Тамыз айының 3-4 жұлдызында Шиелідегі аудандық спорт кешенінде 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен Бала би атындағы республикалық турнир өтті.
Жарысқа еліміздің барлық өңірінен және Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан Республикаларынан 200-ге тарта жас балуандар қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов пен ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы Марат Жақыт жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байрақты бәсекенің ұйымдастырылуы мен өткізілуіне көпшілік оң бағасын беріп жатты. Басқасын айтпағанның өзінде, үлкен залға қос бірдей боз кілемнің тігілуі, Бала би бабамыз бейнеленген келісті бильборд, бәрі-бәрі ұқыпты ұйымдастырылған.
Жас спортшылар әр салмақ бойынша кілемге шығып, кезек-кезек күресіп жатыр. Балуандар бірінің әдісін екіншісі байқап, жеңісті қолдан бермеу үшін жан аямай белдесіп жатқандарының өзі ерекше әсерлі көрініс. Олардың арасында өздерінің мықтылықтарын танытып, бірнеше секунд ішінде таза жеңіске жеткендер де бар. Кейбіреулердің шеберлігі аздау екені байқалды. Дегенмен, қапсыра құшақтап, алып ұрып немесе жамбасқа алып, аяқтан іліп, тобықтан шалып дегендей, мүмкіндігі келген әдістерді толық пайдаланған балуандар қатары баршылық. Турнирдің екінші күні өткен ақтық сайысқа міне, осы секілді әдістерді толық қолданған білекті, жүректі жігіттер жолдама алды.
Турнир қорытындысында жалпы командалық есепте 1-ші орынға Түркістан облысының командасы тұрақтаса, 2-3-ші орындарды Қызылорда және Жамбыл облысының командалары иеленді.
А.АҚЫЛБЕК.