Өмірқұл Айниязов: Ән айтып жүрген жастардың ішінде қолына домбыра ұстай білмейтіндері бар

Белгілі әнші Өмірқұл Айниязов ән айтып жүрген жастардың ішінде қолына домбыра ұстай білмейтіндері бар екенін айтып қынжылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өмірқұл Айниязов 1-сыныпқа барғанда алғаш рет Нұртуғанның «Қанекей, тілім сөйлеші» термесін тартыпты. Кішкентай кезінен домбыраны серік еткен әншінің бала күнінде жаттаған термелері әлі күнге дейін есінде екен.

«Мен ата-әжемнің қолында өстім. Сол шаңырақта Өтепберген деген ағам жыр-термені жақсы білетін. Кішкентай кезімде сол кісі мені тізесіне қойып өлең айтатын. Бірінші сыныпқа барғанда ең алғаш Нұртуғанның термесі «Қанекей, тілім сөйлешіні» тарттым. Бала кезімде жаттаған Базар жырау, Тұрмағамбеттің термелері әлі күнге дейін санамнан өшкен емес.

Музыка мектебіне 4 сыныптан бастап қатыстым. Ол жерде мен баян сыныбында оқыдым. Қосымша термеге машықтандым. Кейін музыка колледжіне күй бөліміне түстім. Әрі қарай білімімді дәстүрлі әнмен жалғастырдым», – деді Өмірқұл Айниязов.

Әнші музыка колледжінде оқып жүргенде жатақханада домбырасын ұрлатып алған екен. Ол консерваторияға түскеннен кейін көк базардан 3 мың теңгеге домбыра сатып алғанын еске алды.

«Ол кезде ақшаның тапшы кезі. Арнайы тапсырыспен домбыра жасатуға жағдай жетпейді. Содан көк базардан барып 3 мың теңгеге домбыра сатып алдым. Сол домбыраммен консерваторияны тәмамдадым. Бағасы арзан болса да , қадірі бөлек қара домбырамды көзімнің қарашығындай етіп сақтап жүрмін. Шығармашылыққа келгеннен кейін арнайы тапсырыспен екі домбыра жасаттым. Қазір осы үш домбырамен өнер көрсетіп жүрмін», – дейді әнші.

Өз сөзінде әнші баласын кішкентайынан домбыра тартуды үйреткенін айтты.

«Баламды кішкентайынан домбыраға бердім. Бүгінде ән айтып жүрген жастардың ішінде қолына домбыра ұстай білмейтіндері бар. Қазақтың баласы болғаннан кейін, оның үстіне ән айтып жүрген соң үстел басында бір-екі шығарма шертуге жарағаны жақсы ғой…» – дейді әнші.

ҚОҒАМ 15 маусым 2018 г. 912 0