Емшектегі бала тамақты көп талап етеді, бірақ оның ас қорытатын органдары әлі жетілмегендіктен, ішкенін сіңіру мүмкіндігі өте шектеулі. Сондықтан баланы алғашқы күннен бастап-ақ емшек сүтімен қоректендіру керек. Емшек сүті жеңіл қорытылады, онда балаға қажет қоректік заттың барлығы бар. Сондықтан да ана сүтінің маңызы ерекше. Емшек сүтінің молдығы мен сапасы ананың белгілі режимді сақтауына және ішетін тамағына байланысты. Емшекте баласы бар әйелге арнайы диета ұстаудың қажет жоқ; әрі түрлі және үйреншікті тағам ананың денсаулығын дұрыс сақтаудың және сүтінің мол болуының басты кепілі болып табылады. Соның өзінде емшекте баласы бар әйел күніне кем дегенде 0,5 л сиыр сүтін ішуі керек, ананың ішімдік ішуіне, темекі тартуына мүлде болмайды, сондай-ақ ол пияз, сарымсақ, т.б ащы тағамдардан бас тартқаны жөн.
Баланы емізуден ешқандай зиян келмейді. Бірақ әйел қатты науқастанған жағдайда (мысалы, өкпесі туберкулезге шалдыққанда, жүрегі қабынғанда, қант диабеті асқынғанда, бүйрегі ауырғанда), бала емізу анасының денсаулығына немесе балаға кері әсер ететін болғанда дәрігер бұған тыйым салу жөнінде кеңес беруі мүмкін. Бала емізетін кезеңде қобалжуға және ренжуге болмайды, өйткені мұндай жағдайда сүт азаяды немесе мүлдем шықпай қояды.
Кулима АБДУЛЛАЕВА,
облыстық перинаталдық орталығының мейірбикесі.