Киелі шаһарға сапар

Облыстық орман, аң және балық шаруашылығы саласы ардагерлерінің бір тобы  бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына сапарлап қайтты.  Сапардың  мақсаты –Елбасының «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру» мақаласында аталған аймақтағы тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасау, ортағасырлық археологиялық  ескерткіштер, кесенелермен, он­дағы жәдігерлермен, олардың тарихымен  танысу болды.

Ардагерлер сапары Арыс­тан баб кесене-мазарымен танысудан басталды. Білуімізше, кесенені шәкірті Қожа Ахмет Яссауидің тапсыруымен Әмір-Темір  салдырған. Арыстан баб Исламға дейін 39 дінді біліп, соның ішінде ислам дінін мойындаған Мұхаммедтің (с.а.у.) ізбасары болған екен. Меккеде Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар халықты жинап, өзі қайтқаннан кейін  төрт жүз жылдан кейін түркі елінде ізбасарының дүниеге келетіндігін, соған аманат ретінде құрманың сүйегін беруді Арыстан бабқа тапсырады. Алланың әмірімен Арыстан баб бес жүз жыл жасап, осы уақыт бойына құрманың сүйегін тілінің астына сақтап, соңында болашақ Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың ізбасары бала Қожа Ахмет Яссауиге аманатты тапсырып, оның «...саған түнесін, менен тілесін, аумин» деген батасын алыпты. Міне, содан бері зияратқа келген халықтың Арыстан бабқа түнеп, Ахмет Яссауиден тілеуі содан қалған дәстүр екен. Осы дәстүрді ұстанған ардагерлер де кесене-мазар басына түнеп зиярат жасады. Кесене жанындағы 4000-ға жуық  кітап қоры сақталған кітапханада болды. Онда   ежелгі көркем әдебиеттер, ескі құрандар және құнды қолжазбалар бар.  Қасиетті жерде ардагерлер бір мал шалып, аруақтарға құран бағыштады.

Сапарымыз «Мединеде – Мұ­хам­мед, Түркістанда – «Қожа Ахмет» деп халық арасында та­рап кеткен аңызда айты­латын Мұхаммед (с.а.у.) пай­ғам­барымыздың ізбасары са­на­латын Қожа Ахмет Яссауи мавзолейімен танысумен жалғасты. Деректі аңыздарға сүйенсек, сағананы Әмір-Темір түсіне кірген аян бойынша  Қожа Ахмет Яссауиге арнап салдырған. Сағананы аралап танысқан ардагерлерді оның салыну  тарихы қатты қызықтырды. Бұл жерде қазақ хандары,  басқа да әулие адамдардың  сүйектері жерленген. Мұнда да тазалықтың, айшықты жасыл желекпен, гүлдермен көмкерілген орындардың, мәдениеттіліктің куәсі болдық.

Тарихи орындарды арала­ғанда алған мағлұмат­тарымыз бен көргендерімізді бір мақала ішіне сыйдыру мүмкін емес. Осындай тәрбиелік мәні бар сапарды Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің директоры Ж.Әлиев бастаған ұжым ұйымдастырды. Ардагерлер аталған ұжымға көрсеткен қызметтері үшін ризашылықпен алғыс айтып, баталарын берді.

М.Ибраев,

ардагерлер бастауыш ұйымы кеңесінің мүшесі.

ҚОҒАМ 16 шілде 2018 г. 581 0