Орталық "Ақмешіт-Сырдария” мешітінде өткен аптаның сенбісі күні ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен азан айтудан қала, аудан мешіттерінен 64 шәкірт қатысқан жарыс болып өтті.
Орталық мешіттің бас имамы Талғат Омаров жетекшілік еткен сарапшылар алқасы жарысқа қатысушылардың дауыс ерекшеліктері мен мақамына көңіл бөліп қана қоймай, әрбір дұға мен махраждарының қатесіз оқылуына назар аударды. Бесін намазына дейін жарысқа қатысушылардың тең жартысы өз өнерлерін ортаға салды. Олардың арасында мектеп оқушылары да, жас та, жасамыс та бар. Азан айту жарысына қатысқандардың ең кішкентайы 8 жаста болса, үлкені 40-тың қырқасына шыққан азаматтар.
Түстен кейін жалғасқан сайыс тартысты әрі қызықты өтті. Кей шәкірттер әуезді азан айту барысында әлем жаратушысы Алланың және оның елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) есімдерін шын жүрекпен тебірене жырлағанда кейбір тыңдаушылардың көзіне жас үйірілді. Бір қуанарлығы, азан жарысына жастардың ықыласы айрықша екендігі айқын байқалады. Сарапшыларға азан айтуда бірінен бірі асып түскен шәкірттер арасынан үздігін таңдау қиынға соққаны да рас-ты. Сонымен қазылар алқасының шешімімен қалалық "Нұр” мешітінің шәкірті Руслан Күнгебаев үздік танылып, 40 мың теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды. Жүлделі екінші және үшінші орынды Тасбөгет кентіндегі "Құддыс ишан” мешіті мен қалалық "Айтбай” мешітінің шәкірттері Рүстем Әлмағанбетов пен Айбек Әлмырзаев иеленді. Жарысқа қатысқан 7 шәкірт ынталандыру сыйлықтарына ие болса, өзге қатысушылар Алғыс хатпен марапатталды.
Гүлнұр РЕЙМБЕРГЕН.