АҚ БАЛАПАНДАРДЫҢ АНАСЫ

"Жақсы адамға соза берем қолымды,
Жақсы адамдар оңғартады жолыңды”.
Осы бір өлең жолдары Кеңес ауылының кең пейілді, жылы жүректі перзенті Рысжан Төлепбергеноваға арналған.
Қайырымды, шуақты болмысымен көпке ұнаған бұл кісінің туған аулына сіңірген еңбегі мол. 1978 жылы Түркістандағы медучилищені бітірген соң, Талап ауылдық ауруханасына акушер болып орналасты, содан 2003 жылға дейін ауыл халқының денсаулық күзетінде болды. Осы жылдарда аудандық мәслихат депутаты, әйелдер кеңесінің төрайымы секілді қызметтер атқарды. Жоғары білімді – медициналық, педагогикалық және заңгерлік білімі бар. Қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, аудан, облыс әкімдерінің қолынан талай мақтаулар алған. Апайдың бишілік өнері өз алдына бір әңгіме.
Кезінде облыстық арулар байқауының бас жүлдегері Гүл Әбілқасымованың жолын ашып, бишілік өнерді бойына сіңірген болатын. Әрдайым әйел баласына аналық мейірімін төгіп, жанына жылу ұялатып, өмірге деген құлшыныстарын арттырып жүреді. Ауылда балабақша жетіспеушілігін алға тартып, құрылтайшы болып, "Ақ балапан” балабақшасын ашып берді. Бүлдіршіндер заман ағымына сай дүние-танымдарын кеңейтіп, сауаттануда. Балабақшадағы бүлдіршіндер апайдың төбесін көргеннен сағыныштарын білдіріп, жүгіре басып, қауышып жатады. Кең құшағын айқара ашып жіберіп, ыстық көкірегіне басып жатады. "Менің анам” деп таласып жатқан балапандарды көргенде нағыз қазақ анасы осындай болса екен деген ой келеді. Жағдайы төмен отбасынан келген 10 балаға қайырымдылық жасап, қамқорлыққа алып отырған жайы бар. Бұның өзі ауыл азаматы үшін үлкен көмек. 
Балабақша ғимаратына кіреберісінен-ақ, апайдың қызметкерлерге қоятын басты талабын аңғарасыз. Тазалық, талғаммен қойылған жиһаздар, сыпайы қарым-қатынас сезіліп тұрады. "Бес саусақтай жұмыла қызмет етіп отырған” ұжымда 18 қыз-келіншек бар. Жоғары білімді болғанымен, көп уақыт жұмыс көзін таба алмай, күйбең тірлікпен үйде отырып қалған қыздарға жұмыс беруші де Рысжан апай.
Дүние есігін ашуына жәрдемін беріп, кіндігін кескен балаларының көпшілігі бүгінде апай секілді өмірден өз орнын тауып, беделді қызмет етуде.
Мақпал ПАТЕНОВА.
Жаңақорған ауданы.

ҚОҒАМ 12 сәуір 2014 г. 828 0