КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ КӨКЕЙТЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ КӨКЕЙТЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕРІКөпшілікке белгілі, жыл басында күнделікті тұтынып жүрген газ бағасы қымбаттады. Бұл жайтты әркім әрқалай қабылдады. Сонда "көгілдір отын” бағасын көтерудің сыры неде? Осы орайда газет  тілшісі газды тұтынушыға негізгі жеткізіп беруші "ҚазТрансГазАймақ” акционерлік қоғамының басқарушы директоры Рустам Сулеймановты әңгімеге тартқан еді.
– Қазіргі кезде коммуналдық қызмет көрсету ісі күрмеуі күрделі өте қиын салалардың біріне есептеледі. Әсіресе, бұл саладағы қызмет ақысының кезең-кезеңмен көтерілуі көпшілікті кәдімгідей-ақ абыржытып тастайды. Соның бірі, кешегі газ тарифінің көтерілуін тұрғындар арасында негізсіз деп есептейтіндер де бар. Осы орайда бір сұрақ. Сіз де тұтынушы емессіз бе? Әлде бағаның көтерілуіне жеткізіп беруші компания өкілі ретінде қарайсыз ба?
– Иә, мен де тұтынушымын. Төлем есептемелерін алып тұрамын. Әрі сол есептемелерден басқалар мән бере бермейтін сәйкессіздіктерді байқаймын. Мысал ретінде айтсақ, Алматы қаласындағы үш бөлмелі пәтердің биылғы қаңтар айындағы 27800 теңгені құраған төлем есептемесін талдап көрейікші. Мұндай пәтерді газбен жабдықтау қызметінің құны 442 теңге ғана. Яғни, ол пәтер ақысының 1,5 пайызын ғана құрайды. Бұл тұрғындардың домофон үшін төлейтін ақшасынан әлдеқайда аз. Ал, газ құнына оны сатып алу, тасымалдау, өңдеу және жеткізу кіреді. Сонымен қатар тұтынушы құбырындағы қысым мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету де қажет. Мұнан бөлек, құбырларға тұрақты күтім жасайтын қызметкерлер бар. Оларға жалақыны уақытылы төлеу де қажет.  Болмаса тағы бір мысал, Шымкентте жергілікті жерде өндірілетін бір текше метр суға 40 теңге төлейді. Ал Өзбекстаннан сатып алынған газға 25 теңге төленеді. Оның үстіне жылу маусымы басталмай тұрған кезде пәтер суық болса, тұрғындар газ плитасын тәулік бойы жағып қояды. Иіс тимес үшін терезесін ашады. Соған қарағанда тек газ плитаны ғана пайдаланып, жеке үйлер мен сауналарды, бассейндер мен гараждарды және тағы басқаларын жылыту үшін қолданбай-ақ қоярмыз?! Онда ыстық су мен жылу барлық жерде орталықтандырылған болуы тиіс.
– Қазір жеке сектор негізінен үйін осы газбен жылытып отыр. Олардың барлығы есептегіш құралдармен қамтылған. Еліміз бойынша алғанда олардың төлемақыларында қандай айырмашылық бар?
– Елімізде 14 аймақ болса, оның  10-ны газдандырылған. Сол аймақтарда жеке сектор шынымен де газбен жылытылады. Өткен жылғы мәлімет бойынша айтар болсақ, онда табиғи газға нақты төленген орташа айлық төлемақы әртүрлі болды. Соның ішінде алматылықтардың ең көп төлейтіні байқалады. Онда аумағы 100 шаршы метр үйге орташа 9,5 мың теңге, ал 120 шаршы метрге 12 мыңнан артық төлейді екен. Ал, Атырауда 120 шаршы метр үйге айына 2670 теңге, Оралда 7223 теңге төлеген. Бұл көрсеткіш Қызылордада 3293 теңгені құрап отыр. Шындап келгенде, аумағы 100-120 шаршы метр үй орташа статистикалық мөлшер десек, онда онан үлкен үйлерді салтанатты сарайлар деуге болады. Ондай үйлерде тұратындар артық төлем төлейтіні де белгілі. Осы жайларды зерттей келе, біз бөлшек тариф енгізуді ойлана бастадық.
– Ондай тарифтің тиімділігі бар ма?
– Әзірге біз бөлшек тариф енгізу жолдарын қарастырудамыз. Мұндай тарифті сушылар мен энергетиктер әлдеқашан енгізіп те қойған. Оның маңыздылығы сол, кім қорды аз пайдаланса, онда ол төменгі тарифпен төлейді. Ал егер біреу газды өз бизнесіне, не ұқыпсыз пайдаланса, онда ол жоғары тарифпен төлейді. Бұл дұрыс шешім болады деп ойлаймын. Өйткені, ол біріншіден шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, тұрғындар қаражаттарына үнеммен қарап, рәсуашылыққа жол бермейді. Екіншіден, газды аз жағатындар көп жағатындар үшін төлемейтін болады. Шынтуайтында, үнемделген газды шет мемлекеттерге сатып, онан түскен қаржыны республика экономикасына құюға болатын еліміздің стратегиялық қоры деуге болады.
– Газ тарифі көтерілгеннің өзінде газбен жылыту орталықтандырылған жылуға қосылғаннан арзанға түсетін шығар?
– Әлбетте, бұл ретте жеке үйдегі газ тек ошақ пен жылу ғана емес, ол сондай-ақ ыстық су да. Өйткені, коммуналдық төлемдер ішінде ол анау айтты шығын емес. Көңіл аударарлық бір жайт, егер тұтынушы үшін газ бағасы қымбаттайтын болса, ондай жағдайда мың текше метр газ тарифінің көтерілетіндігі хабарланады. Жалпы бүгінде қыс маусымында жеке үй орта есеппен 500 текше метр жағады. Осындай көлем үшін төлемақының өсуі бір отбасы үшін орта есеппен 420 теңгені құрайды. Егер де мұны барлық отбасы мүшелеріне шақсақ, онан да аз болады. Бұл айтқанымызды ұялы байланыс үшін Қазақстандағы орташа отбасы айына қанша төлейтіндігімен салыстырып көрелік. Мобильді қызметтің барлық түрін тұтынбайтын қарт кісілер балалары мен немерелеріне қоңырау шалу үшін кем дегенде мың теңге жұмсайды. Ал отбасында бес адам болса, оның кейбірі интернетке қосылса, енді бірі телефонмен ұзағырақ сөйлесетін болса, онда ол отбасы айына 10 мың теңгеден артық жұмсайды. Солай бола тұра мобильді байланыс операторлары тұрғындардан үстеме пайда көріп отыр деп ешкім ойламайды. Ал біз тарифті бір-екі теңгеге көтерсек, жұрттың пікірінше халықты тонап жатқандай көрінеміз. Әрине, жоғарыдағыдай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.
– Сізге жылдың басында газ тарифінің көтерілуіне байланысты компанияға қатысты көптеген жағымсыз пікірлерді естуге тура келген тәрізді. Дегенмен де, тұтынушылар үшін газ бағасының көтерілуін қалай түсіндіруге болады? 
– Тұрғындар бұл жаңалықты аса қуанып қарсы алмайтынын өзіміз де күткен едік. Бірақ біз тарифті көтергенде баз біреулер біздің компания тұтынушының қалтасына қолын терең сұғып жіберді деген пікір қалыптастыруға ұмтылады деп әсте ойламадық. Сіздің сұрағыңызға жауап берер болсақ, қымбаттау негізінен магистральды газ құбырынан тасымалданатын газ құнының көтерілуімен байланысты. Егер бұрын магистральды тасымалдау бөлшек тарифпен – жеке тұлғалар үшін 233 теңге, заңды тұлғалар үшін 1003 теңгемен жүзеге асырылса, қаңтардың бірінен бастап тұтынушылардың барлық категориясы үшін бірдей 1380 теңгемен босатылды. Осы жағдайда газ тарифінің өсуіндегі біздің компанияның үлесі тек 1-2 пайызды құрап отыр. Мұнан бөлек, біздің жұмысымызға әсер ететін жағдайлар да бар. Мысалы, кешегі теңге курсының өзгеруі. Біз кейбір аймақтар үшін газды АҚШ долларымен сатып аламыз. Ал тұрғындар бізбен теңгемен есептеседі. Біздің тарифіміз АҚШ валютасының курсы 1 доллар үшін 154,5 теңге кезінде бекітілді. Қазіргі курс 1 доллар үшін 185 (±3) теңге. Курс айырмасынан құралған шығындар бірнеше миллиард теңге болып отыр. Яғни, тұрғындар тәрізді біз де қысым көріп отырмыз.
– Тарифтің өсуі нақты жағдайларға байланысты. Осы тұрғыдан алғанда компания мүддесі үшін қандай тірліктер жүзеге асырылуда?  
– Қызмет ұсынушының негізгі міндеті – ең алдымен өсіп келе жатқан тұтынушылар сұранысын қызмет сапасымен де, сандық көрсеткішімен де қанағаттандыру.  Сонау кеңестік заманнан мұраға қалған желілерімізді тиісті жағдайда ұстай алмасақ, біз қалай тиісті деңгейде қызмет көрсете аламыз? Егер тарифтерді өзгеріссіз қалдырсақ, желілерімізді жаңғырту бағдарламасын жалғастыра алмаймыз. Тұрғындардың бәрі бірдей газ бағасының өсуімен келіспейтінін түсінеміз. Бірақ құбырдағы газ қысымының түсіп кетуінен тұрғындар үйлерін жылыта алмаған немесе магистральдарға уақытылы күтім жасалмау себебінен апатты жағдайлар орын алып, газ беруді жоспарсыз тоқтатқан кездерді есімізге түсіріп көрейікші. Қазіргі кезде біздің мамандардың күшімен ұсынылатын қызмет сапасы еселеп артып, оның бағасы аз ғана өсіп отыр. Ешбір өкілетті орган тарифке бірде-бір артық тиын қосуға жол бермейтінін түсіну қажет. Солай бола тұра тұтынушы газды жоспарсыз сөндіру жыл санап азайғанын, құбырдағы қысым жыл мезгіліне байланысты төмендемейтінін байқап көз жеткізе алады. Бұл қаражат бізге бүкіл жүйелерімізді жаңғыртып, жаңарту үшін, газ беру барлық жерде үзіліссіз жүргізілуі үшін қажет.
– Десек те, тұтынушылар ақшасы газдың өзіндік құнын төлеу, оны тасымалдау және қызметкерлер жалақысын жабудан басқа тағы қайда жұмсалады? 
– 2009 жылдан бастап біздің компания газ тарату желілерін жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда. Осы уақытқа дейін 1200 шақырым газ құбыры жаңартылды. Алғаш рет «ҚазМұнайГаз» компаниясы тобында инвестицияларды қайтаруға арналған тарифтер тәжірибесі енгізілді. Бұл еліміздің газ тарату жүйелерін қайта жасауға бастау болған аса ірі инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырудың алғышарты болды. Бұл ретте біздің желілерді жаңғыртуға салып отырған қаражат тұтынушы мойнына салмақ түсірмей, ұзақ жылдарға бөлшектеліп есептелген. Инвестицияны қайтару инвестициялық тарифке енгізілген. Бірақ ол ұзақ уақытқа есептелгендіктен іс жүзінде онша сезілмейді. Елімізде алғаш рет инвестқызмет жемісін оңтүстік аймақ тұрғындары байқады. Өзіңіз білетіндей, онда жабдықтардың тозуы 50 пайыздық шектен асып кеткен болатын. Қазір Шымкентте қаланың жартысы жаңа газбен жабдықтау жүйесі арқылы газ тұтынуда. Мысал ретінде айтсақ, онда жақында Өзбекстан аяқ астынан газ беруді шектеген кезде дәл осы жаңартылған құбырларды пайдаланушылар газ жетіспеушілігін көрген жоқ. Осындай жұмыстарды біз белсенді түрде жалғастыратын боламыз. Биыл «ҚазТрансГазАймақ» АҚ газбен жабдықтау жүйелерінің техникалық жағдайын анықтау мақсатында Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының жерасты газ құбырларын диагностикалау жұмыстарына кірісті. Осы жылы инвестжобалар шеңберінде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры бойында орналасқан Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының елді мекендері мен шағын қалаларын газдандыру басталады.
– Көпшілікті қызықтыратын мәселе, газ тарату желілерінің дамуы қай бағытқа қарай қозғалуда? Бұл салада жаңалықтар бар ма, бар болса, қалай көрініс табуда? 
– Қазіргі таңда "ҚазТрансГазАймақ” сыртқы механикалық зақымдану қаупі басым, сонымен қатар қалалар мен елді мекендердің эстетикалық көрінісіне кері әсер ететін жерүсті газ құбырларын салудан бас тарту арқылы жаңа техникалық саясатқа көшті. Осыған орай, газ тарату желілерін (қалалық, қыстақтық, ауылдық, көшеаралық, ауладағы газ құбырлары) жерастымен салуды бастадық. Бірнеше жылдан бері Шымкент пен Тараз қалаларының газ тарату желілерін жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру барысында полиэтилен құбырларын жерастымен жүргізу әдісі сәтті қолданылуда. Өткен жылы Батыс Қазақстан облысына жасаған сапарында Елбасы сыртқы газ құбырлары қалалар мен елді мекендердің сәулеттік келбетін бұзатынына назар аударған болатын. Сондықтан жерасты газбен жабдықтау желілері құрылысына белсенді түрде көшуге әлдеқашан кез келді. Салыстырмалы түрде арзан болғандықтан әрі қаражатты үнемдеу мақсатында жерүсті тарату желілеріне артықшылық беріліп келгенін жасырып қайтеміз. Бірақ жағдайды түбірімен өзгерткіміз келеді. 
– Соңғы сұрақ, жақында депутаттар еліміздің коммуналдық кәсіпорындарын біріктіру туралы ұсыныстарын жеткізді. Осы мәселеге байланысты компанияның ұстанымы қандай? 
– "ҚазТрансГазАймақ” бұл  ұсынысты қолдайды. Бүкіл әлем әлдеқашан осы ұстаныммен жұмыс жасайды. Егер қалалар мен елді мекендерді салған кезде барлық байланыстарды Батыс елдері мен Ресейдегідей бір жерасты коммуникациялық жолмен жүргізу қарастырылса, біз сушылармен, жылу берушілермен, газшылармен желілерді жөндеу, энергетиктермен кабель тарту кезінде қала асфальттарын қайта-қайта қопарып тастау проблемасынан құтылар едік. Сондай-ақ, барлық коммуникациялардың тозуы болмас еді. Ал олардың жағдайы онлайн режимінде бақыланып, тиісті алдын алу шаралары уақытылы жүргізілер еді. Бұдан өзге, біздің ойымызша бұл идеяны жүзеге асыру менеджмент және қызмет көрсету мамандарын оңтайландыру есебінен қаражатты едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, қосымша қорларды босату тарифтер мен коммуналдық қызмет ақысын көтермей ұстап тұруға оң нәтиже береді.         
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

2013 жылғы мәлімет бойынша шаруашылықтарымен табиғи газға нақты төленген орташа айлық төлемақы көлемі

ҚОҒАМ 08 сәуір 2014 г. 1 544 0