Жеңімпаздар республикалық жарысқа қатысады

Байқоңыр қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған VI облыстық халықтық спорт ойындары мәресіне жетті.
Астананың – 20, Қызылорда қа­ла­­сының 200 жылдығына орай ұйым­­­дастырылған додаға келген ко­­мандалар спорттың 12 түрі бойынша сынға түсті. Волейбол мен қол күресте жалағаштық спортшылар мық­ты­лық танытса, гір тасын көтеруде сыр­дариялықтардан озған ешкім бол­ған жоқ. Үстел теннисі, шахмат, стритбол, стрит воркаут, тоғызқұмалақ, дойбы, шағын футболдан Қызылорда қаласы мен Жаңақорған командасы жеңімпаздар сапынан көрінді. Стритбол мен волейболдан ерлер арасында ғарышты қаланың өкілдері алдыңғы орынға шықты. Қазақ күресінен қар­мақшылық балуандар басым болды.
Ойындардың бас төрешісі, облыс­тық спорт және дене шынықтыру бас­қармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Ғалым Сиқымовтың айтуынша, жеңімпаздар республикалық ойындарда бағын сынайтын болады.
– Байқоңыр қаласының спорттық инфрақұрылымы осындай деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Облыс ойындарындағы жеңімпаздар қыркүйек айында Ақтау қаласында ҚР Президенті жүлдесі үшін өтетін республикалық халықтық спорт ойындарына қатысады, – деді ол.
Мыңнан аса адам қатысқан шарада жалпыкомандалық есеп бойынша Қызылорда қаласының спортшылары бірінші орынды иеленсе, екінші орын Жаңақорған ауданына бұйырды. Байқоңырлық спортшылар үшінші орынға тұрақтады.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
ҚОҒАМ 06 тамыз 2018 г. 1 053 0