Шиелі ауданында кәсіпкерлерді салықты жоғары мөлшерлемемен төлеуге мәжбүрлеп жатыр

 Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы 45 кәсіпкер салықтың көтерілгеніне наразы. Бұрын олар тоқсан сайын 16-18 мың теңге салық төлеп келсе, енді ол 40 мыңға жеткен. Ал аудандық кіріс басқармасындағылар оның себебін түсіндіре алмай, талап жоғарыдан түскенін айтты. Мәселе кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қаралды. Шарипа Сақтапованың материалында толығырақ.
Ауыл базарындағы бизнес - майда, кірісі де аз. Кәсіпкерлер жазда тіпті табыс түспейтінін айтады. Салық көлемінің көбейетіні жығылғанға жұдырық болып тұр. Шілдеге дейін жылдық айналым 1 миллион 200 мың теңгеге салық төлеп келсе, енді салық екі есеге өскен көрінеді.
Алтынкүл Каменоваға, Шиелі кентінің кәсіпкері:
Мен уақытылы салық төлеушінің бірімін. Осы 2017 жабылып кеткен жылға үстеме ақша төлеңдер деп, шақыртып жатыр. Базарға адам кірмейді деуге де болады. Барлығы Түркістанға кетіп қалады. Біз енді күнделікті бала-шағамыздың нанын тауып отырған адамбыз. Енді біз салықты көтеруге үзілді-кесілді қарсымыз. Біздің оған шамамыз келмейді.
Марина Черняева, Шиелі кентінің кәсіпкері:
Олардан ешқандай түсініктеме естімедім. Оған қоса, өтіп кеткен 2017 жылға да үстеме ақша төлейтінімді айтты. Алдында бір миллион 200 мың теңге жылдық айналым негізінде төлесеңдер, енді екі миллион 100 мың теңгеге төлейсіз деді. Салық өкілі маған: "Алдымен осы айырмашылықты төлеңіз, айтпесе үстінен процент, өсімақы қосылады", - деп ескертті. Бірақ оның негіздейтін ешқандай құжат көрсетпеді, тек ауызша ғана айтты.
Салықтың неге өскенін мамандар кеңес мүшелеріне де түсіндіре алмады. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы жоғары билік органдарына сілтеме жасады. Тапсырма түсті, орындауымыз міндет деп отыр.
Еркеғали Абдрахманов, Қызылорда облысы Шиелі ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы:
Енді бізге облыстық мемлекеттік кірістер департаментінен тапсырма келді. Қаржы министрлігінен тапсырма келіп жатыр, осы екі миллион теңгеден кірісі асатын кәсіпкерлердің санын, мысалы, биыл облыс бойынша 8 мың 327 бірлікке жоспарланған. Енді біз оны қалай орындаймыз? Енді жайлап түсіндіріп, түсіндірме жұмыстар арқылы. Біздің борышымыз ғой, төлету керекпіз ғой енді.
Ғалымбек Жақсылықов, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры:
Облыс әкімінің берген тапсырмасына сәйкес емес. Ол кісі мына обороты көп кәсіпкерлердің санын көбейту жағын айтқан. Егер кәсіпкердің мүмкіндігі болмай тұрса, сіз оны сүйреп алып келіп, екі миллионынан асырмайсыз ғой. Ол кәсіпкерге көмектесу керек, оның тауар салуы, реальный обороты соған баруы керек. Мәселе сонда. Ал сіз ол кәсіпкерлерді қинап, осы кеңеске келіп, соңдай деңгейде сөйлесіп тұрсыз, ауданда кәсіпкерлермен қалай сөйлесесіз, ол бізге беймәлім.
Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы мамандарының әрекеті заңға сай ма, 45 кәсіпкердің құқы бұзылды ма, оны аудандық прокуратура анықтайды. Кәсіпкерлер палатасы барлық жерде олардың құқықтарын қорғамақ. Ал аудан әкімі арнайы комиссия құрып, мән-жайды анықтауға уәде берді.
Шарипа САҚТАПОВА
 ASTANATV.KZ
ҚОҒАМ 09 тамыз 2018 г. 664 0