Рамзан Қадыров туған тілін білмейтін шешендерді ұялтып тастады

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Мемлекеттік Думаның тілдер жайлы қабылдаған заңы республикадағы тұрғындардың қайсысы шынайы шешен екенін анықтап береді деп ойлайды. Бұл туралы lenta.ru-ға сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
"Шешен тілі мен ұлтына қатысты айтар болсақ, енді кімнің нағыз шешен екені белгілі болады. Орыс тілін сыйламай, онымен мақтанбайтын адам орыс бола алмайды. Сол секілді ертең мектепке шешен тілінен бас тартуға арыз жазып келген адамды да шешен деп айтуға болмайды. Себебі бұл Кунта-Хаджи Кишиевтің, Ташу-Ахджи Саясановтың, Абузар Айдамировтың, Ахмад Сулеймановтың тілі", - деп жазды Қадыров.
Шешенстан басшысы бұл заңның өз ана тілін меңгергісі келген жандарға ешқандай кедергі болмайтынын айтты.
"Өзіне шешен, татар, авар тілдері керек деп санамаған адамдарды ешкім күшпен оқыта алмайды. Әркім өз біледі. Мейлі ол татар, шешен, авар болсын. Кімде-кім заңды кінәлай отырып, өз ұлты мен тілінен бас тартса, онда ол өз еркінде, алайда мұнда заңды кінәлаудың еш қажеті жоқ", - деді Қадыров.
25 шілде күні Мемлекеттік Думада ана тілдері жайлы заң қабылданды. Жаңа заң бойынша әрбір ата-ана балаларының туған тілі ретінде қай тілде оқығысы келетінін өздері таңдауға құқылы болатын болды. Ол ана тілі де, орыс тілі де болуы мүмкін. Дейтұрғанмен, орыс тілі Ресей аумағында міндетті пән болып қала бермек.
ҚОҒАМ 27 шілде 2018 г. 637 0