УКРАИНА МАЙДАНЫНДАҒЫ ДҮБІР

УКРАИНА МАЙДАНЫНДАҒЫ ДҮБІРӘлемді бір сілкінтіп тастаған Украинаға қатысты дүрбелеңнің салқыны таяу уақытта басыла қоймайтын сыңайлы. Қазіргі саяси оқиғалар, осыдан туындаған қолайсыз құбылыстардың өрбу сипаты бейнелеп айтқанда ғарыштық жылдамдықпен зымырап барады. АҚШ пен Еуроодақтың қысымына қарамастан Ресей Президенті Путин дегеніне жетті. Қырымда референдум өткізілді. Халық қолдады. Севастополь мен Қырым Ресейдікі! Сөйтіп, сонау ХVІІІ ғасырдағы Екатерина ІІ патшайымның оқ шығындамай меншіктеген, Кеңес Одағы кезінде Хрущевтің волюнтаризмдік шешімінің құрбанына айналып, Украинаға берілген, КСРО тарағанда көршілес елдің аумағында қалып қойған Қырым Ресейге қайта оралды.
Осының барлығы әлбетте, АҚШ-қа және Еуроодаққа ұнамады. Біріккен Ұлттар Ұйымына қысым жасап, Ресейге экономикалық санкция жарияланды. Бірақ, Ресейдің әзірге айтқанынан қайтар сыңайы байқалмайды. Әлемдік саясаттың марқасқалары Обама мен Германия канцлері Меркель Путинмен ауық-ауық телефонмен тілдесіп қояды. Обама Путинді көндіргісі, ыңғайына жықтырғысы келеді. Ресей Сыртқы істер министрі Лавров пен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Керри жуырда ғана Парижде кездесті. Әңгімелерінің сыңайын байқау қиын емес, Ресей Украинаның бөлшектенуін қаламайды, бірақ ол орыстілділердің мүддесіне қайшы болмауы керек. Путиннің көздегені – федерация! Салты, діні, ділі, тілі басқа халықтар өз мүддесіне сәйкес келетін құрылымды, кәдімгі айта беретін автономиялық шаңырақтың керегесін қалауды ұсынады. Ал бұл АҚШ-қа қолайлы емес.
Санкция демекші, жуырда Ресейдің бірінші вице-премьері Игорь Шувалов бұл тұрғысында да ішке бүккен сырын жасыра алмады. "Әлем қазір алыс-беріс жағынан бір-бірімен тығыз байланысқаны соншалық, санкцияның ол жариялаған елдерге де теріс ықпалы болады. Сондықтан біз әлемдік қауымдастықтың өткен 40 жыл ішінде Иранға жасаған экономикалық қысымының жай-жапсарын терең талдаудан өткізіп жатырмыз”, – деді ол.
Осы саяси дүрбелеңнің кезінде әлемдік жандармға айналған АҚШ саясатына іштей қарсылық білдірушілер бой көрсете бастады. БҰҰ-ның Ресейге санкция жариялау жөніндегі шешіміне дауыс беруде Қытай секілді алпауыт қалыс қалды. Дауыс беруге отыздан астам ел мүлдем қатыспады. Бұл шындығында АҚШ үшін бас ауруына айналатын жағдай еді.
Шувалов нені меңзеп отыр? Айталық, АҚШ-тағылар Иранның қара уылдырығы мен күрішін сүйсініп жейді. Санкция жариялағанда Иран бұл өнімдерді Арменияға сатып, олардың бизнес өкілдері қайтадан АҚШ-қа жөнелтіп отырған. Армения ортадағы делдал, міне, бүгінгі санкцияның сиқы осындай. Бизнестің аты бизнес, санкцияны ұрғаны бар ма, ол алдымен қалтасын ойлайды емес пе?
Айтпақшы, Еуропаның үштен бірі Ресейдің газын пайдаланады. Обама сол елдерге тағы да қысым жасап көрмекші болды. Мұның соңы сиырқұйымшақтана бастады. Барлығына газ керек, одан бас тартқанда Еуропаны жарылқап тастайтын газдың балама көздері, оны өндіретін елдер және көрінбейді. Бұған қосымша Ресей Қытаймен ым-жымдасып қойды. Қысқасы, әлдеқандай тосын жағдай туындай қалса, Қытай Ресейдің Еуропаға тасылатын газының 30 пайызын сатып алуға дайын.
Сонымен Украина төңірегіндегі саясат сахнасындағы тартыс ымырасыз жүріп жатыр. 25 мамырда Киевте президент сайлауы. Кім сайланады? Еуроодақ пен АҚШ, Ресей ортақ мәмілеге қалай келеді? Міне, Украина майданындағы шайқастың тағдыры осы сауалдардың жауабына байланысты шешіледі.
Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.

ҚОҒАМ 12 сәуір 2014 г. 816 0