қызмет көрсету мүмкіндігі артқан.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

ҚОҒАМ 11 тамыз 2018 г. 807 0