ЗАҢСЫЗ КӘСІПКЕРЛІККЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Соңғы жылдары қаламызда жеке автокөліктерімен такси қызметін көрсетушілер қатары көбейіп, заңсыз кәсіпкерлік қанатын кеңге жайды. Салықшылардың айтуынша, такси, яғни автокөлікпен жолаушы тасымалдау «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының заңымен реттеледі.
Аталған заңда жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіп иелері мен заңды тұлғаларға бірнеше нақты міндеттер қойылған. Соның ең бастысы - жеке көлігімен жолаушы тасымалдайтын дара тұлғалар жергілікті салық органына кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Өкінішке қарай, біздің көбіміз заң талабын білсек те оған мән бере бермейміз. 
Салық кодексіне өзгерістер енуіне байланысты, ендігі жерде белгілі бір кәсіптен пайда тауып, тиісті салығын төлемей жүрген ағайындарға айыппұл салынып, әкімшілік жазаға тартылады. Бүгінгі таңда Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасы мамандары өздерінің қат-қабат тірлігінің арасында жол полициясы қызметкерлерімен бірге рейдтерге шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
 Заңсыз кәсіппен айналысып, салығын төлеуден қашқақтап көшелердегі бейнебақылауларға түскен такси автокөліктерінің нөмірлері көрсетілген суреттер  оларға нақты айғақ бола алады. Бұл суреттерді облыстық ішкі істер департаменті салық басқармасына әр айдың ортасы мен соңында беріп тұрады. 
Нәтиже жоқ емес. Төккен тердің төлеуін көшеден-ақ байқауға болады. Мәселен, бұрын облыс орталығында жүйіткіп жүрген көліктердің ішінен такси белгісі бар автокөліктерден көз қарығатын. Әсіресе, «такси» деген  жазу бар жеке көліктер халық көп жиылатын жерлерде шоғырланып, көшедегі қоғамдық көліктердің жүріп-тұруына да кедергі келтіретін. 
Жеке көлігімен жолаушы тасымалымен заңсыз айналысушылармен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде білу үшін  Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасы басшысының орынбасары Қазтай Әбдіреевті әңгімеге тарттық. Ол қаламызда барлығы 700-дің үстінде (оның 400-і жеке көлігімен жолаушы таситындар) жолаушы тасымалымен айналысатын дара кәсіпкер тіркелгенін жеткізді. Жүйелі түрде жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде үстіміздегі жылдың 20 қаңтарынан бергі мерзімде олардың қатары тағы 400-ге жуық кәсіп иесімен толығыпты. Яғни, кәсібін заңдастырғандар саны уақыт көші ілгері озған сайын артып келеді екен. 
Жалпы, дара кәсіпкер ретінде тіркелу көп уақыт алмайды. 
– Салық төлеуден жалтарып, қашып-пысып жүргенше, ең оңайы кәсіпкер болып тіркелу. Оның ішінде арнайы салық режимін таңдап, патент ретінде тіркелу тиімді дер едім. Жалпы, патент дегеніміз негізінен белгілі кәсіппен айналысуға құқық беретін құжат. Ал, салық саласында бұл режим қазіргі таңда ең оңтайлы болып тұр. Себебі, мұнда салық жүктемесі өте аз, небәрі 2 пайыз ғана, - дейді Қ.Әбдіреев. 
Оның айтуынша, дара кәсіпкер болып салық органында тіркелуге азаматтар 2 еселенген есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 3704 теңге қаржыны бір  рет қана  төлейді. Сонымен қатар оңайтылған салық режимін таңдайды, таксистке тиімдісі  патент, демек бұл түрде бір адам жұмыс жасайды, бақылау-касса машинасын қолданбайды. Патент салық төлеуші арызында көрсеткен мерзімге байланысты, бір айдан он екі айға дейінгі аралыққа беріледі. Сонымен қатар, арызында табысын салық төлеуші өзі көрсетеді. Мысалы, таксист табысын арызында 1 айға 100000 теңге деп көрсетсе, оның салығы  2000 теңгені құрайды (100000*2%=2000). Кәсіпкер болып тіркелгеннің тиімділігі өз зейнетақы қорына өзі қаражат жинай алады. 
Бұған қоса, мұнан былай арнайы автотұрақтарға тек салық органына тіркелген кәсіпкерлер ғана тұрақтай алатын болады.
Қалалық басқарма басшысының орынбасары өнері арқылы табыс табатын жандардың барлығы салық төлеуі тиіс деген пікірде. "Қоғамнан қанша пайда түсірсең, соған орай салығыңды төлеуге тиіссің деген қағидамен өмір сүруі тиіс” дейді ол. Жалпы, мемлекетке салық төлеу – жылжымайтын мүлігі, көлігі және пайда әкелетін кәсібі бар кез келген адамның міндеті екендігі баршамызға белгілі. Солай бола тұра салғырттыққа салынушылар да бар. 
Мемлекеттік салық саясаты экономиканы дамытуда, әлеуметтік ахуалды көтеруде реттеуші рөлін атқарады. Еліміздің қалыпты дамуы мен тұрақты түрде өркендеуі бюджет кірісінің оңтайлы қалыптасуымен тығыз байланысты екендігін әрдайым естен шығармағанымыз абзал.
Бүгінгі таңда кәсіп арқылы қызмет көрсетіп, онан пайда тауып, тиісті салығын төлемейтіндер аз емес. Мысалға, қаламызда тас, топырақ, көң және кірпіш тасымалдаумен айналысып жатқан жеке тұлғаларды алайық. Олар да өз қызметі арқылы табыс тауып, отбасын асырайды. Салықтарын төлемейді, сөйте тұра қаламызда  жақсарып жатқан әлеуметтік жағдайларды жұртпен бірге пайдаланады. Тас, топырақ, кірпіш тасымалымен айналысып, қаланың жолдарын бүлдіретіндер де осылар. 
Сонымен қатар, қазіргі таңда өңір тұрғындарына өнері арқылы қызмет көрсететін жергілікті асабалар мен әнші-бишілер, фотогрофтар сондай-ақ сырттан арнайы шақыртумен келетін есімдері елге танымал шоу-бизнестің өкілдері – атақты әншілеріміз де Сыр елінде өтетін тойдан тапқан табысының белгілі бір бөлігін заңды түрде салық ретінде төлеуге міндетті. Мәселен, дамыған елдерде салық саясаты өте қатал. Онда кім қанша пайда түсірсе, соған орай салығын төлейді.
Асабалық қызмет көрсетіп жүрген жеке тұлғалардың жанында бірнеше адамнан тұратын өнерпаз топтары бар екендігі бәрімізге белгілі. Осы асабалардың оншақтысы ғана кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс жасап жатыр. Қалғандары анықталып, олармен тиісті жұмыстар жасалынуда. 
Бұл бағыттағы жұмыстардың да қарқынмен қолға алынғанын жеткізген Қ.Әбдіреев бұған қоса, еңбек мигранттары туралы алдыңғы жылдары салық заңнамасымен реттелмегенін, осы биылдан бастап салық заңнамасына өзгерістер еңгізіліп, салық төлеуге міндеттеліп отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда шет елдерден келіп, аймағымызда құрылыс жұмыстарын жүргізіп отырған бір мигрант салық органына айына 3704 теңге төлеуі тиіс. Осылайша, облысымызға жаз маусымында 5-6 мың еңбек мигранты келетін болса, олардың әрқайсысы айына 2 айлық есептік көрсеткіш бойынша салық төлеген күннің өзінде қазынаға 55-60 млн. теңге қаражат түседі екен. Демек, бұл осы уақытқа дейін біздің бюджет осыншама қаржыдан қағылып келді  деген сөз.
Сонымен қатар, егер кәсіпкер ретінде тіркелмей, заңсыз кәсіпкерлік қызметімен айналысқаны анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жеке тұлғаларға хаттама толтырылып, материал процессуалдық шешім қабылдау мақсатында сот органдарына жолданады. Егер осы жағдайда, жолаушы, жүк тасымалдаумен айналысатын жеке тұлғалардың әкімшілік құқық бұзушылық  әрекеті сот шешімімен айқындалған жағдайда, оларға айлық есептік көрсеткіштің жиырмаға дейінгі (1852*20=37040 теңге) мөлшерінде айыппұл және әкімшілік құқық  бұзушылық жасаудың  мүлкі немесе  құралы тәркіленетіндігі қаралған.
Әрі қарай салық органына тіркелмей  табыс тауып, жасырын кәсіпкерлікпен айналысып жүрген тұлғалармен  жүйеленген жұмыстар жалғасын таба бермек. 
Ел Президентінің «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» үстіміздегі жылдың 27 ақпандағы №757 Жарлығына сәйкес, 2 сәуірден бастап 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін  шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды. Осы мараторий тек қана заңды түрде жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлерге қатысты. Ал салық органына кәсіпкер ретінде тіркелмей, көлеңкелі бизнеспен айналысып жүрген тұлғалар Заңнамаға сәйкес жауап береді.
Сөз соңында 1 сәуірден бастап аймағымызда «Халық пен салық қызметі  көлеңкелі экономикаға қарсы» атты акция өткізіліп жатқанын айта кетейік. Аталған шара  шілде айына дейін жалғаспақшы. Акция барысында қалалық салық басқармасының мамандары жұртшылыққа насихат жұмыстарын кеңінен жүргізетін болады. Бұл акцияға барлық жергілікті уәкілетті органдар мен қоғамдық бірлестіктер де атсалысуда. 
Акцияның түпкі мақсаты – кәсіпкерлікпен айналыса тұра салық төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды заңды түрде салық органына тіркелуіне себепкер болып, мүмкіндік жасау.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
ҚОҒАМ 10 сәуір 2014 г. 1 585 0