бұл бағытта ауқымды істер күтіп тұр
"Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуы тиіс. Тиісті заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн. Жалпы, дәстүрлі салаларға қатысты біздің оларды дамыту жөніндегі бөлек жоспарларымыз болуы керек”
(Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауынан)
Геологиялық барлау жасайтын ықтимал инвесторларды біздің облыста не күтіп тұр? Бұл жөнінде "Оңтүстікқазжерқойнауы” өңіраралық департаменті мемлекеттік мекемесінің Қызылорда аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының басшысы Шахизат Қалбергеновпен әңгіме құрған едік.
– Шахизат Балтабайұлы, елімізде жаңа геологиялық барлау орталығын құруға арналған тұсаукесер рәсімінде Rio Tinto концернінің (тау-кен саласын игеру бойынша әлемде үшінші орынға ие австралиялық-британдық концерн) Қазақстандағы өкілдігі директоры Крис Велтон мырза мынадай қызықты деректер келтірген еді. Ол бүгінгі күнге дейін ел аумағының бес пайызға ғана жуығында геологиялық барлау жасалған деді. Сонымен қатар, мынадай салыстыруды келтіріп өтті. MEG ақпараттық-талдау орталығының келтірген деректері бойынша 2012 жылы Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарының алғашқы кезеңіне 34 млн. доллар жұмсалған. Ал Чилиде (экономикалық құрылымы Қазақстанға ұқсас ел) жұмсалғаны – 354 млн. доллар. Сіздіңше келтірілген деректер біздің облыстағы геологиялық барлау жұмыстарының жағдайына сәйкес келе ме?
– Біздің облыстың картасына қараңызшы. Ондағы ашылған кен орындары көрсетілген белгілерді санап шығып-ақ шын мәнінде олардың алып жатқан аумағы облыс аумағының бес пайызына да жетпейтінін көресіз. Бұл облыстың басқа аумағында пайдалы қазбалар жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше әлі іздестірілмеген. Чилимен салыстыру жайына келетін болсақ, мынаны айтар едім. Қазақстан алып жатқан территорияны ескере отырып, Чилиде жұмсалған қаржы көлемінен кемінде үш есе артық жұмсалуы керек. Яғни кемінде 1 млрд. доллар жұмсалуы керек еді. Бұл есепке сәйкестендірсек, біздің облыста жұмсалуы тиіс қаржы көлемі MEG келтірген қаржы көлемінен екі есе артық болуы тиіс.
Қызылорда облысындағы маңызды пайдалы қазбаларға – көмірсутек шикізаты, түсті металдар (қорғасын және цинк), уран, ванадий, ас тұзы және жерасты суы. Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес алғашқы қолға алынатын ауқымды жұмыстардың бағыты дәстүрлі өндіруші секторлардың тиімділігін арттыру, көмірқышқыл шикізатын шығару мен өңдеуге жаңа әдістерді қолдану, сирек кездесетін металдардың электроника, лазерлік техникалар, коммуникациялық және медициналық қондырғылар жасау саласындағы маңызын ескере отырып, оларды өңдеуді арттыру болуы қажет. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына ену жөніндегі жоспардың мазмұнын нақты іс-әрекеттермен көрсетті. Бұл мақсатқа жетудің маңызды шарттарының бірі еліміздің минералдық шикізат базасын нығайтуда алға басуды нақты істермен қамтамасыз ету. Ол геологиялық барлау саласының ғылыми зерттеулеріне және барлау жұмыстарының нәтижесіне негізделуі керек. Еліміздің минералды-шикізат базасын нығайту үшін Үкіметке геология саласын дамытуды жеделдету тапсырылды.
Геологиялық барлау саласы біздің өңірде жиырма жылдай тек көмірқышқыл және уран кенiштерiн пайдалушылардың келісім-шартпен пайдаланып жатқан территорияларында жүргізіліп келді. Тек соңғы жылдары ғана аймақта жер қойнауын пайдалануды дамыту, соның ішінде геологиялық барлауды жүргізуді арттыруға күш салынуда. 2013 жылы Премьер-министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов пен Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаевтың қатысуымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін шетелдік инвестициялар тарту мәселелері бойынша "Байқоңыр” инвестициялық форумы болып өтті. Осы бірінші форум қорытындысында Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті мен Қызылорда облысы әкімдігі арасында облыстың индустриялық секторын дамыту бойынша әріптестік және ынтымақтастық Меморандумы жасалды. Бұл құжатта байқасаңыз, Елбасы Жолдауынан жарты жыл бұрын ондағы тапсырмалар бойынша тараптардың облыстың минералды шикізат базасын тиімді дамыту мақсатында аймақта сапалы геологиялық барлау жүргізу үшін инвестиция тарту және бюджеттен қаржы бөлу қажеттілігі айтылған. Сол секілді, бұл бағытта жасалатын нақты қадамдар жөнінде де келісімге келген. Мәселен, Қызылорда облысында 1997-2012 жылы жасалған барлау материалдарын көтеріп, 1:200000 масштабта облыстың минералдық-техникалық базасының жағдайына сараптамалық шолу жасау және ондағы пайдалы қазбаларының перспективалы түрлері мен нысандарын көрсету айтылған. Сол секілді, облыстың минералдық-техникалық базасын дамыту бойынша ұсыныстар енгізу және онда алдағы уақытта геологиялық зерттеулер жүргізетін және игерілетін пайдалы қазбалар кеніштерін (мұнай-газ, алтын, полиметал, түсті және сирек кездесетін металдар кеніштері және кең таралған кен түрлері мен жерасты сулары) көрсету жөнінде келісім жасалды.
Қабылданған меморандум бойынша нақты ұсыныстар дайындалу үстінде. Атап айтқанда, облыстың минералдық-техникалық базасын кенейту бойынша жоба түрінде ұсыныстар енгізіліп, оларды қаржыландыру көлемі, орындалу уақыты көрсетілді. Сонымен қатар, облыс әкімінің іс-қимыл жоспарында іздестіру жұмыстары бойынша жобаларды жүзеге асыруға дайындық жұмыстары белгіленген. Олар Қарамұрын-Мыңбұлақ кендік алқабы мен (цинк, қорғасын, алтын) Ақжар алаңына (мыс, алтын) қатысты. Сонымен бірге, ҚР-ның минералдық шикізат кешенін дамыту бойынша 2015-2019 жылдарға арналып дайындалып жатқан бағдарламасына титан мен темір бойынша қосымша учаскелерді барлау мәселелерін енгізу қарастырылуда. Өткен жылдан бастап "Аймақтық геологиялық-түсіру, іздестіру-бағалау, және іздестіру-барлау жұмыстары” бюджеттік бағдарламасы бойынша Шиелі ауданындағы Құсмұрын кендік алқабында жұмыстар жүргізілуде. "Іздестіру-түсіру экспедициясы” Геологиялық кәсіпорындар ассоциациясы” ЖШС ашылған тау жыныстары, олардың төменгі қабаттары мен түрлі тереңдіктер бойынша пайдалы қазбаларды табу перспективасы картасын жасау бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылы да жалғасын табады.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, "Қазгеология” ҰГК” АҚ Ақжар кен алқабында алтын, мыс іздестіру” жобалық-сметалық құжаттама дайындап, оның L-42-122-Б, L-42-123-А парақтары мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде сараптамадан өтті.
– Сіз пайдалы қазбалар кеніштері белгіленген облыс картасын көрсеттіңіз. Онда көмірсутек шикізаты азғантай учаскеде ғана (облыс аумағымен салыстырғанда) алынып жатыр. Сонда өңірдің басқа аумақтарынан мұнай мен газды іздестіру геологиялық перспективасы жоқ іс пе?
– Жоқ, керісінше. Облыс аумағында мұнай мен газдың, түсті және бағалы металдардың, уран және басқа да пайдалы қазбалардың жаңа орындарын табуға мүмкіншілігі мол. Мәселен, Арал бассейнінде болжам бойынша геологиялық қор – 3,2 млрд. тонна, алынатын шартты отын – 1 млрд. тонна. Сол секілді Оңтүстік Торғай бассейнінде сәйкесінше 3,2 млрд. тонна және 660 млн. тонна, Шу-Сарысу бассейнінде – 3,2 млрд. тонна және 800 млн. тонна, Сырдария бассейнінде 3,7 млрд. тонна және 925 млн. тонна көлемінде.
Әлемде экономикалық дағдарысқа қарамастан, шикізат ресурсына деген сұраныс өсе түсуде. Мамандар болжамы бойынша 2050 жылға қарай әлемде минералдық шикізаттың қолданысы 25-тен 50 пайызға дейін өседі. Міне, соған орай, біздің мақсатымыз ресурстық базамызды арттыру болып отыр. Біз оны орындай аламыз деп сенеміз. Өйткені Президентіміз атап өткен геологиялық барлау саласын дамытуға барлық мүмкіндіктер бар.
Әңгімелескен ЫДЫРЫС ТӘЖІҰЛЫ.