ОЗЫҚ ОТЫЗ ЕЛДЕН ҮЙРЕНЕТІН ҮЛГІ КӨП

Елбасының биылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында барша қазақстандықтардың мүддесі тұрғысынан жауап беретін, нұрлы болашаққа бастайтын іс-қимылдар жоспары мен әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кірігу ісіндегі нақты тапсырмалар жүйесі белгіленген. 
Бұл Жолдаудан әрбір қазақстандық өз мақсат-мұраты мен қызметі аясына қатысты негізгі мәселерді басшылыққа ала алады. Мәселен, ғылым және білім саласында жүрген азамат есебінде Елбасының  үкімет мүшелеріне венчурлық қаржыландыру, зияткерлік меншікті сақтау, ізденістер мен инновацияларға және де ғылыми ізденістер нәтижесін коммерцияландыру бағытындағы заңнамаларды дайындап, 1-қыркүйекке дейін Парламент қарауына ұсыну туралы тапсырмасы еліміздегі ғылыми ойдың даму тарихындағы үлкен белес деп білемін. Сонымен қатар, экономиканың жоғары технологиялық салаларын дамыту үшін ғылым саласына ІЖӨ-нің 3 пайызынан кем емес қаражаттар жұмсалуы керек деген нақты тапсырмалардың берілуі ғылыми қауымды серпілтіп, жаңа ізденістерге жетелеп, жастардың ғылыми ізденістерге ден қойып, шынайы ғылымға келуі артатынына сенім мол. 
ХХІ ғасыр білектінің емес, білімдінің заманы екенін ескере отырып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанда әркім қалауынша өмір сүріп, өз жанұясын бағып қана емес, балаларына білім беріп, болашағын жоспарлайтындай кезең келді» деген болатын. Бәсекелестік белең алған қоғамда білімнің мазмұны мен кадрлық әлеуетке артылатын жүк аз емес. Ал  оқу-тәрбие үдерісінің негізгі  тұлғасы – ұстаз екенін ескерсек, оларға қойылатын талаптың да жоғары болатыны сөзсіз. Елбасы өз Жолдауында әрбір мектеп ұясын кәсіби білікті кадрлармен қамтамасыз етіліп, жаңа заманауи методикалар негізінде жұмыс жүргізілуі керектігін баса айтып, ұстаздар қауымының жалақысын 2015 жылдың 1-шілдесінен 29 пайызға дейін көбейтуді тапсырды. Елбасының бұл тапсырмасы білім саласы қызметкерлерінің көңіліне медеу ұялататынына күмән жоқ. 
Қазақстан Республикасы – Тәуелсіз мемлекет – Мәңгілік ел. Бұл сөз тіркестерінде қазақ халқының сан ғасырлық арманы, мұраты жатыр. Елбасы «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық», - деді. Ал іргетасының беріктігі арқылы тұрақты даму мен әлемнің дамыған 30 мемлекеттерінің қатарына кірігу идеясы барша қазақстандықтарды ұйытатын, біріктіретін, сол арқылы жарқын болашаққа бастайтын жол болуы керек деп білеміз. Қазіргі таңда бірлігі берекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болатынын жаһандану дәуірі көрсетіп отыр. 
Уәлихан ИБРАЕВ, 
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың аға оқытушысы,  тарих ғылымдарының кандидаты.

ҚОҒАМ 08 сәуір 2014 г. 908 0