ҚОЛЫ ЕПТІ ШЕБЕР

Жыл сайын бір адам кем дегенде 3-4 аяқ киім ауыстырады. Мезгіл-мезгілімен киілетін аяқ киім кейбір кездері жыртылып қалуы мүмкін. Сондай шақта аяқ киім шеберіне баратынымыз анық. сондықтан елді мекенде етікшінің болғаны жақсы. Өйткені, қалаға барып келгенше аяқ киімді ауылда жөндеткен тиімді. Сол үшін әр ауылға аяқ киім шебері керек-ақ.
Бесарықта бұл тұрғыда мәселе жоқ деуге болады. Ауыл азаматы Дәулет Мәжитұлы Жақыпов ерінбей етікші болып, ауыл халқына өз қызметін көрсетуде. Ол өткен жылы қайтарымсыз несие алып, қолдан келер кәсібін дөңгелетіп отыр. Күндіз-түні көз майын тауыса отырып, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, неше жүз майда шегені мүлт кетпей қаз-қатар тізіп, қолға алған аяқ киімді қонымды ету, оны келістіріп көмкеру ең алдымен үлкен шыдамдылықты, содан соң таусылмас төзім мен ептілікті талап етеді. Міне, осындай қасиетті бойына жинаған кәсіп иесі күнделікті аяқ киім жөндеп, тіршілік жасап келеді.
Етік шебері болуды ол әкесінен үйренген. Әкесі Мәжит осы істің маманы болыпты. Тіптен, аяқ киім тігіп отырып, көзіне абайсызда біз тығып алып, қос жанарының біреуі көрмей қалған. Десе де, етік тігуді ұлына үйретіп, ерінбей еңбек етудің, шеберлігін шыңдаудың жолын көрсеткен. Қолы епті бала әке жолын қуып, бүгінде сол кәсіптің шебері атанған.
– Аяқ киім жөндеумен 2000 жылдан бері айналысып келемін. Ауыл халқынан тапсырыс көп түседі. Қазір жаз мезгілі болған соң 2-3 күнде келеді. Ал күз, қысқа таман күнделікті тапсырыс түседі. Өткен жылы кәсіпкерлік палата арқылы 175 мың теңге қайтарымсыз несие алып, қажетті құрал-сайман алдым. Атап айтқанда, «Версаль» аяқ киім тігін машинасын сатып алып, жұмысты жандандырудамын. Керекті материалдарды Түркістаннан әкелемін, – дейді кәсіпкер.
Біз барғанда кезекті тапсырысты орындау үстінде отырған маман қайтарымсыз несиенің пайдасы тигенін жеткізді. Осы арқылы ол ауыл тұрғыны Ешнияз Байкенжеевті көмекші етіп, жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, 13 жастағы ұлы Дамир да ата кәсіпті үйренуде. Әкеге қолқанат болып, аяқ киім жөндеуге машықтанған.
«Етікшіні балға мен біз асырайды...» демекші, ерінбегенге бұл кәсіптен түсетін пайда көп. Оның үстіне, мұны ауылда дамытса, халықтың қалаға сабылмайтыны анық. Осыны білген кәсіпкер жігіт елді мекенде өз кәсібімен отбасын асырап отыр. Алдағы уақытта бұл жұмысты кеңейтіп, үлкен шеберхана ашуға ниетті.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
ҚОҒАМ 31 шілде 2018 г. 717 0