Егемен еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін оқытудың түрлі тәсілдерін қолдана отырып, білімді де ізденімпаз, барлық іс-әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу ісіне зор мән берілуде. Елбасы Н.Назарбаев "Қазақстан-2050 Стратегиясы” мен халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы талап негізінде жұмыс жасап отырған облысымызға танымал білім ордаларының бірі – Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжі. Бұл оқу орны 2001 жылдан бері кәсіби мамандар дайындап келеді.
2012-2013 оқу жылында облыстық бақылау департаментінен барлық мамандықтарын аттестаттаудан өткізген колледжде «Құқықтану және педагогика», «Гуманитарлық және экономикалық», «Политехникалық» үш бөлім бойынша күндізгі және сырттай оқу түрінде 33 мамандықта мамандар даярлануда. Білім теория жүзінде ғана емес, тәжірибе жүзінде берілгенде ғана сапалы болмақ. Оннан астам компьютерлік дәрісханалар, 6 мультимедиалық кабинет, 6 локальді жүйесі бар дәрісхана, 14 интербелсенді тақта, 3 лингафон кабинеті және колледж вебсайты шәкірттердің толыққанды білім алуына мүмкіндік береді. Былтыр «Тасымалды ұйымдастыру және көліктегі қозғалысты басқару», «Техникалық механика», «Мұнай-газ және жанар май құю станцияларын салу және пайдалану» кабинеттері мен «Электротехника және электроника» зертханасы пайдалануға берілсе, тігін цехы, электротехника және электроаппараттар зертханасы, слесарьлық шеберханада мамандықтар бойынша тәжірибелік сабақтар өткізіліп қана қоймай, оларда оқушылардың өздері дайындаған өнімдер шығарылады. Оқушылардың бос уақытын бақылау, қызығушылығын ояту, белгілеп алған міндеттер мен жоспарларды орындау мақсатында «Жас эколог», «Жас техник», «1:С Бухгалтерия», «Асыл сөз», «Ақ киіз» үйірмелері жұмыс жасайды. «Асыл сөз» үйірмесінің мүшелері облыс көлемінде өткізілген мүшәйралардан жүлделі орындарға ие болса, биыл ғана ашылған «Ақ киіз» этнопедагогикалық үйірмесі оқытушылар мен оқушылардың қолынан шыққан ұлттық киімдер мен бұйымдардың әсем үлгісін жасап, аз уақыт ішінде облыс жұртшылығының көзайымына айналып үлгірді.
Оқу орнындағы 90 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана, 160 орындық оқу залы, 180 орындық асхана, 2 жаттығу және би залы мен спорт зал, баспахана, қос медициналық пункт, емдеу кабинеттері және басқалар оқушылар мен оқытушылардың игілігі үшін қызмет көрсетеді. Соңғы оқу жылында оқушыларға арналып 240 орындық жатақхана пайдалануға беріліпті. Оқытушылар мен оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында колледжде «Білім және инновация» оқу-әдістемелік журналы мен «Өз елім» мерзімді басылымы жарық көріп тұрады.
Техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындары арасындағы «Шеберлік шыңы» облыстық байқауында оқытушы Мөлдір Меңдібаева, «Үздік экономика пәні оқытушысы – 2013» байқауында Айгүл Тобашова, «Үздік құқықтану пәні оқытушысы» сайысында Мұрат Кемелбеков, «Үздік информатика пәні оқытушысы» сайысында Әйгерім Елеуова бірінші орын иеленіп, колледж намысын абыроймен қорғай білді. Оқушылардың да нәтижелері көңіл қуантарлықтай. Атап айтқанда, облыстық ғылыми жұмыстар сайысында Назерке Әлиева, облыстық Мағжан оқуларынан Ақгүл Ғалымжанова, Құқықтану және экономика пәндері олимпиадаларында Нұрғаным Балтабай мен Гүлназ Әбдіраманова, «Өнертапқыш-2013» шығармашылық көрмесінде Рүстем Әбдіразақов пен Жасқыран Бисенов, «Үздік электрик» байқауында Бекмұрзаев Әбдірасул, «Жаңашыл идея – тәжірибе көрінісі» ғылыми жобасында Даирова Даяна мен Ақгүл Ғалымжанова жүлделі орындардан көрінді. Ал Астана қаласында өткен республикалық техникалық шығармашылық көрмеден студенттер Илюк Юра мен Сергей Коновалов олжалы оралды.
Азия ойындарының күміс жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері боксшы Рүстем Сыбай, бокстан еліміздің 3 дүркін чемпионы, спорт шебері Сабыржан Әбілов, каратэден халықаралық жарыстардың жүлдегері Мұрат Ертаев, грек-рим күресінен спорт шебері Сайфуллин Ерсайын, Әлиев Еркебұландар колледж ғана емес, облыс мақтаныштары.
Колледж өндіріс саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында дуалды жүйемен оқытуды ұйымдастырып, кәсіпорындармен келісім-шартқа отырған. Жыл сайын колледж қабырғасынан қанат қаққан жүздеген түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, мемлекетіміздің нығаюына өз үлестерін қосуда. Білім ордасы алдағы уақытта да жаңа ғасыр мамандарын даярлаудың тиімді жүйесін жасауды өз қызметінің негізгі мақсаты санайды.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.