ЖАРҚЫН ЖОБАЛАРДЫҢ ЖЕМІСІ

Елбасымыз биылғы Жолдауында Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуын басты мақсат етіп қойды. Егеменді еліміздің экономикасы артып, саяси тұрақтылықтың салтанат құруына ауыл-аймақтың қосар үлесі да қомақты. Осыған орай Жалағаш ауданында өткен жылы алынған асулары мен биылғы жылы шығар белестерін сарапқа салуды жөн көрдік. Өйткені, Елбасы Жолдауы жарқын жобаларға бастандырмақ.
Өткен жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық салаларында даму көрсеткіштері бойынша көш ілгерілеушілік байқалады. Нақтырақ айтар болсақ, негізгі қорға тартылған инвестицияның бағалар көлемі өткен жылы 9467 млн. теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 7685,8 млн. теңгенің өнімдері өндірілген.
– Өткен жылдан аймақ басшысының бастамасымен Жалағаш элеваторының шаңырағын қайта тіктеп, күріш кластерін дамыту бағытында ауқымды істер атқарылуда. Бұл мақсатта «Байқоңыр Агро-Холдинг» ЖШС қалдықсыз өнім өндіріп, жоғары құны бар бәсекеге қабілетті өнім түрлерін шығару, күріш кластерін дамыту бағытында кешенді жұмыстар атқармақ.
Аудан аумағында «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ата кәсібіміз – мал шаруашылығын өркендетуге де бетбұрыс жасалуда. Атап айтар болсақ, осы бағдарлама негізінде кәсіпкерлер 166 млн. 960 мың теңге көлемінде несие алып, шаруа қожалықтарының мал басы 823 бас мүйізді ірі қараға көбейтілген. Биылғы жылы Бұқарбай батыр, Ақсу, Аққыр ауылдарында мал бордақылау алаңдары салынып, пайдалануға берілмек.
Елбасымыз Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша назар аударып отырғаны баршаға мәлім. Үкімет кәсіпкерлерге төмен пайызбен несие беріп, жоғары сұранысқа сай өнім шығарғандарға несиенің пайыздық мөлшерін субсидиялауға мүмкіндік жасап отыр. Ал, жергілікті атқарушы билік олардың жерін заңдастырып, инфрақұрылымға қатысты мәселелерін жедел шешіп беруде. Содан да бүгінде ауданда 1415 кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, олар 6411 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырар болсақ, тіркелген кәсіпкерлер саны 193-ке өсіп, жұмысқа тартылған адамдар саны 199-ға көбейген. Жыл ішінде кәсіпкерлерге 518 млн. 970 мың теңге несие беріліпті.
Айта кету керек, аудан аумағында кәсіпкерлердің халыққа қызмет көрсету орындары жарыса ашылуда. Сондай-ақ, ауданда «Серпін» өндірістік аймағы құрылып, мұнда мал сою цехы мен бордақылау алаңдары орналастырылған. Мұндағы жылыжай кешені құрылысының да бірінші кезеңі аяқталған. Алдағы уақытта мұнда көкөніс консервілеу, салқындатылған сусындар шығару, құрама жем дайындау, керамикалық қыш өндіру, бақша өнімдерін сақтайтын қойма салу жобаларын да жүзеге асыру жоспарға енгізіліп отыр. Сондай-ақ, облыс әкімінің тікелей қолдауымен әлеуметтік әріптестік негізінде қабылданған «Ақниет» бағдарламасы бойынша аудандағы 34 азаматтың жобасы мақұлданып, 15 млн. 235 мың теңге грант иегерлері болып, жұмыстарын бастандырып та жіберген.
Аймақтағы ірі инвестициялық жобаның бірі – «Қызыл мия» зауыты республикалық санаттағы инвестициялық жобаға енгізіліп, 10 гектар жерге орналасқан. Бүгінгі күнге мия өсімдігін өсіріп, мия тамырын өңдейтін зауыттың жатақхана, асхана, сараптау орталығы құрылыстары мен электр және сумен қамтамасыз ету жүйесі құрылыстары аяқталып, нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Жергілікті атқарушы биліктің айтуынша, зауыт құрылысы сәуір айында аяқталып, іске қосылмақ. Мұнда қызыл мияның шырыны сығылып алынады. Ол тамақ өнеркәсібі, косметика мен медицина саласында кеңінен пайдаланылмақ. Зауыттың барлық өнімдері экспорттық әлеуетке лайық болады. Келешек қалдықсыз өнім өндіріп, Қытай, Ресей, Жапония секілді алпауыт елдермен әріптестік бағытта жұмыс жасайтын болмақ. Егер зауыт жоспарлы уақытында пайдалануға берілсе, 150-ден астам адам тұрақты жұмыспен, ал 500 адам маусымдық жұмыстармен қамтамасыз етіледі деген болжам бар.
Аудан аумағында мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, бірінші кезекте елді мекендердің әлеуетін көтеру бағытында да оң өзгерістер баршылық. Кент және елді мекендердің көшелерін абаттандыруға, ауыз су жүйелерін жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар салу мен күрделі жөндеулерден өткізуге қомақты қаржы қаралып келеді. Бір ғана дерек. Өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша жергілікті бюджеттен 263727 мың теңге қаржы қаралып, Мәдениет, М.Шәменов, Таң, Аламесек ауылдары мен Жалағаш кенті көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілген. 
Ауданда халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе болып отыр. Бір құптарлығы, «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы жаңадан 2 су құбыры іске қосылып, Жалағаш кентіндегі ауыз суға байланысты өзекті мәселе өз шешімін тапқан. Кенттегі тұрғын үйлерге толықтай ауыз су желілері тартылып, тәулігіне 7 сағат бойы қамтамасыз етуге қол жеткізілген. Айтқандай, қалған 56 үйге биылғы жылы демеушілер қолдауымен ауыз су желілері тартылып берілмек. 
Кент тұрғындарын ғана емес, елді мекен тұрғындарын да сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында игілікті істер атқарылуда. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1 млрд. 252 млн. теңге қаржы қаралып, Жаңаталап, Таң, Еңбек, Бұқарбай батыр ауылдарының ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстары да жүргізілген. Ал, биылғы жылы республикалық бюджеттен 166 млн. теңге қаржы қаралып, Ақсу, М.Шәменов, Қаракеткен ауылдарының ауыз су жүйесі жаңартылса, 2015-2016 жылдары Аққыр, Мақпалкөл, Жаңадария, Мырзабай ахун ауылдарының да ауыз су жүйелері жаңғыртылып, аудан аумағында толықтай аяқталатын болады.
Аудан аумағында автокөлік жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша өткен жылы 109314 мың теңге қаржы бөлініп, «Самара-Шымкент-Мәдениет-Мақпалкөл-Жаңаталап-Аққыр» автокөлік жолдарына орташа жөндеу, ал М.Шәменов, Таң, Жаңақоныс елдерінің кіреберіс автокөлік жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бір құптарлығы, Жалағаш кенті көшелерін жөндеу, аялдамалар салу, жаяу жүргіншілер жолын салу бағытында да жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Аудандағы білім мен медицина саласында да соны серпілістер байқалады. Өткен жылы  Жалағаш кентінде 90 орындық типтік жобадағы «Жасұлан» балабақшасы пайдалануға берілсе, биылғы жылы ауданның білім беру саласындағы ең өзекті мәселе – №123 орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілмек. Ал, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен жылы бір фельдшерлік-акушерлік бекеті, 4 медициналық пункт ғимараттары жаңадан салынса, ағымдағы жылы құны 1,5 млрд. теңге тұратын 250 қаралушыға арналған жаңа типтік жобадағы емхана ғимараты іске қосылмақ.
Аудан тұрғындарын тұрғын үйлермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да жоспарлы жүргізілуде. Нақтылай айтар болсақ, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы негізінде өткен жылы 136 тұрғынға үй салу үшін қажетті жер телімдері берілсе, арендалық мақсатта жалпы алаңы 64,07 шаршы метр болатын 2 тұрғын үй салынған. Ал, биылғы жылы жергілікті бюджеттен 73 млн. теңге қаржы бөлініп, 2 пәтерлі 4 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жеке тұрғындарға үй салуға 1540 шаршы метр жер телімдері берілмек.
Жалағаш кентіндегі жалпы құны 797415 мың теңге тұратын «Дәуімбай» аймағындағы 60 гектар жерді инженерлі-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы республикалық бюджеттен 200 млн. теңге қаржы қаралса, биылғы жылы 350 млн. теңге қаржы бөлінген. Осы жоба негізінде кезекте тұрған 300 тұрғынға 2015 жылға дейін толықтай жер телімдері берілмек.
Ауыл шаруашылығымен айналысатын аудан еңбеккерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Демек, Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруда жалағаштықтар да жұдырықтай жұмылып, атсалыса беретін болады.
Еркін ӘБІЛ.
Жалағаш ауданы.

ҚОҒАМ 05 сәуір 2014 г. 963 0