БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Көктем жетісімен диқан қауым қарбалас тіршілігін бастап та кетті. Биыл Қазалы ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарын 17 580 га жерге орналастыру межеленген. Нақты кезеңде егіс жұмыстары пәрмен алуда. Әсіресе, «Рза-Агро» ЖШС қарқыны мақтауға лайықты. Олар 500 га жерге арпаны толықтай егіп үлгерді. Сондай-ақ, жоңышқа себуде өзгелерге үлгі болуда. Қашанда игіліктің көшін бастап жүретін «рзалықтардың» аяқ алыстары бөтен емес. Ал, бидай егуде «Жалаңтөс» серіктестігінің шоқтығы биік. 
Егін шаруашылығы аудан экономикасының негізі саналады. Оған қоса, елімізде азық-түлік тауарларына сұраныстың өскені баршаға мәлім. Сондықтан жоғары өнім алу, тұқым сапасын жақсарту, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр. Ағымдағы жылы Қазалыда 7200 гектар күріш егіледі деп күтілуде. Оған қоса, жаздық бидай, тары, күнбағыс, картоп, бақша дақылдары бар. Шаруашылық құрылымдарында егісті орналастыру сызбасы дайындалды. Гербицид, тұқым, техника, жанар-жағармайға тапсырыс берілді. Жөндеуді қажет ететін су тоспалары, тазартылуға тиіс каналдардың жұмыс көлемі нақтыланды. Мұның өзі ұқыптылықтың нышаны екені даусыз. Өткен күзде 6100 гектар жерге сүдігер айдалды. 
«Не ексең соны орасың». Қазалы диқандары бұл қағиданы бұлжытпай орындайды. «Маржан», «Янтарь», «Новатор» сорттарынан 1255 тонна күріш тұқымы әзір тұр. Жетіспейтін қалған тұқымға қаржы аударылды. Тұқым үлгісі «ҚазАгрЭкс» сараптау  зертханасынан өткізілуде. Тазарту шаралары жалғасын табуда. Шаруашылық құрылымдарына жоғары репродукциялы тұқым себу міндеттелген. «Рза-Агро» ЖШС тұқым шаруашылығы болып құрылуы жыл жаңалығы десек, жарасымды. Керекті тыңайтқыштың басым бөлігі қолға тиді. Көктемгі егіске пайдаланылатын техникалардың көпшілігі жөндеуден өткізілді. Жаңадан бірқатар құралдар алуға сұраныс берілді. 
Егіс егу, күзгі жиынға қажетті қаражат «Қазалы кредиттік несие серіктестігі» арқылы ұйымдастырылуда. Серіктестіктің жарғылық қоры ұлғая түсуде. Қазіргі кезеңде 32,5 млн. теңге несие алынды. Күріш өндіретін шаруашылықтардың қордаланған (салық, еңбекақы, т.б.) қарызы жоқ. Дала жұмыстарына Үкімет тарапынан жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінген еді. Жанармай жеткізуші оператор ретінде «Рза» АҚ бекітілген. 
Жұмабек Табынбаев.
Қазалы ауданы.

ҚОҒАМ 05 сәуір 2014 г. 1 317 0