Қармақшылық азамат омарташылықтан мол табыс тауып отыр

Қармақшы ауданы ІІІ Интернационал ауылында тұратын Булут Исмаилов омарташылық кәсіпті меңгеріп, одан мол пайдаға кенеліп отыр. Ол сирек кездесетін кәсіп түрін дамытып, жергілікті халыққа сапалы өнім ұсынуға көңіл бөліп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол кісі омарташылық кәсіпті бала кезден армандаған. Дегенмен, беріге дейін оған назар аударуға ешбір мүмкіндігі болған жоқ. Шаруашылықта түрлі кәсіпті атқарды. Дәнекерлеуші болып еңбек етті. Соған қарамастан омарташылықпен айналысуға бүйрегі бұрып тұратын еді. Осылайша бірер жыл бұрын ол кісі омарташылыққа түбегейлі бет бұрды.

«Ойлаған мақсатымды жүзеге асыру үшін отбасыммен ақылдастым. Содан кейін алға қойған жоспарымды жүзеге асыра бастадым. Рас, алғашқыда істің нәтижесі қалай жүрер екен деген ойдың да болғанын жасыра алмаймын. Десе де, ойлағанымды жүзеге асыруға ниет таныттым», - деді Б.Исмаилов.

Соның нәтижесінде ол «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы қаржылай қолдауға қол жеткізді. Сырдария ауданының орталығы - Тереңөзек кентіндегі омарташылармен байланысқа шықты. Олардан араның бірнеше ұясын сатып алды. Олардың қатарын көбейтуге тырысты. Бүгінде тіршілігі түзу, тұтынушылар қатары артып келеді. Өзі өндірген бал өнімдерін Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен Жалағаш ауданынан алып кететіндер бар.

Омарташы ауылдағы «Достық жер МК» серіктестігінің №3 бригадасындағы жоңышқа алқабына орналастырған. Ол елді мекеннен 15 шақырымдай қашықтықта орын тепкен. Айнала түрлі өсімдіктерге толы. Бұл бал арасын өсіруге өте қолайлы аймақ саналады.

«Менен ақыл-кеңес сұрайтындар бар. Білгенімді үйретуге тырысамын. Бұл кәсіп жалықпай еңбек еткенді қалайды. Көктемде қар еріп, күн жылынады. Омартаны қыстақтан шығарып, алаңға орнатады. Содан соң ара өсіруші омартаның ара ұшып шығатын есігін ашады. Осы сәтте гуілдеп ұшқан аралар көрінеді. Олар омарта маңында ұшып жүріп, оның сыртқы пішінін, сол ортадағы заттардың орналасу жағдайын жадына сақтап қалуға тырысады.

Жаз айындағы ара жұмысының сипаты - тыным таппай гүл тозаңын жинау. Оған негізгі себепші сол жердегі бал көп беретін өсімдіктердің уақытында гүлдеп, балды көп беру», - деді ол.

Сыр өңірі - ара өсіруге қолайлы аймақ. Мұнда олардың бал жинауына қажетті түрлі өсімдіктер бар. Сондықтан соңғы жылдарда ара өсіруге ниет танытып жүрген азаматтардың қатары көбейіп келеді.

Әділжан Үмбет

 

ҚОҒАМ 13 маусым 2018 г. 1 044 0