« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елімізде өзгелерден озық шығып, талабымен топты жарғандар аз емес. Былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Мәулен Бектұрғанов та солардың қатарынан. Небәрі 24 жастағы инноватор бүгінде «MВionics» компаниясының негізін қалап, игі қызмет атқаруда. Кейіпкеріміздің жасап шыққан «Жасанды бионикалық протезі» қаншама адамның өмірге деген құлшынысын арттырды. Бұл туралы Мәуленнің өзі әңгімелеп берген еді.
Алматылық зерек ойлы жас кішкентайынан ізденімпаздығымен дараланып, мектепті үздік тәмамдаған. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде білімін шыңдаған. Аталған білім ошағына оқуға түскеннен кейін ғылыммен айналысуға жарқын жол ашылыпты. Адам мен техниканың байланысы өзін үнемі қызықтыратын ол 2015 жылы адам бұлшық етінің көмегімен басқарылатын ерекше протез құрылғыны көрген сәтте, «Неге осы бағытта өз мақсатымды іске асырмасқа?» деген ойға қалады. Көп ұзамай бір шешімге келген Мәулен «Протезді электромиография сигналымен басқару» дипломдық жұмысының аясында оны табанды түрде қолға алған. Қазақстандағы тұңғыш бионикалық қол протездерін әзірлеген. Бұл құрал III топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғы олардың өміріне елеулі өзгеріс әкелуге септеседі екен. Протез адам қолының функционалын барынша қайталайды және импульстері арқылы белсендіріледі. Осындай теңдессіз еңбегі арқылы Мәулен отандық ғылымға үлкен серпіліс әкеліп отыр.
– Қазір елімізде 14 мың адам протезге мұқтаж. Осы мәселені шешу үшін «MBionics» компаниясын аштым. Компания былтыр сәуір айында іске қосылғанына қарамастан, жұмыс жемісті жүруде. Алдағы уақытта тек қол емес, шынтақ, иықтың қызметін атқаратын электрмеханикалы протез жасап шығаруды ойлаймын. Сондай-ақ, әдеттегі протездерде 20-дан астам функция болғандықтан, оны басқаруға да, ауыстыруға да мейлінше көп уақыт кетеді. Сол уақытты үнемдеу үшін автоматты түрде басқарылып, өздігінен қозғалатын жасанды қол жобасын реттеп жатқан жайым бар. Жалпы, әрбір адамның қолының зақымдануы, жаралануы және бұлшық еттерінің сезімталдылығы әртүрлі. Бастапқыда бір протез қолды зерттеп, жетілдіріп, жасауға 8 ай кеткен. Енді қазір барлық жабдығымыз түгелденіп, бағдарлама қалыптасқаннан кейін бір өнімді екі апта ішінде жасап шығаруға дайынбыз, – дейді Мәулен.
Кейіпкеріміз әңгіме барысында Денсаулық сақтау министрлігінің теориялық тұрғыдан үлкен көмек көрсетіп жатқанын, Алматы протез орталығымен ынтымақтаса жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойылғанын тілге тиек етті. Ал «Мұндай дүние жасап, науқастарға ұсыну үшін медициналық білім қажет емес пе?» деген сауалға ол медициналықтан гөрі протездеу жобасын меңгеру маңызды екенін алға тартты.
– Ресейде протез жасау мамандарын дайындайтын колледж бар. Өкінішке қарай, бізде әлі ондай оқу орны жоқ. Дегенмен, осы салаға қатысты әдебиеттерді, ғылыми еңбектерді оқып, әрдайым өзімнің шеберлігімді арттырып отырмын. Оқу мен ізденіс мені маман ретінде шыңдай түседі. Өйткені, бұл өте жауапты жұмыс. Жасап шыққан бионикалық қол мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілінен шықса деймін. Әрбір бионикалық протез қолға 2 жыл кепілдік беріледі. Содан кейін протез жүйесі бойынша өзгеріс енгізіп отырамыз. Құрылғының құны шамамен 2 мың АҚШ долларын құрайды. Әрине, бұл жерде қолдың зақымдану, жаралану деңгейі, бұлшық еттің сезімталдығы және адамның жұмыс орны сияқты факторлар да аппарат құнына әсерін тигізеді. Ал, шетелде жасалатын бионикалық протез қол 30 мың доллар тұрады, тіпті одан да жоғары бағаға сатылады, – дейді жас өнертапқыш.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы саналған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы ғылыммен айналысатын жастарды қанаттандырған бірегей алаңға айналғанын көрсетті. Халықтың ішінен Мәулен секілді талапты азаматтарды тауып, жұртшылыққа таныту да – осы жобаның жемісі деуге толық негіз бар.
М.СНАДИНҚЫЗЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |