Күн жылынып, күн сәулесiнiң қуаты артқан сайын қыстан шыққан зиянкестерге де қолайлы жағдай туады. Табиғатта кездесетiн қауіпті жәндіктің бiрi – кене. Кене адамға көптеген iндеттер таратады. Солардың қатарына Конго-Қырым қанды безгегi немесе Көкала ауруы жатады.
Конго-Қырым қанды безгегi немесе Көкала – табиғи ошақты кене шағу арқылы тарайтын ауыр интоксикация белгiлерiмен және екiтолқынды дене қызуының көтерiлуiмен, қан кетуiмен жүретiн аса қауiптi жұқпалы ауру.
Ауру қоздырғышы – вирустар (арбовирустар). Бұл дерттiң қоздырғыш вирусы алғаш рет 1945 жылы Қырым түбегiнде ауырған адамның қанынан және кенеден бөлiнiп алынған. Қазақстанда бұл дерт Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында кездеседi. Көкаланың вирусын таратушы және оны сақтаушы иксодес кенелерi.
Конго-Қырым қанды безгегiнiң жасырын кезеңi немесе кене шаққан күннен бастап аурудың алғашқы белгiлерiнiң пайда болуы орташа 9 күн. Ауру кенеттен жедел түрде басталады. Науқастың басы қатты ауырып, дел-сал болады, белi сырқырайды, тамаққа тәбетi шаппайды. Дененiң қызуы 39-41о-қа жетедi. Бет-мойын және көкiректiң жоғарғы жағы, көмекей қызарып, көз қанталайды. 4-5 күннен кейiн мұрыннан, тiстiң қызыл етiнен, жатырдан, кейде асқазаннан қан кету басталып, адамды қазаға ұшыратуы мүмкiн.
Осы кезге дейiн бұл ауруды емдейтiн арнайы ем жоқ, сондықтан аурудың алдын алу жолдарына зор мән берiледi.
Iндеттi болдырмас үшiн басты жағдайлардың бiрi – адам тұратын жерлерде кенелердi жою шараларын жүргiзуі. Ауру тарататын кенелердiң көбi үй жануарларының қанымен қоректенедi. Сондықтан малға кене жабыспау үшiн малды дәрiлеп, тоғыту қажет. Осы жерде айтатын басты мәселе малға жабысқан кененi еш уақытта қайшымен қырқып алуға болмайды.
Кенесi көп жерде сақтану үшiн арнаулы киiм (комбинезон) киiп жүру керек. Егер, ол болмаса шалбардың балағын етiктiң iшiне салып, көйлектi шалбарланып, белбеумен байлаған жөн. Үйге қайтқанда басты, мойынды, қолтықтың астын мұқият қараған дұрыс.
Мiне, осы айтылғандар үнемi ескерiлiп отырса, аурудың пайда болу мүмкiндiгi азая түсер едi.
Ботагөз ҚАРЫМСАҚОВА,
облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бөлім меңгерушісі.