Қызылордалық «Жас құтқарушылар» құрамасы 2012 жылы қыркүйекте құрылды. Топ негізінен бастапқыда Абылайхан атындағы колледждің студенттерінен құрылған болатын. Әр жаңа оқу жылында топ құрамы жаңарып отырды. Жоғары сыныпты, тәжірибелі құтқарушы, жоғары санатты оқытушы Айбек Сұлтанбеков бес жылдай осы құрамаға жетекшілік етті. Қазіргі күні топтың жаттықтырушысы болып Тоқсанбай Бексұлтан табысты еңбек етуде.
Жас құтқарушылар құрамасы құрылған уақыттан бастап, қалалық, облыстық және республикалық жарыстарға белсене қатысып, жүлделі орындарды иемденіп, абырой биігінен көріне білді.
Атап айтқанда, 2014 жылы 22-28 маусымда Әзербайжан Республикасы Гябяля қаласында жас құтқарушылар арасында өткен халықаралық жарысқа қатысқанын мақтанышпен айтуға болады. Онда алыс шетелдерде және ТМД елдерінен қатысқан 23 команданың арасында Қызылордалық «Жас құтқарушылар» құрамасы мәртебелі үшінші орынды жеңіп алды. Жүлделі орын алған командаларды Әзірбайжан Республикасының төтенше жағдайларда қорғау министрі, генерал-полковник Кямаладдин Фаттахоглы Гейдар, Жастар және спорт министрі Азат Рагимов құттықтап, кубоктармен, грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
2015 жылдың 9-18 шілдесі аралығында Беларусь Республикасының Гомель инженерлік институтының лицейінде XIII-ші Халықаралық жас құтқарушы – өрт сөндірушілердің слеті өткізілді. Оған Қазақстан Республикасының атынан Қызылорда облысынан «Жас құтқарушы» үйірмесінің оқушылары қатысты. Слетке Әзірбайжан, Армения, Белоруссия, Болгария, Грузия, Италия, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Польша, Ресей, Сербия, Украина секілді шет мемлекеттерден 15 команда қатысты. Слеттің мақсаты – шет мемлекеттердегі жас құтқарушы–өрт сөндірушілердің үйірмелеріне қатысатын жастардың арасында достық, жолдастық қарым-қатынас арқылы тәжірибе бөлісу, төтенше жағдайлар орын алғанда адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетудегі қиындықтан шығудың жаңа формалары мен әдістерін үйрету болды. Жас құтқарушы-өрт сөндірушілердің халықаралық сайысына қатысқан «Абылай хан» атындағы колледждің студенттері жалпы командалық есеп бойынша 4-орын алып, зор жетістікке ие болды.
Сонымен бірге 2015 жылы «Қазқұтқару – 2015» халықаралық жиын – семинарына қатысып, жас құтқарушылар құрамасы арасында 2-орынды жеңіп алды.
«Ар намыс пен борышты Отан қызметіне» арнаған құтқарушылардың ізін жалғар маман иелерін тәрбиелеу аса жауапты іс. Бүгінде Қызылорда қаласы «Абылай хан» атындағы колледждің «Төтенше жағдайларда қорғану» мамандығында оқитын жастар бұқаралық құтқарушы жұмысын жандандыру, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, бірлік пен бауырмалдыққа, салауатты өмір салтына тәрбиеленіп келеді. 2017 жылдың 8 қарашасында Қызылорда қаласындағы «Абылай хан» колледжінің базасында «Кәсіптік білім және бизнес: Әріптестер сұхбаты» VIII-ші облыстық еңбек форумы аясында «Төтенше жағдайда қорғау» мамандығында білім алушыларды Төтенше жағдайлар департаментінде машықтандырудан өткізу жөнінде «Кәсіптік тәжірибені ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын және тәжірибе базалары ретінде ұйымдарды айқындау қағидаларын бекіту туралы» меморандумға колледж бен департамент басшылығы қол қойды.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері тарапынан облыс бойынша 136 мектепте «Жас құтқарушы» клубы құрылып, игі істер атқарылуда. Үйірменің мақсаты - оқушылар арасында бұқаралық құтқарушылар жұмыстарын жандандыру, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, құтқарушы тәсілдері арқылы салауатты өмір салтының дағдысын қалыптастыру, жастарды қолданбалы спортпен шұғылдануға тарту, жасөспірімдерді әскери-патриоттық негізде тәрбиелеу болып табылады. Олардың да аяқ алысы жаман емес, Акмола облысы Көкшетау қаласы Көкшетау техникалық институтының базасында 2018 жылдың 9-12 шілдесінде өткен республикалық «Жас құтқарушы» жарысында Қызылорда облысы жас құтқарушылары 4 орынды иеленді. Жас құтқарушылар «Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорт федерациясының» атқарушы директоры Д.Т. Данаевтың қолынан марапат қағаздары мен кубогын алып келді.
Төтенше жағдайлар департаменті орта мектеп пен колледж негізінде қаланған «Жас құтқарушы» үйірмелеріне бағыт-бағдар беріп, тығыз жұмыс жасауды қолға алып келеді. Құтқарушылар мәртебесі жөнінде ақпараттандыру және насихаттау үшін Қызылорда облысы ТЖД қызметкерлерімен кездесулер, ашық сабақтар мен ашық есік күндері ұдайы өткізілуде. Құтқарушы мамандығының қыр-сырына баулитын «Жас-өркен», көпсалалы «Ұлағат» колледждерімен де бірігіп, сайыстар мен іс-шаралар өткізілуде. Іс-шара барысында балалар құтқарудың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгеруде. Осы ретте оқу орындары мен өндіріс арасында өзара шығармашылық байланыс орнап, сапалы, білікті, өз ісінің шебер маманын даярлау жолға қойылған.
Иә, кезінде халықаралық деңгейде бәсекелес бола білген жас құтқарушылар облыстың мақтанышы. Сондықтан да бүгінгі жастардың алар асуы әлі алда екені анық.
Айгүл Нұрманова
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы,
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі.